Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Тынымсыз түнгі торуыл

Тынымсыз түнгі торуыл

Аптаның соңғы жұмыс күні. Жұмыстан шыға сала үйге асыққан халықтың қарасы қалың. Алдағы екі күндік демалыста апта бойы тер төккен жұртшылық арқаны кеңге салады. Осы күні тіркелетін құқық бұзушылықтар да көбейе түсінетіні белгілі. Соны ескерген біз Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне ілесіп түнгі торуылға шықтық.
Түнгі уақытта Астана қаласының тынысы бөлек. Көлік нөпірі күндізгіге қарағанда әлдеқайда аз. Алматы ауданының тәртібін қадағалауға бекітілген Жол-патрульдік экипажға отырғанымызда сағат кешкі тоғыздың шамасы еді. Алматы ауданы аса бір қылмыстылық ахуалы асқынған деуге келмейді, Қошқарбаев-Сарайшық көшелерінің қиылысына дейін, Аманат көшесі мен Республика даңғылына және Қарағанды полиция бекетіне дейінгі аралық Алматы ауданының аумағына кіреді. Қаламыздағы бірнеше жоғары оқу орны осы ауданда орналасқандықтан, құқық бұзушылықтар әлсін-әлсін тіркеледі.
Тәртіп сақшыларынан «Астана қаласында көбіне қайсы аудандарда құқық бұзушылық жиі орын алады» деп сұрадық. «Халық легі саябырсымайтын, жұмыс күші көп шоғырланған базар аумағында мас күйінде қоғамдық орындарында жүру, ұрлық-қарлық, темекі тұқылын кез келген жерге тастау сияқты құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі. Жылы аялдамалардың ішінде де құқық бұзушылықтар көп орын алады, түнгі уақытта бұзақылар аялдама ішінде ішімдік ішеді, шылым шегеді, қоқыстарын тастап кетеді. Мұның бәрі бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ, тәртіп тазалықтан басталады емес пе?!..», – деді Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Убайдулла Колдаспов.
Тәуліктік кезекшілікке түсетін әр патрульдік экипаждың құрамы екі адамнан тұрады. Олар қала тәртібіне патрульдік полицияның мейлінше көп жұмылдырылғаны жөн деп отыр. Шынында, байқағанымыздай жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылап жүргенін көрген кез келген жүргізушінің «жүрісі» кенеттен өзгеріп шыға келеді. Жол қозғалысы ережесін елемейтін есер жүргізушілер де мұндайда тәртіпті бола қалатындары өтірік емес. Тіпті, мұны тәртіп сақшыларының өздері де талай аңғарған екен. «Оны өзіміз де қызмет уақытынан тыс қалада қатынаған кезде байқаймыз. Мысалы, жол-патрульдік полиция жүреді-ау деген көшелерде жүргізушілер жүйткіп жарысып, жолға таласып, ереже бұзушылықтарға жол береді», – дейді ЖПП полиция лейтенанты Абзал Төлеметов.
Темір тұлпарларымен жарыспақ ұйымдастыратындарды да көріп жүрміз, желпінген жастар әсіресе сенбі, жексенбі күндері өздерін жол патшасы сезінетін сияқты. Түнгі уақытта тәртіп сақшыларымен бірге қала тыныштығы мен тәртібін бақылауға шыққанымыздағы мақсатымыз да түнгі бейберекетсіздіктерді көзімізбен көріп, оқырманмен түйгенімізбен бөлісу еді. Құқық бұзушылықтардың барлығы қас қарайған уақытта орын алатындықтан, біз де түннің бір уақытына дейін патрульдік полиция көлігімен тыныштық күзетінде жүрдік.
Шақыру аты «Қорған-113» патрульдік полиция көлігімен Б. Момышұлы көшесінен көпірге көтеріле бергенімізде жүргізуші екінші қатардан солға бұрылып, ереже бұзды. Жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің лезде соңына түстік. Оң жағалау мен сол жағалауды жалғап жатқан көпір үстінде дауыс ұлғайтқыш құрылғымен жүргізушіге жолдың жиегіне тоқтау бұйырылды. Кінәсін мойындаған жүргізушінің үстінен ӘҚБтК-тің 601-бабы бойынша хаттама толтырылып, мемлекеттік жеңілдікпен 3403 теңге көлемінде айыппұл салды. Ереже бұзған жүргізуші айыппұл төлеуден де жалтармайтынын аңғартты, екі есе құнын төлегенше бір аптаның ішінде жеңілдікпен өтеп тастауға тырысатын рай танытты. Алайда, ол жүргізуші бір жылдың ішінде тағы белгіленбеген сызықтан бұрылса, айыппұл көлемі де ұлғаяды. Яғни, ереже бұзушылық қайталанған жағдайда 3 АЕК емес, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бір айта кететіні, жол бойында орнатылған тіркеу аппараттары, жылдамдық өлшеуіш құралдары: камера, фотоаппараттарға түсетін ереже бұзушылықтар үшін төленетін айыппұлға елу пайыздық жеңілдік жүрмейді. Себебі, бұл жылдамдықты өлшеу аппараттарына тіркелген ереже бұзушылықтар туралы көлік иесі екі апта дегенде бір-ақ біледі. Сондықтан да жүргізушілер екі аптадан кейін есікті қағып келетін айыппұлды толық төлеуге міндетті. Бұл тіркеу аппараттары қалтаны қаққанымен, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтауда жол-патрульдік полицейлер үшін көмегі көп.
«Қала көшелерінде орнатылған «Сергек» камералары көмекке келіп жатқаны рас. Бірақ, бұдан біздің жұмысымыз жеңілдеді деп айта алмаймын. Қуантатыны, «Сергек» орнатылғалы бері жол қозғалысында оң өзгеріс бар. Құстай ұшатын көліктер сиреді, қала ішінде жүргізушілердің барлығы ортақ жылдамдық 60-пен жүретін болған. Мысалы, ауданымызға Абылай хан, Тұран даңғылы, Кенесеры, Абай көшелерінде де көліктер бұрынғыдай емес, байыппен қозғалады, бірін-бірі басып озу, өрескел тәртіп бұзу деген атымен жоқ», – деді Убайдулла Қолдасов. Алайда, адамнан қулық артылған ба, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің айтуына қарағанда, жүргізушілер «Сергекке» ілікпес үшін көліктің мемлекеттік нөмірін алып тастау арқылы жауапкершіліктен құтылуға тырысады екен.
Солай дегенше болған жоқ, алдымыздан мемлекеттік нөмірсіз жүрген Camry маркалы автокөлік шыға келді. Сергектің сергелдеңіне түспеудің амалын жасап жүрсе керек деген оймен, көлікті алысқа ұзатпай сол арада тоқтаттық. Сұрастыра келе, жүргізушінің көлікті Ақтөбе қаласынан сату үшін Астанаға айдап келгені анықталды.
Бұл кезде сағат тілі шамамен 23:15-ті көрсетіп тұрған. Алайда, қала қалың ұйқыға кете қойған кез емес. Көшедегі көлік ағыны аз да болса саябырсиын деген сияқты еді, кенеттен Тәуелсіздік даңғылында кептетілген көлік нөпірін көзіміз шалды. Мұнда бір гәп барын сезіп, біз де сол араға таяп жеттік. Shevrolet cruiz бен Ваз маркалы көлік соқтығысып қалыпты. Көшенің қақ ортасында тұрып өзара келісе алмай жатқан олардың ісіне жол-патрульдік полицейлер араласты. Апаттық жағдай тудырып отырған көліктерді жол бойынан алып тастау үшін тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының сызбанұсқасын жасауға кіріскендері сол еді, екі тарап өзара келісетін болып шешті. Түнгі кезекшіліктің «қызығы» мұнымен таусыла қойған жоқ.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің айтуынша, тәртіп бұзушылықтың барлығы таң ата тіркеледі екен. Әсіресе, жастарды түнде не түлен түртетінін қайдам, қас қарайған уақытта ұсақ-түйек ережелерді бұзатындарын айтпағанда, ішімдік ішіп рөлге отырып, есіреді. Демалыс күндері жол-көлік оқиғаларының жиілейтіні де сондықтан деседі. «Ұлың да, қызың да жол ережесін бұзғанды «жақсы көреді». Қанша жерден рөлге мас күйінде отыратындарға жазаны күшейткенімен, ішімдіктен ұрттап көлік тізгіндейтіндер азаяр емес. Мас жүргізуші қоғамға масыл екені адамдардың саналарына түбегейлі жетіп болмай жатқан сияқты», – деп күйінеді олар.
Бұл сөздеріне дәлел болғандай, рейд кезінде түнгі 01.00 шамасында анаша шеккен жүргізуші ұсталды. Мұндайларды тәртіп сақшылары жазбай таниды. Жасы отыздар шамасындағы ер азамат анаша шеккенін жасыруға тырысып баққанымен, мұнысынан ештеңе шықпады. Көздері ойнақшып, іс-қимылы сезік тудырған болса керек, полицейлер сол арада оның қолына кісен салды. Абзал Төлеметов пен Убайдулла Қолдасов оны Алматы аудандық ІІБ-на жеткізіп, одан есірткі заты тәркіленді. Анаша шеккен күйде рөлге отырғаны үшін есірткіқұмар азамат екі есе қатаң жауапкершілікке тартылатынын өзі түсінбей тұрғандай көрінді. Есірткіге елітіп, есін білмей тұрған ол қолындағы кісен өміріне таңба болатынына бас ауыртып та жатпады, бұл ісіне өкініп тұрғанын да аңғармадық. Мұндай есерсоқтардың талайын көріп жүрген полицейлердің табандылықтары, қайтпас қайсарлықтары, өжеттіліктері мен кәсіби біліктіліктеріне тәнті болдық.

Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Сапалы тағам – азаматтардың құқығы

Сапа дегенде алдымен тамақтың сапасы туралы көтерген маңыздырақ деп ойладық. Тіпті ең тәжірибелі деген, бармағынан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған