Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Жолсеріктер де қауіпсіздікке жауапты

Жолсеріктер де қауіпсіздікке жауапты

Өткен аптада Астана вокзалындағы вагондар тұрағы паркінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» филиалының қызметкерлерінің қатысуымемен профилактикалық дәріс өткізілді.
Шараға Астана стансасындағы ІІЖБ Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Абай Қилыбаев, Ақмола көлік прокуроры Талғат Аханов, Ақмола көлік прокурорының орынбасары, әділет кеңесшісі Асылбек Дүйсенов, Көліктегі ІІД-нің психолог-инспекторы, полиция лейтенанты Әсел Қарымсақова қатысты.
Бұл кездесудің мақсаты – темір жол бойында орын алатын қылмыстарға және олардың алдын алуға жолсеріктердің де назарын аударту, жауапкершілігін сезіндіру. Осы тұрғыда көлік прокурорлары тасымал қызметкерлерін қоғамдық ортақ міндетке бірге жұмылуға шақырса, психолог маман күдікті адамның сипаттық белгілері туралы тұщымды дәріс оқыды. Ал Абай Қилыбаев өз баяндамасында нақты-нақты деректермен бұл мәселені ашып берді.
«Біздің басқарманың қызмет көрсету аумағына 1251 км темір жол қарайды. Бұл бағыттармен 47 жолаушылар пойызы және 16 электр пойызы қатынайды. Астана қаласындағы екі темір жол вокзалында бір тәуліктегі жолаушылар легі 15-17 мың жолаушыны құрайды, ал демалыс және мереке күндері 20 мыңға дейін жетеді.
Осы жылдың тоғыз айында біздің ІІЖБ-ге қарасты телімде 169 қылмыс орын алған. Оның 83-і ұрлық, ал оның ішінде 49 дерек ұялы телефондарды ұрлауға қатысты. Жедел жағдайды талдау көрсеткендей, 83 ұрлықтың 43-і жолаушылар пойызында болған. Соның ішінде №603/604 «Астана-Арқалық-Астана» бағытындағы жолаушылар пойызында – 7 дерек, №55/56 «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызында – 5 дерек, №43/44 «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызында – 5 дерек және қалған жолаушылар пойызында 1-2 оқиғадан орын алған. Өзгенің мүлкін ұрлау фактілерінің негізгі себептері – заттарын кез келген жерде қараусыз қалдырып кете беретін жолаушылардың өздерінің немқұрайлылығы. Сонымен қатар, жолаушылар пойыздарындағы профилактикалық жұмыстардың жүргізілмеуінің өз әсері бар деп білеміз. Көптеген пойыздарда дауыс ұлғайтқышы бар радио байланысы жұмыс істемейтін болса, пойыз бригадирлері филиал басшылығының ауызша нұсқауы бар деп вагондарға ұрлыққа жол бермеу туралы профилактикалық плакаттар ілуге рұқсат бермейді», – дейді Астана стансасындағы ІІЖБ Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Абай Қилыбаев.
Полиция майорының айтуынша, жолсеріктердің жолаушылардың ұялы телефондары қуатталып тұрған қызметтік купесін ашық тастап кете беретіндігінен де телефон ұрлығы орын алған деректер бар екен. Жолаушылардың өздерінің де мұқиятсыздығынан жеке заттарын ұрлатып алып жататын кездері аз емес. Көп ретте мұндай жағдай жолаушылардың өздерінің ішімдік ішкен себебінен де болады. Одан бөлек, жолсеріктер билетсіз жолушылар алады да, олар қылмыс жасауға бейім тұрады. Жыл басынан бері көлік полицейлері Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп осындай 10 факті анықтаған.
«Мәселен, 16 наурыз күні №10 «Астана-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының №8 вагонын тексеру кезінде ІІЖБ-ның Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері 1977 жылы туған билетсіз жолушыны ұстап, одан «марихуана» есірткі заты табылған. Тағы бір мысал, 13 тамыз күні осы пойызда «Астана-Вишневка» жол телімінде №12 вагоннан Өзбекстан азаматы ұсталды. Ол ешқандай құжаты жоқ болғандықтан жолсерікпен ақша беріп келісіп, Шуға дейін жетіп қалмақ болған. Құжатсыз азаматтың жеке басын және қандай да бір қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін ол полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бұл жерде жолсеріктердің пайдакүнемдікпен жасалатын әрекеттерінің теріс әсері бар екендігін естеріңізге салғым келеді. Әсіресе, №603 «Астана-Арқалық» бағытындағы жолаушылар пойызына қатынас жолында билет сатылмайтын тарифтік емес стансалар көп болғандықтан, билетсіз жолаушылар көп мінеді. Бұл пойызда ұрлықтың көп болуы да осы себепті. Сондықтан да ең құрығанда мұндай жолаушылардың фамилияларын жазып алу қажеттігін ұсынамын», – деді полиция майоры өз баяндамасында.
Жиында сөз болып отырған жағдайлар жолсеріктер тарапынан да қолдау тауып, ауызша уағдаластыққа қол жеткізілді. Заң үстемдігі жолында ортақ мақсатқа жұмылар ұйым қатары артты десе де болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған