Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Алаяқтық алысқа апармайды

Алаяқтық алысқа апармайды

Жаңаөзен қаласында қала тұрғындарынан «жұмысқа тұрғызамын» деп алдап ақша алып келген алаяқ әйел ұсталды. Әзірге оның қатысы бар 11 эпизод анықталып отыр.
Талайды зар қақсатқан әйелді ұстап, кінәсін мойындату үшін көп тер төккен Жаңаөзен қалалық ІІБ Тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Назарбай Жамбаевтың еңбегі зор. Ол әр деректің қисынын нақты айғақтармен дәлелдеп, алаяқ әйелдің бұлтаруына мұрша берген жоқ. Осылайша іс сотқа жолданды.
Тәртіп сақшылары оның қатысы бар эпизодтар мұнымен шектеліп қалмауы мүмкін деп отыр. Ал әлгі әйелдің өзіне келетін болсақ, 1987 жылы туған Қалақалпақстанның (Өзбекстан Республикасы) тумасы екен. Бұрын 2016 жылы Жаңаөзен қалалық сотының үкімімен ҚК-нің 188-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға сотты болған. Бірақ, ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты түрге ауыстырылып, одан соң рақымшылыққа іліккен. Сонда да болса керек, өз ісінен тиісті қорытынды шығармай әлгі әйелдің түзелу жолына түспегені байқалады.
Сонымен, жаңа жорық жолын «жұмыс беруші» 2017 жылдың басынан бастаған. 7 ақпан күні Жаңаөзен қаласы 3А шағын ауданында орналасқан «Мемлекеттік мекемелер» ғимаратының жанында ол жәбірленуші С.-дан «УОС-1» мекемесінің асханасына аспазшының көмекшісі ретінде жұмысқа орналастырамын, ол үшін медициналық байқаудан өту қажет деп, 22 000 теңге ақшасын иемденген. Содан 20 күннен кейін «Көктем» шағын ауданында «жұмысқа тез арада кезексіз орналастырамын, ол үшін 68 000 теңге ақша қажет» деп жәбірленушінің ақшасын алып, тайып отырған.
Осы сияқты желеумен, ол 20 ақпан күні келесі бір жәбірленуші Д.-дан «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мекемесіне жөндеуші ретінде жұмысқа орналастырамын, ол үшін 1 000 000 теңге ақша қажет деп өтірік айтып, сол күні әуелі 60 000 теңге ақшасын иемденген. Одан 27-і күні «Балаңды да орналастыруға мүмкіндік шығып тұр» деп тағы да 60 000 теңгесін алған.
Ал маусым айының 5-і күні «балаңды және өзіңді жұмысқа тез арада кезексіз орналастырамын, ол үшін әрқайсыңыздан 240 000 теңге ақша қажет» деп сол күні жалпы сомасы 480.000 теңге қаражатты қалтасына басқан.
Осындай ұзын саны 11 дерек тіркелген. Соның ішінде ең аз сома – 67 000 теңге. Ал «жұмыс беруші» алаяқтың жәбірленушілерге келтірген жалпы шығын сомасы 1 600 000 теңгені құрайды. Көбіне аталатыны екі мекеме – УОС және БЖБ серіктестіктері.
Осы деректер бойынша 11.10.2017 жылы айыпталушы Ж. Қылмыстық кодекстің 190-бабының бірінші бөлігінде, екінші бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталып, қылмыстық іс ҚІЖК-нің 190-бабына сәйкес сотқа жолданды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Сапалы тағам – азаматтардың құқығы

Сапа дегенде алдымен тамақтың сапасы туралы көтерген маңыздырақ деп ойладық. Тіпті ең тәжірибелі деген, бармағынан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған