Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Сотталғанға көмек – түзелуге себеп

Сотталғанға көмек – түзелуге себеп

Қылмыстық кодекстің 40-бабында көрсетілген қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары түріндегі жаза, бас бостандығынан шектеу жазасы, шартты түрде сынақ мерзіміне соттау, сотталған жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдердің жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдыру, белгілі бір қызмет немесе арнайы лауазымынан айыру жазаларын орындауды елімізде қанатын кеңге жайып келе жатқан пробация қызметі жүзеге асырады.
Президент Н. Назарбаевтың 2012 жылғы 15 ақпанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында және қылмыстық атқару жүйесіндегі қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында құрылған пробация қызметінің атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанда түзеу колонияларында жазасын өтейтін адамдар санының жыл сайын азайып келе жатқаны анық. Түрмедегі адамдар санының азаюы егемен еліміздің әлемдік рейтингтегі орнына оң ықпал ететінін ескерсек, пробация қызметіне жүктелген міндеттің маңыздылығы өте жоғары.
Сондықтан да жыл сайын жетілдіріліп келе жатқан пробация қызметіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар көп. Жуырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасында өткен «Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту мәселелері» атты дөңгелек үстел кезінде де пробация қызметінің нәтижелері талқыланды. Алматы қаласы әкімдігінің, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қолдауымен өткізілген бұл жиынға «Нұрлы бағдар» қоғамдық қоры, «Тұран» университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының, Алматы қаласы Әлеуметтік бағдармалар және жұмыспен қамту басқармасының және Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару департаментінің мамандары қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды бейімдеуге қатысты мемлекет және қоғамдық ұйымдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды, түзеу мекемелерінде жаза өтеу мерзімдері аяқталуға жақын сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу процесстерін, сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын тиімді атқаруға кедергі болатын себептерді, оларды жоюдың мүмкіндіктерін талқылады.
Пробация қызметінің тиімділігін арттырудың жолы – жергілікті жерлердегі атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының бірлесе жұмыс істеуі. Бас еркінен айырмайтын жазаға кесілгендерді және жазасын өтеп шыққандарды бақылап-тексерумен ғана емес, олардың қылмыс жасау себептерін, қайталап қылмыс жасамауы үшін әлеуметтік жағдай жасауды да мақсат ететін пробация қызметінің елімізде оң нәтижелерге жетуіне атсалысып жатқан атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар да қыруар жұмыстар атқаруда. Солардың бірі – «Нұрлы бағдар» қоғамдық қоры. Әсіресе өмірдің дұрыс сүрлеуіне түсе алмай адасқан жасөспірімдерге көмек көрсетуді мақсат еткен қоғамдық қор мамандары бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту мәселелерін талқылау барысында өз пікірлерін ортаға салды. Кездейсоқ немесе білместікпен қылмыстық жолға түсіп, артынан жаңа өмір бастағысы келетін жастар мен жасөспірімдерге моральдық және психологиялық көмек көрсетуді мақсат ететін аталған қор оларға ересек өмірде дұрыс жол көрсетудің жеке бағдарламасын жасаған екен. Бұл бағдарламаға шалыс басқан жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, олардың мамандық алуына, кәсіби деңгейін көтерулеріне және жұмысқа орналасуларына көмектесу сияқты сотталған жастардың өміріне ең қажетті мәселелер енгізілген. Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарынан жазасын өтеп шыққан жастардың жұмысқа орналасу, баспана алу мен тіркеуге тұру, әлеуметтік көмек пен білім алу сияқты мәселелерін шешуге ықпал ету мақсатында қордың жанынан шұғыл көмек көрсету қызметі құрылған.
Түзеу мекемелерінен босап шығатындардың ең жиі шоғырланатын жері –Алматы қаласы. Бұл орайда дөңгелек үстелге қатысушылар алдында баяндама жасаған Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің Сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы жөніндегі бас маманы Шынар Хусайнова ІІД Жергілікті полиция қызметімен қылмыстың алдын алу мен есепте тұрған азаматтарды бақылауда тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы жайлы әңгімеледі.
2017 жылдың өткен тоғыз айында Алматы қаласында пробация қызметінің есебінен 3215 адам өткен. Солардың 2909-ына көмек көрсетудің жеке бағдарламасы жасалып, 2557 адамға әлеуметтік-құқықтық көмек, 1681 адамға медициналық көмек көрсетіліпті. 50 адам жұмысқа орналастырылған. Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің аумақтық құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас орнатылған.
«Аталған уақыт ішінде пробация қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметінің мамандары бірігіп 6 кеңес өткізіп, пробация қызметінің есебінде тұрғандармен қатар, әкімшілік бақылауға алынғандар тарапынан да орын алатын қылмыстардың алдын алу туралы біріккен шаралар қабылдады. Сонымен қатар, Алматы қалалық ІІД-не қарасты барлық аумақтық ішкі істер басқармаларында «Пробация туралы» заң талаптары жан-жақты талқыланып, соның ішінде сотқа дейінгі пробацияны жүзеге асыру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сотқа дейінгі пробацияның құрылуы қылмыскердің жеке басы туралы обьективті ақпаратқа қанығуға, оның қылмыс жасауына себеп болған жағдайларды саралауға және оның әлеуметтік психологиялық портретін жасауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайлардың барлығы сотқа дейінгі баяндамаға енгізіледі. Соттардың әділ де дұрыс процессуалды шешім қабылдауларына ықпал ететін мұндай сотқа дейінгі баяндаманың маңызы аса зор», – дейді Шынар Хусайнова.
Бүгінде Алматы қаласы бойынша пробация есебінде 250 әйел және 10 кәмелетке толмағандар бар болса, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жұмыстарына учаскелік полиция инспекторлары да белсене қатысады. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Берік Молдыбаев жан-жақты баяндады.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған