Басқы бет / «Сақшы» газеті / Маңызды сұхбат / Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов: Жергілікті полицейлердің пікірлері ескерілуі керек

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов: Жергілікті полицейлердің пікірлері ескерілуі керек

Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде елімізде көп өзгеріс болғаны анық. Әлбетте толыққанды ұлт болу үшін сыртқы дүниеге ашық, сонымен бірге, қоғамдағы азаматтар, жекелеген топтар мен партиялардың болсын, ой-ниеті бір жерден шығып, бір мақсат төңірегінде топтасса, мемлекет дамуы алға ілгерілей бермек. Ұрпақтың келешегі үшін жасалып жатқан қарекеттер қандай, латын қарпіне көшудегі мұратымыз не, ел экономикасының іргелі мәселелерін шешуде Парламент қабырғасында қандай мәселелер көтерілуде, осы бағытта Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинмен сұхбаттасқан едік.

– Берік Сәлімжанұлы, сіз оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту туралы мәселе көтеріп келесіз, бүгінгі таңда мәселе қаншалықты шешілді?
– Дене тәрбиесін, спорт секцияларын жүргізетін мұғалімдер мен жаттықтырушыларға үстеме ақы қосу туралы айтып едік. Бәрінен де ұлттың денсаулығы өте маңызды. Осыдан үш жыл бұрын Аян деген азамат Ақтөбе облысы бойынша жастардың денсаулығын нығайту туралы жоба бастап, бірақ бір себеппен ол жүзеге аспай қалған болатын, бүгінгі таңда ол жоба Чешенстанда өріс алыпты. Чешен халқын білесіздер, спортқа зор мән береді, қарулы, рухы биік ер азаматтарды тәрбиелеуге көңіл бөледі. Жігіттеріміздің тепсе темір үзетіндей мықты болуына біз де көңіл бөлуіміз керек.
Қазір бізде дәстүрлі емес жыныстық қатынасқа баратындар немесе басқа бағытта жүрген жастар көбейген, керісінше денесі келіскен, мығым азаматтар қатары сиреп барады, жырма бестегі жас жігіттердің көбінің дене бітімі нәзік. Мұның барлығы спортқа жеткілікті көңіл бөлмеуден. Екінші бір себебі – спорттың, жаттықтырудың қарапайым жұрт үшін қол жетімсіздігінен. Реті келгенде айта кетейін, біздің «Ақжол» партиясының азаматтары қосылып, яғни депутаттар бірігіп, Өскемендегі ешқандай әкім аяқ баспаған өзімнің туған ауылыма футбол стадионын, жаттығу құралдарымен, жасанды алаңымен салып бердік, сол кезде ауыл жастарының қуанғанын көрсеңіз. Біздің ісімізді қолдап тағы бір азаматтар ауылға мешіт салып берді. Телефонға телміріп отыратын, далаға шықпайтын жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, денешынықтыру тәрбиесі жеткілікті жүруіне бәріміз мүдделіміз.
– Өскемен қаласында Ішкі істер департаментінің тергеушісі болған екенсіз, осы салаға қатысты қандай мәселе мазалайды?
– Иә, жедел уәкіл қызметінде болдым. Менің түсінгенім – осы салаға қатысты заң жобасы қарастырылғанда, болмаса үлкен бір құқық қорғау органдарына байланысты шешім қабылданғанда жергілікті жерде жұмыс істеп жүрген тергеушілердің, жедел уәкіл қызметкерлері немесе учаскелік инспекторлардың ой-пікірі негізге алынуы керек.
Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қарастырылып жатыр, бірінші оқылым кеше өтті. Осыған байланысты біздің Заңнама және сот құқықтық реформалар комитеті Шығыс Қазақстан облысында болып, аудан-аудандарды аралап, жергілікті жерде жұмыс жасап жатқан құқық қорғау органдары адамдарымен сұхбаттасып, солардың ойын көптеп негізге алдық. Осыны дұрыс деп санаймын. Себебі, олар халықпен араласады, сонымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық деген кодекс күнделікті өмірде жиі қолданылады, малдың жайылатын жері, егін, ауылдағы айыппұл, көліктің радарға түскен айыппұлы бар, мұның бәрін осы заң реттейді. Сондықтан жергілікті құқық қорғау орындарының ұсыныс-пікірін негізге алу керек.
– Сізді білім саласының проблемалары толғандыратынын білеміз. «Көршілес мемлекеттер тарихта ата-бабалары істемеген ерліктерді ойдан құрастырып көрсетіп жатқанда, біздің бұл қылығымыз кісі күлерлік нәрсе. Сондықтан «Қазақстан тарихын» қысқартатын ешқандай себеп жоқ» дегеніңіз есте.
– Бұл сауалға мұрындық болған Қазақстан тарихшылар одағы. Қазақстан тарихын жоғары білім орындарында тек 1991 жылдан бастап оқыту керек деген ұсыныстан туындаған мәселе ғой. Негізінде біздің Қазақстан тарихында ұлт ретінде біз ұялатын ештеңе жоқ. Бүгінгі таңдағы Елбасының рухани жаңғыру туралы үлкен науқан, тапсырмасы бар, шынына келгенде рухани жаңғыру дегеннің өзі біздің тарихымыздан басталады. Меніңше, Қазақстан тарихында қысқартатын ештеңе жоқ. Керісінше біз батыр бабаларымыздың жүріп өткен ізін, ерлігін паш етуіміз керек. Азамат ретінде және депутат ретінде осы құндылықтар жолында қызмет етуге, насихаттап, келешекке жеткізуге үлес қосуға дайынмын.
– Латын әліпбиіне ауысуда жастардың пікірі ескерілуі керек деген пікірдесіз. Сіздің ойыңызша қоғам бұған дайын ба?
– Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар. Бұл латын әліпбиіне көшу мәселесін талқыламай жатқан, талдамай жатқан адам жоқ, әлеуметтік желілерде де сан алуан пікір бар. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегенді айтқан да қазақ. Талдап, дау-дамайға айналдыра бермей, осының шетінен бастап кіріссек, нәтиже болады.
Мысалы, өзіңіз үй салмақшы болдыңыз делік, жан-жақтан ақыл қосып, «төбесін былай жабу керек, қабырғасын былай қалау керек» деген сияқты ақыл қосушылар көбейеді. Бұл да солай, мұның барлығы ертең жүре бітетін, өзінің ыңғайын табатын шаруалар. Латын әліпбиіне көшуіміз керек, біздің басшылардың осындай шешімге келіп, нақты қадамдар жасап, бізге латын әліпбиінің жобаларын ұсынуын қуаныш деп санаймын. Бірақ, мұны қолданатын жастар болғандықтан, солардың ойын да ескеруіміз керек.
– 2017-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту конфессиясында шошқаның субсидиясын 19 есеге, тауықтікін 1,5 есеге көтергені туралы, ал жылқы мен сиырды керісінше 1,5 есеге кеміткені туралы ашына пікір білдірдіңіз. Бұл біздің ауыл шаруашылығын дамытамыз деген көпсалалы жоспарымызға кереғар емес пе?
– Біздің бәріміз ауылдан шыққанбыз. Бүгінгі біздің мемлекетте кедейдің күйін, жарлының күнін кешіп отырған сол ауылдағы азаматтар. Қолындағы бар малын өз күшімен бағып, өсіріп отыр, Үкіметтен қандай көмек аларын да білмейді.
Мен үлкен ірі шаруашылықтар туралы айтып отырғаным жоқ, үлкен шаруашылықтардың жағдайлары жақсы, оны өздеріңіз де білесіздер. Әрбір қаланың маңайында мақтанатын шаруашылықтар бар, Астананың маңайында Зенченко, Өскеменде Акуов деген сияқты шаруашылықтар жетерлік. Менің айтып отырғаным – 5-6 жылқысы, елу сиыры, 30 қойы бар шаруалар. Біздің мақсатымыз – субсидияны соларға да жеткізу, соларға да көмек беру. Оның үстіне кооперацияға біріктіру туралы сөз болып жатыр, оған да біз белсене атсалысудамыз, өйткені кооперацияның мақсаты – ұсақ-түйек малы бар ауыл азаматтарын біріктіріп, қолдарына сүт сауатын болса, сүт таситын көлік беру, мал соятын болса, қасапхана салып беру деген сияқты нақты көмектер көрсету. Жуырда мемлекеттің аграрлық бөлімі бойынша Үкімет сағатында осы мәселелер көтерілді. Мемлекеттің бөлген көмек ақшасы тек қана ірі-ірі ауыл шаруашылық объектілеріне ғана емес, ауылға да жетсе деген ойдамыз.
– Сіз алашшыл азаматтардың бірісіз. «Екі ірі қаламыздағы ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орындарына Әлекеңнің есімін бере алмадық. Қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған, өзінің басын қатерге тіккен ұлы тұлғаға арнап не Астанада, не Алматыда бір ескерткіш қоя алмадық» деп алашшыл азаматтың сөзін айттыңыз. «Алаш идеясын бүгінгі заман талаптарына сәйкес жаңғыртуымыз керек» деген пікіріңіз өте қонымды. Алаш азаматтарының ісіне жалғастыру бағытында нақты қандай жобаларыңыз бар?
– Алаш туралы шынын айтсақ, Алаштың атын иеленіп алған оншақты ғалым бар, солардың ақ дегені алғыс болып отыр. Басқалардың айтқанын олар қабылдай бермейді. Біз де өз тарапымыздан Алаш туралы партия жұмысын жүйелей келдік. Алаш туралы бір-бірімізге уағыз айтып, тарихтан белгіліні қайталай бермей, жастардың ойын білейік деп жыл сайын «Алаштың ақ жолы» деген байқау ұйымдастырып отырамыз. Университетте оқып не сабақ беріп жүрген жас ғалымдардың ойын білу, алаш ғалымдарының мұраларын экономикалық тұрғыдан зерттеуді мақсат еттік. Кезінде Алаш қайраткерлері оқыған-тоқыған, депутат болған, Думада қызмет еткен ғалым адамдар болған. Олардың ғылыми еңбектерін ашып қарасақ, сол кісілердің бүгінгі ауыл шаруашылығы саласы мәселесіне қатысты айтқан пікірлері, мысалы модернизация туралы айтқандары бүгінге дәл келіп жатыр.
Біздің ойымыз – Алашты екінші қырынан ашу. Ол кісілердің ғылыми еңбегінің бүгінгі күнге сәйкестігін көрсету. Ол кісілерді не үшін Жапонияның тыңшысы деп айыптады? Өйткені, олар өз ойларын Жапонияның дамуымен сәйкестендіргісі келді. Ұлт үшін тиімді кейбір модельді ұсынбақшы болды. Ал, Жапонияның экономикасы қандай екенін бүгінде өзіміз де көріп отырмыз ғой.
– Отандық экологиялық таза азық-түлік өндіруді ілгерілету жұмысын жүйелі жүргізу турасындағы пікіріңіз қандай?
– Экологиялық таза азық-түлік өндірудің бағыты бірнешеу. Бізде қазір Парламент қабырғасында стандарттау туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Ол жобаны жүргізіп жатқан біздің басшымыз – Азат Перуашев. Стандарттау туралы заң азық-түлік өндірісіне қатысты көп сұраққа жауап береді.
Қарап отырсаңыз, біздің елден шыққан азық-түлікті қытайлар пышақ үстінде бөліп алып сатып әкетеді, бұл да көп жайды аңғартса керек. Біз қазір жеп отырған қызанағымыздан қызанақтың иісі шықпайды дейміз, оның құрамында не барын білмейміз де. Сондықтан азық-түлік өндіру ісіне зор мән беруіміз керек, бұл – ұлттың денсаулығы.
Нақты істеп жатқанымыз – біздің партияның депутаттары стандарттау туралы заңға қатысып, барлығымыз осы бағытта еңбектенудеміз. Егер бұл заң шығатын болса, елімізге тек стандартқа сәйкес өнім ғана кіреді деген сөз. Мысалы, бүгін ішке кіріп жатқан азық-түлік сапасы қандай екенін толық білмейміз. Қырғызстанды алайық, бір-бірімізге деген саяси көзқарас ушыққан кезде ғана осы мәселеге мән беру пайда болды, ал бұған дейін қанша зат, азық-түлік кірді, оны халық тұтынды…
– Бүгінде қылмыстық процесті жаңғырту, жетілдіруге қатысты халықаралық стандарттарға сәйкес енгізілген өзгерістер ішінде тергеу судьясы, процессуалдық прокурор деген ұғымдар бар, мұның бәрі қылмыстық процесті оңтайландыруға септігін тигізбек. Ендігі жерде әр қылмысқа жекеше сипат және жаза белгіленеді, мысалы, экономикалық қылмыс болса, оны тұтқындауды үй қамаққа алумен ауыстыруға болады. Міне, осындай бастамаларды негізге ала отырып заң жобасы әзірленуде. Осыған пікір-көзқарасыңызды білдірсеңіз деп едік.
– Жуырда Бас прокуратура ғимаратында болдық, бас прокурор цифрландыру, істі электронды жүргізу, ашықтық бағытындағы жұмыстарымен таныстырды. Бұл қуанатын дүние. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң талқыланады дедік қой, ол да осы қылмыстық процесті жетілдіруге қатысты.
Мысалы, экономикалық санкциялар бойынша адамды қамаудың қажеті жоқ дегенге келісем. Егер шығын өтелген болса, онда біз қылмыскердің не түрмеде отыратын адамдардың санын көбейтіп қайтеміз? Экономикалық қылмысқа баратындар қолдарынан іс келетін, бастарында білімі бар азаматтар. Біз оларды қоғамға, экономиканы дамыту тетіктеріне пайдалансақ дұрыс болатын сияқты.
Осы жерде бір өкініш – жалған кәсіпкерлік деген бапты қылмыстан алып тастады. Кезінде сол баппен жазалы болған адамдар түрмеден босап шығып жатыр. Бірақ, контрагенттегі соларға салынған айыппұл әлі төленбей тұр. Айыппұлдарды алып тастамай отыр. Әрбір мекеменің мойнында қазір көптеген қарыз сомасы әлі ілініп, әлі де шешімін таппай жатыр. Осындай мәселелерді шешсек, негізі халыққа дұрыс болар еді.
Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ: Ардагер – ардақты есім

Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған