Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Қамкөңіл жандарға қамқорлық

Қамкөңіл жандарға қамқорлық

Таяуда ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының 2-курс курсанттары қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне барып, өздері дайындаған кішігірім мерекелік жыр-шашуын тарту етіп қайтты.
Мерекелік іс-шарадан бөлек курсанттар курс старшинасы Е. Боранқұловтың бастамасымен интернат үйінің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Интернат үйі 300 адамға арналған. Мұнда 200-ге жуық қарт пен мүгедек бар екен. Басым бөлігі мүгедектер көрінеді. Директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары С. Нурушева курс басшылары мен курсанттарға интернат үйінің тіршілігін таныстыра келе, мұндағы қолөнер көрмесі және оқу залын көрсетіп, қарттар арасында шахматтан, теннистен конкурстар мен турнирлер өткізіліп тұратынын тілге тиек етті.
Интернат үйінің тұрмыс-тіршілігін анығырақ бақылай келе, біз осындағы қарт әжейді сөзге тартып, сырласып та көрдік. Әжейдің жасы біразға келсе де, өзі тың екен. Қойған сұрақтарымызға жауабы да мардымды болды. Екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бейнетінің зейнетін енді көремін дегенде ұлдары өзінен бас тартыпты. Ал өзі «күйеу балаларыма сыйым кетпесін» деп қыздарының қамқорлығын қабылдамаған.
Бірінің басында ғана емес, барлығының басындағы жағдай ұқсас. Тағдырластардың тағдыры осындай. Ал біздің мақсатымыз – көңілі алаң қарттарымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жас буынның патриоттық сезімі мен рухын оятып, олардың бойындағы ата-анаға деген сый-құрметтің маңызын арттыру болды.
Мерекелік іс-шара соңында курсанттардың өнері мен еңбектеріне тәнті болып, ризашылығын білдірген қарттар үйі директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары С. Нурушева курс басшыларына рахметін айтып, алғыс хаттарын табыс етті.

Ш. ЕЛТАЕВ, Ақтөбе қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Дін саясатының бағыты айқын

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған