Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Ізгілендіру – игі істердің бастауы

Ізгілендіру – игі істердің бастауы

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жалпы алғанда, бұл заң жобасы әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі ізгілендіруге, әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша жекелеген іс жүргізу институттарын жетілдіруге, сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің рәсімдік және процестік нормаларын жүйеге келтіруге бағытталған. Талқылау барысында мәжілісмендер құқық бұзушылықтардың бірқатар түрлері бойынша айыппұл мөлшерлерін азайтуға, салық қатынастары саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған күннен бастап екі ай өткен соң әкімшілік жауаптылыққа тарту, әкімшілік қамаққа алу мерзімдері, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау орнына жеткізу мәселелеріне қатысы бар ұсыныстар, сондай-ақ, бизнеске әкімшілік қысымды азайтуды қозғайтын түзетулер енгізді.
Шарада депутаттар қолданыстағы кодекс бойынша айтарлықтай зиян келтірілмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін нормаға қатысты баптың жоқтығына да назар аударды. Осы ретте әріптестерін қолдаған Палата Төрағасы Н. Нығматулин жеке кәсіпкер 100 теңге көлемінде лицензиялық алым төлемегені үшін 318 мың теңгеге айыппұл салынғанын мысалға келтірді. Сонымен бірге, Мәжіліс депутаттары арасында бірнеше рет жасалған тұтынушылар алдау, құжатсыз тауарларды сату сияқты құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдарды төмендетуге байланысты мәселелер бойынша да пікірталастар болды.
Мәжіліс Төрағасы осы көтерілген мәселенің маңыздылығын ескере отырып, заң жобасын екінші оқылымға дайындаған кезде пысықтау қажеттілігін және жаза құқық бұзушылыққа сәйкес болуы тиіс екенін атап өтті. «Ізгілендіру – жақсы іс, бірақ біздің азаматтар есебінен емес», – деді Н. Нығматулин. Түзетулерге сәйкес, әкімшілік айыппұлдың мөлшерін орташа алғанда 30%-ға дейін қысқарту, сонымен қатар, әкімшілік жаза түрін ескерту ретінде кеңейту қажеттілігі ұсынылды.
Сонымен қоса, жалпы отырыста Қазақстан мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы арасындағы штаб-пәтер туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қабылданды. Одан бөлек, екінші оқылымда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңының жобасын мақұлданды.
Кешегі жалпы отырыста Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алып, бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі. Ол Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар И. Аронова, Т. Сыздықов, З. Аманжолова, К. Абсатиров, И. Смирнова, А. Бектұрғанов, Ж. Ахметбеков, В. Косарев, А. Платонов, А. Жамалов, М. Махамбетов, А. Перуашев және Ж. Омарбекова.

Сондай-ақ, оқыңыз

Дін саясатының бағыты айқын

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған