Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Жәдігерлер сыр шертеді

Жәдігерлер сыр шертеді

Таяуда елордамыздағы №17 және №85 орта мектептің оқушылары ІІМ-нің музейі мен Жедел басқару орталығына экскурсия жасап қайтты. Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, оларға полиция жұмысының қыр-сырын түсіндіру.
Экскурсия мұражайдан басталды. 1975 жылы құрылған мұражай тарихымен таныстырған экскурс жүргізуші балаларға бұл музейдің Алматы қаласынан бастау алатындығын айтып өтті. Онан соң экспонаттарға бет бұрған топ жәдігерлермен таныстықты 1920 жылғы Қазақстанда милиция қызметін құру туралы декреттің көшірмесінен бастады. «Елімізде алғашқы жылдары милиция қызметін құру қиын болды. Өйткені, әскери тәртіпті қалыптастыру, заң нормаларын сіңіруден бұрын милиция қызметкерлеріне қара-жарақ пен қарапайым киім-кешектер жетіспеді. Соған қарамастан Кеңес Одағы құрылғаннан бастап милиция қызметі өз аяғына тұрып, қалыптасу, даму кезеңдерінен өтті. Бүгінде біз Тәуелсіз Қазақстан полициясы құрылғанының 25 жылдығын атап өтіп отырмыз», – деді ол.
Одан кейінгі Ұлы Отан соғысы, Тың игеру сынды кезеңдер де оқушыларды қызықтырмай қоймады. Әсіресе, белгілі комиссарлар мен милиция қызметкерлерінің атаулы тапаншаларының, винтовкаларының қасында ұзақ аялдап қалғандары көп болды. Соның бірі – №17 орта мектептің 7-сынып оқушысы Бекзат есімді бала Кеңес Одағы жауынгерінің темір каскасы мен ППШ мылтығы жанында көп айналшықтады. Қасындағы досына түсіндіріп бірдеңе айтып жатыр. Сөйтсек, мұндай мылтық пен каска оның Семей өңірінде тұратын әжесінің үйінде де бар екен. Тоқсанға келген әжесі оны ешкімге бермей, қарт жауынгердің көзіндей көріп сақтап отырған көрінеді. «Әжем 9 мамыр қарсаңында оны сандықтан шығарады да, көрінетін жерге қойып қояды. Сосын біз атамызды еске аламыз. Бірақ, біздегі мылтық әбден ескірген, тот басқан», – дейді Бекзат. Музей қызметкерлері, мұндағы жәдігерлердің де алғаш табылған кезінде өте ескі болғандығын, бірақ музей мамандарының оны өңдеп, реставрация жасағанының арқасында қазіргідей болып тұрғандығын балаларға түсіндіріп жатыр. Осындай әсерлі әңгімемен өрілген сәттер әр кезеңдегі жәдігерлер жанында да көп болды. Балалардың тарихқа қатты қызығатыны, үлгерімі жоғары, сауаты мол екені байқалады. Жетекші ұстаздары да бұл балалардың олимпиадаға қатысып жүрген, қоғамдық жұмыстарда белсенді оқушылар екендігін айтады.
Одан соңғы Жедел басқару орталығында жалғасқан экскурсия одан да әсерлірек болды. Мұндағы үлкен-үлкен мониторлардағы қала көріністері, жағалай орналасқан компьютер экрандарындағы картамен жұмыс, суреттер мен бейнежазбаларға іліккен деректерді өңдеу, қат-қабат эфирдегі рациямен берілген нұсқаулар, телефонмен сөйлесу – қым-қуыт қала өмірінің айнасы іспетті. Мұндағы таныстық – осындай кездесулерге арнайы дайындалған бейнежазбаларды көрсетуден басталды. Көшедегі төбелес, жол-көлік оқиғалары, көлік тонау сияқты тағы да басқа бейнекамераға түскен эпизодтарды балалар бір деммен тапжылмастан қарап шықты. Ал ондағы сәттерді түсіндіріп тұрған полиция қызметкері арасында: «Балалар, осылай жасаған дұрыс па?», – деп сұрап қояды. Балалар бір ауыздан: «Әрине, жоқ!», – деп жапатармағай жауап беріп жатыр.
Бұл бейнежазбалардың көрген адамға үлкен ой салғандай әсері бар екен. Адам психологиясын терең танитын полиция қызметкерлері ондай сәттерді тиімді пайдаланудың жолын тапқаны тәнті етті. Осыдан кейін балаларға ЖБО-ның қызмет барысы мен оның қызық сәттері түсіндірілді. Мұндағы әр қызметкердің атқаратын рөлі, патрульдік полиция қызметінің жеделдігінің сыры, көшедегі камералардың мүмкіндіктері және тағы да басқа көптеген жәйттер сөз болды. Оқушылар көп сұрақ қойып, тұщымды жауаптар алды. Көшедегі тәртіптің өздерінен басталатындығына көз жеткізіп қайтты. Бәлкім, осы әсерлі кештен соң болашақта полиция қызметкері боламын деп ой түйіп кеткендері де аз емес шығар.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған