Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Темір жолдағы тәртіп – басты игілік

Темір жолдағы тәртіп – басты игілік

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Полиция қызметі – құқықтық тәртіп пен заң, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету болып табылады», – деп бүгінгі күннің сақшыларына артылатын жауапкершілік пен міндеттің жоғары екендігін атап өткен болатын. Осы орайда ғасырға жуық тарихы бар Көліктегі Ішкі істер департаментіне қарасты Шымкент стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Тіленшинмен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Тіленшиндер әулеті бүгінгі таңда тәртіп сақшысы деген құрметті атақты биік ұстап келеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Полицейлер әулетінің осындай абыройлы атақты алып жүретін, үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметті таңдауына қандай себеп болды?
– Жалпы, полиция батылдықты, өжеттікті, қайсарлықты, табандылықты, іскерлікті, білімділікті талап ететін ауыр сала. Сонымен бірге, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әкем Тіленшіұлы Қайбар бүкіл саналы ғұмырын кеңес шаруашылығын көтеруге, ел тұрмысын жақсартуға арнады. Көмешбұлақ кентінің көне көздері ол кісіні қарапайымдылығы, бірсөзділігі, адалдығы, іскерлігі үшін жақсы көрді. Сол кісінің тәлім-тәрбиесін көріп, халыққа қызмет етуді мақсат етіп, ер жеттік. Менің ішкі істер органдарындағы қызмет жолым 1990 жылы 5 қыркүйекте Қарағанды жоғары милиция мектебінде қатардағы милиция шенінде ант қабылдаған күннен басталды. Оны бітіргесін 1994 жылы Шымкент қаласында әл-Фараби аудандық ІІБ-нің жедел уәкілі лауазымында алғашқы жұмысымды бастағанмын. Қазіргі таңда менің ағам полиция полковнигі Сұңғат Тіленшин Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар, інім Мәлік Қайбар да полиция капитаны, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам аудандық ІІБ тергеу бөлімінің бастығы қызметінде.
– Арман Қайбарұлы, жедел уәкілдіктен бастап Мемлекеттік тергеу комитетінде, Қылмыстық атқару жүйесінде қызмет атқардыңыз. Бүгінгі қызметіңіздің ерекшелігі жайлы айта кетсеңіз.
– Әрбір қызметтің өзіндік жауапкершілігі мен ерекшелігі болады. Бүгінгі атқарып отырған қызметімнің ерекшелігі мол. Егер жергілікті полиция қызметінде болған қылмыс пен оқиға бірқалыпты, бір аумақта тергелетін болса, көліктегі қылмыс созылмалы түрде Шымкент стансасында басталып, Алматы стансасында аяқталуы мүмкін. Қылмыс жасаған адамдар кез келген облыстың тумасы болуы әбден мүмкін.
Дәл осындай жағдай тек қана темір жол көліктерінде ғана емес, әуежайларда да орын алады. Сонымен қатар, көбінесе қылмыс түрлері темір жол және әуежайларда жүк ұрлау, вокзал, перрон, әуежай төңірегінде жолаушылар, оларды күтіп алушылар және шығарып салушылар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне қатысты болады.
– Жолаушылар пойыздарында түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жалпы мұндай шаралардың қарапайым халыққа берер пайдасы бар ма?
– Шымкент стансасындағы ІІЖБ қызмет көрсету аумағында күнделікті жұмыста профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, «Доңғалақта кездесу», «Мектепке жол», «Темір жол – қауіпті аймақ», «Абайлаңыз, жол өтпелі» деген сияқты, т.б. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – темір жол бойы мен темір жол көліктерінде азаматтардың және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, ең басты мәселе – бүгінгі таңда халықтың темір жол жарақаттарының алдын алу және болдырмау. Тек 2017 жылдың өзінде 13 пойыздың адамдарды қағып кету фактісі тіркелді. Оның 8-і өлімге әкеп соқтырған, 4-еуі жасөспірімдерге қатысты оқиғалар. Республика бойынша ОҚО-да халық саны үздіксіз өсіп келеді. Ал Шымкент қаласы 3-ші мегаполис болып танылғаны белгілі. Темір жол магистралі Шымкент қаласының 4 ауданы және облыстың 5 ауданынан өтетініне байланысты темір жолға жақын орналасқан елді мекендер көп. Кейде тұрғын үйлер темір жолдан 2-3 метр жерде ғана орналасқан елді мекендер бар. Халықтың арнайы темір жол өткелінен жүрмей тікелей қалаған жерінен кесіп өтетіндігінен аталған оқиғалар орын алуда. Мысалы, темір жолға жақын орналасқан көптеген елді мекенде тұратындар шойын жолдың бір жағында, жұмыс жасайтын орны, мектеп, азық-түлік дүкендері келесі бетінде болуына байланысты адамдар темір жолды күніне орта есеппен 5-6 рет кесіп өтуге мәжбүр болады. Осыған байланысты аталған елді мекендерде мектеп, ауыл, аудан әкімдіктермен бірлесе отырып, темір жол ережелерін сақтау тақырыбында халықпен кездесу жиі және тұрақты өткізіліп отырады.
– Шымкент стансасы Ішкі істер желілік бөлімінің қызмет көрсету аумағы қандай? Бір жылда бұл станса арқылы қанша жолаушы қатынайды?
– Күніне 22-25 жолаушылар пойызы, 40-42 тауар және жүк пойызының өту қауіпсіздігін Шымкент стансасы ІІЖБ-нің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Әрбір жолаушы пойызымен тәулігіне орта есеппен 1000-1200 жолаушы сапар шегеді. Сонымен қатар, 10-12 әуе ұшағы әуежайға қонып, ұшып кетеді.
Шымкент стансасындағы ІІЖБ-нің қызмет көрсету аумағы – 192 шақырым. Онда 17 жұмыс істейтін станса орналасқан. Оның ішінде басты магистральда Қалаш, Бадам, Черноводск, Қорғасын, Шымкент, Қызыл-Сай, Манкент, Сергеевка, Сас-Төбе, Көк-Терек, Түлкібас аталатын 11 станса бар.
Қосалқы жағында Қазығұрт, Сайрам, Тогус, Ленгір, Шаю-буландыру стансасы, Теке-Су деген стансалардан құралған 6 станса бар. Жолаушылар тасымалданатын 5 станса қызмет атқаруда. Шымкенттен шамамен 346 079 адам, Түлкібастан 15 527 адам, Манкенттен 14 572 адам, Сас-Төбеден 1 251 адам, Бадамнан 1 150 адам тәулігіне тасымалданады. Жалпы бір тәулікте 378 579 жолаушы азаматтар тасымалданады. Жүк тасымалдау мақсатында 3 станса қызмет атқарады. Оларды атап өтетін болсақ, Шымкентте 5 311 вагон, Қорғасында 1 485 вагон, Қазығұртта 68 638 вагон-цистерна бар.
– Соңғы кездері ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық жайлы көп айтылып жүр. Тағылған сын да, артылған мін де аз емес. Ал, өзіңіз басшылық жасап отырған Шымкент стансасындағы ІІЖБ-нің жеке құрамы бұл қоғамдық дертке қалай қарсы тұруда?
– Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясындағы қылмыстық құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің «бармақ басты, көз қыстылыққа» жақындығы, парақорлығы болып табылатыны баршаңызға белгілі. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады. Біздің Шымкент стансасындағы ІІЖБ-нің жеке құрамының назарына күнделікті сыбайлас жемқорлық туралы заң талаптары жеткізіліп тұрады. Жыл басынан бері жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары анықталмаған. Және бұл қоғамдық дертке жеке құрам қарсылық білдіре алады деп сенемін.
– Көлік сақшылары қандай мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді?
– Көлік сақшылары көбіне темір жол мекемелерімен, сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отырады.
– Бүгінгі бейбіт күннің сақшыларына айтар тілегіңіз бар ма?
– Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толды. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің және Көліктегі Ішкі істер департаментінің басшылығы дұрыс және жоғары деңгейде жұмысты ұйымдастыруларына байланысты көлік полиция қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған