Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Азаматтық қорғау қызметінің ахуалы қалай?

Азаматтық қорғау қызметінің ахуалы қалай?

Бүгін өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Құтқарушылар күні қарсаңында азаматтық қорғау қызметіне 22 жыл толуына орай ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін ұйымдастырған баспасөз туры барысында төтенше жағдайлар қызметінің Астана қаласындағы нысандарында болып, мәртебелі мамандық иелерінің қауырт қызметімен танысып қайттық.
Журналистер мен блогерлер бір күндерін азаматтық қорғау қызметіне арнады. Олай дейтініміз, таңсәріден басталған баспасөз туры күн ұзаққа созылды. Тур барысында бір топ журналист Астана су реттегіші, «Қазавиақұтқару» АҚ авиациасы, Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы, Апаттар медицинасы орталығы, Орталық өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағы және Астана қаласы №5 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты.
Көктемгі су тасқыны, қытымыр қыстың қарлы-бораны, суға кету оқиғалары жиілейтін жаз маусымында, яғни, жылдың төрт мезгілінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жарғақ құлақтары жастыққа тимейді. Әр мезгілдің төтеншеліктерге дайындап қойған «қызықтары» бар. Көктем шықса, азаматтық қорғау қызметкерлері тасқын сумен арпалысатын жылдағы әдеттері. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған баспасөз туры аясында Астана қаласында тасқын суға тосқауыл болар дамбалар мен су бөгеттерінің жай-күйімен таныс болдық.
Бірінші маршрут – су тасқынынан қорғайтын Астана су реттегіші. Бұл «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суының жайылуынан қорғау» су реттегішінің құрылысы 2006 жылы Елбасының тапсырмасымен қолға алынып, 2010 жылы пайдалануға берілген. Бөгет туралы бүге-шігесіне дейін айтып берген ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер: «Бұл бөгеттің сыйымдылығы 450 млн текше метр, осы 2017 жылы бұл бөгетте 264 млн текше метр су болды. Бұл соңғы жылдардағы максималды көрсеткіш. Бөгетте осыншама судың жиналуы Астана қаласын тасқыннан аман алып қалуға жағдай жасады. Дегенмен, соңғы жылдары бөгетке жиналатын судың көлемі артып келе жатқаны жасырын емес. Айталық, 2010 жылы Астана су реттегішінде 31,8 млн, 2013 жылы 14,3 млн, 2014 жылы 142 млн, 2015 жылы 245 млн текше метр су болған. Бұның бірден-бір себебі – күз мезгілінде жауын-шашын, қыста қардың көп түсуі, сондай-ақ, көктемде күннің күрт жылуы. Алайда, бөгеттің сыйымдылығын арттыру қажеттілігі туындап отырған жоқ, өйткені, осы жылдар ішінде су бөгеттің толық сыйымдылығына жетіп, кемерінен асқан емес», – деді ол.
Биыл да Қазгидромет болжамына сенсек, қар қалың түсіп, қыс қатты болады. «Осы қыста қардың қалың түсуі судың бөгеттен тасып кетуіне алып келмей ме?» деген сұраққа жауап берген төраға: «Көктемгі су тасқынына дайындықты қазірден бастап кеттік. Үкіметтің бекітуімен, тасқын суға қарсы жол картасы жасалды», – деп жауап берді. Оның айтуынша, су тасқынының салдарымен күресу әлдеқайда қиынға түсетіні былай тұрсын, бюджетке айтарлықтай салмақ салады. Өйткені, су тасқыны шайып кеткен үйлердің тұрғындарын баспанамен қамту, жер теліміне қаржы бөлу, жағдайын қалыпқа келтіруге қыруар қаражат кетеді. Сондықтан да осындай тасқынға тосқауыл болар бөгеттерді бүтіндеуге көп көңіл бөлгеніміз жөн деді.

«Қазавиақұтқарудың» қауырт қызметі
Су реттегіш бөгеттің жұмысымен танысып болған соң, келесі нысан – ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазавиақұтқару» АҚ-қа бет алдық. Бізді алдымыздан шығып күтіп алған «Қазавиақұтқару» АҚ бастығы қысқаша нұсқаулық өткізді. БАҚ өкілдерін әуеге көтеру үшін арнайы екі бірдей тікұшақ бөлініпті. «Қазавиақұтқару» қоғамы – Төтенше жағдайлар комитетінің авиациялық бөлімшесі болып табылады. Компания Төтенше жағдайлар комитетінің тапсырыстары бойынша ұшуларды орындайды. Бүгінде «Қазавиақұтқару» АҚ әуепаркінде 25 әуе кемесі бар, оның басым бөлігін ЕС-145 тікұшақтары құрайды. Бұдан бөлек, әуепаркінде МИ-171, МИ-8, Ка-32 тікұшақтары да бар. Әуе кемелері ең заманауи аспаптық, пилоттық, құтқару, медициналық өртке қарсы навигациялық жабдықтармен жабдықталған және халықаралық сертификаты бар.
Тікұшақпен негізгі үш бағыт бойынша қызмет көрсетіледі, атап айтқанда, адамдарды құтқару, санитарлық авиация және орманды қорғау. Санитарлық авиация қызметі ауыр науқастарды шалғай жерлерден облыс орталықтарындағы емханаларға және білікті медицина мамандарын ауылдық жерлерге жеткізеді. «Айталық, жыл басынан бері «Қазавиақұтқару» АҚ ұшу құрамы мен құтқару авиациясы 565 рет ұшқан. Жалпы алғанда, әуе кемелерінің ұшуы 911 сағатты құрады, бұлар – іздестіру-құтқару жұмыстары, өрт сөндіру, оқу жаттығуларына қатысу, жеке құрамды жеткізу, аэрокөзбен шолу тексерулерін жүргізу және т.б. Санитарлық қызмет көрсету бойынша 366 рет әуеге көтерілді, нәтижесінде 347 емделуші тасымалданды, 17 шұғыл операция жасалды», – деді «Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры Андрей Косолапов.
Оның айтуынша, бүгінде техникалық және ұшқыштар құрамының дайындықтары жоғары деңгейде. Олар өрттің қай түрін болмасын өшіріп, адамдарды қандай қиын жағдайдан болса да құтқара алатындай дәрежеге жеткен. Тиісінше, тікұшақтар соған сәйкес жабдықталған. Алайда, әуепаркінің жетіспеушілігі сезілетін көрінеді. Осыны тілге тиек еткен «Қазавиақұтқару» АҚ Бас директоры ұшақ паркін жаңартып, тікұшақ паркін кеңейтуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Бұл бағытта серіктестері – Еурокоптер және Airbus компанияларымен тығыз жұмыс істеу үстінде екен. Сонымен қатар, Бас директор журналистерге берген сұхбатында кадр мәселесін де қозғай кетті. Айтуынша, биыл тұңғыш рет Азаматтық авиация академиясын тікұшақ ұшқышы бойынша бітірген тұңғыш түлектер «Қазавиақұтқару» АҚ қызметкерлері қатарын толықтырған, бүгінде олар зауыт базасында қайта даярлау курстарынан өтіп жүр. Бұдан бөлек, зейнет жасындағы әскери қызметкерлер де өздерін кәрілікке жеңдірмей, дайындық курстарынан өтіп, тікұшақ тізгіндеп жүр. Журналистерге осы ұшқыштардың кәсібилігі мен тікұшақтың қуаттылығын көрсету үшін кішігірім ұшу ұйымдастырылды. Сыйымдылығы 15-17 адамдық тікұшақ әуеге қалықтап көтеріліп, оның жерге қонуы да жайлы болды.

Басқару орталығының бүгінгі тынысы
Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында орналасқан. Бұл дағдарыс жағдайларында басқару орталығы – ТЖК-нің құрылымдық бөлімшесі. Орталық қызметкерлеріне жүктелетін негізгі міндет – республика аумағында жедел жағдайды бақылауда ұстау, жедел жағдай күрделенгенде халықты құлақтандыру, сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде апаттық-құтқару күштері мен құралдарын тұрақты және үздіксіз үйлестіруді қамтамасыз ету.
«Орталыққа тәулігіне 24 сағат, жылына 365 тәуік бойы еліміздің әр өңірінен хабарлама келіп түседі. Негізінен, бізге хабарламалар «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет арқылы келеді. Сондай-ақ, өрт пен техногендік апаттар, табиғи катаклизмдер туралы хабарламалар келіп түседі. Орталық, сондай-ақ, ауа райы болжамы қызметтерінен де хабарлама қабылдайды. Ескертпе смс хабарлар санаулы сағатта 200-300 адамға жіберіледі. Айталық, жыл басынан бері ТЖК жедел-кезекші қызметтері 1300 рет төтенше сипаттағы SMS хабарлама таратты», – деді Дағдарыс Батырқұлов. Төтенше жағдайлар туралы хабарлама келіп жеткен бойда орталықтың жедел кезекші ауысымы бұл туралы мәлімет жинап, өндей бастайды. Қауіп-қатер төнген жағдайда бұл туралы мағлұмат ТЖК мен ІІМ басшылығына жеткізіледі.
Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы бейнеқабырғамен қамтамасыз етілген. Төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның отырысы осында өткізіледі. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде жедел штаб та осында жиналады. Ауқымды төтенше жағдайлар кезінде жедел кезекші ауысымы күшейтіліп, жедел штаб құрылады. Және мұнда күнделікті сағат 8:00-ден бастап бейнеконференциялық байланыс арқылы әрбір облыс атқарылған кезекшілік бойынша қорытынды есеп береді. Біз барған уақытта тікелей байланысқа шығу арқылы Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының кезекшілік кезінде орын алған төтенше жағдайлар жайлы қорытынды есебі тындалып жатты…

Психологиялық процедуралардың пайдасы
Апаттар медицинасы орталығында төтенше жағдайларда зардап шеккендер және өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға медициналық қызмет көрсетіледі. Бұл орталықтың құрылғанына 23 жыл болған. Медициналық орталық міндетіне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық, апаттық-құтқару қызметтерінің жұмысшыларына амбулаториялық-медициналық көмек көрсету, сондай-ақ, апаттар медицинасы саласында мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын үйлестіру қызметі кіреді.
«Орталықта осы мақсатта дәрігерлер, фельдшерлер және жүргізуші-санитарлардан құралған медициналық бригадалар жұмыс істейді. Бұл үш адамнан тұратын жылжымалы бригадалар санитарлық автокөліктермен қызмет көрсетеді. Бұл санитарлық автокөліктер жол-көлік оқиғасы, су тасқыны, өрттен зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге арналған құрылғылармен жабдықталған. Осы жылдың тоғыз айында апаттар медицинасы орталығының күрежолдық медициналық құтқару пункттері 1104 рет шақыртуға шығып, 1092 адамды эвакуациялаған, сондай-ақ, зардап шеккен 2974 адамға көмек көрсеткен», – деді «Апаттар медицинасы орталығы» ММ бастығының орынбасары Татьяна Яровенко.
Апаттар медицинасы орталығының жұмысымен танысу барысында психологиялық қызметтің тыныштандыру бөлмесіне бас сұқтық. Қызмет бабында түрлі жағдаймен бетпе-бет келетін өрт сөндірушілер мен құтқарушылар осы бөлмеде психологиялық терапия алып, жан тыныштандыру процедураларынан өтеді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың эмоциялық күйін реттеп, жұмыс қабілеттілігін қалыпқа келтіру үшін демалыс бөлмесінде бар жағдай жасалған. Олардың бойларындағы стрессті жеңуге арналған арнайы заманауи құрылғылар бар. Мұнда кірген бойда жан тыныштығын тауып, ойнап тұрған әуезді әннің ырғағына елітіп, босаңси бастайсың.
Заманауи техникалармен жабдықталған демалыс бөлмесіне екі бірдей массаж орындығы орналастырылыпты. Бір қарағанда, бұлардың кәдуілгі жұмсақ орындықтан еш айырмашылығы жоқ болып көрінгенмен, психологтардың айтуынша, мұның адамның дене құрылысын жазуға айтарлықтай көмегі тиеді екен. Сондай-ақ, психологиялық күйзелісті жеңу үшін альфория, галакси деп аталатын арнайы құрылғылар да қолданылады. Қажеттілік туындаған жағдайда мұндай психо-диагностикалық процедуралардан кез келген құтқарушы өте алады.

Өрт сөндірушілер – өжет жандар!
Төтенше жағдайлар қызметінің Астана қаласындағы нысандарын аралау кезінде Астана қаласы №5 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де болдық. Жалпы еліміз бойынша тілсіз жауға қарсы қызмет ететін осындай 422 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Соңғы 10 жылда Үкіметтің қолдауымен 17 заманауи өрт сөндіру депосы тұрғызылып, қолданысқа берілген. Бұл, біріншіден, республиканың ірі қалалары мен елдемекендерінде өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыртса, екіншіден, 2 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Айта кететіні, елімізде күнделікті жауынгерлік кезекшілікке шамамен 2600 өрт сөндіруші жұмылдырылады. Жыл басынан бері өрт-сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі 3654 адамды құтқарып, 16105 адамды эвакуациялады. От пен судан тайсалмайтын азаматтық қорғау жауынгерлері осындай ерлік істерімен ерекше алғысқа бөленіп жүр.
Осы күні Астана қаласындағы №5 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі БАҚ өкілдерін есігін айқара ашып қарсы алды. Бөлім аумағында өтімділігі жоғары машина, өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, осы бөлім жанындағы «Құлагер» спортзалында өрт сөндіру спортынан жарыстар өткізілді. Сымдай тартылған өрт сөндірушілер санаулы секундттарда түрлі кедергілерден өтіп, өрт сөндіру тактикасы жаттығуларын көрсетті. Журналистер қауымы өрт сөндірушілердің дене дайындықтарына куә болып қана қоймай, баспалдақты өзімен алып жүріп, жоғары өрмелеу бойынша өзара жарысты. Бір күндерін құтқарушылардың қызметімен танысуға арнаған БАҚ өкілдерінің ерлік пен жүректілік қасиет иелеріне деген құрметтері арта түскені анық.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған