Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Сауапты қызметтің саңлағы

Сауапты қызметтің саңлағы

Астана қаласындағы №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің тарихы алпысыншы жылдардан басталады. Сондықтан да бұл ұжымды еліміздегі азаматтық қорғау саласының мектебі деуге болады. Мұнан осы салаға белгілі көптеген азаматтар түлеп ұшқан. Олардың бүгінгі әріптес ізбасарлары да осал емес. Солардың бірі – аға өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау аға сержанты Айдарбек Мейрамхан – қапсағай денелі, еңсегей бойлы, қарулы, күш-қайраты мол азамат екен. Сол күш-қайраты күнделікті орын алып жататын төтенше жағдайлар кезінде кәдеге жараса керек.
Айдарбек, әңгімені өзіңізден бастасақ. Қай ауылдың тумасысыз?
– Менің туған жерім – Моңғолия. 1985 жылы дүниеге келгенмін. Қазақстанға 1991 жылы көшіп келдік. Бірінші сыныпқа да осында бардым. Астана қаласының маңайындағы Воздвиженка деген ауылда №48 орта мектепті бітірдім. 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында Шекара әскері қатарында әскери борышымды өтедім. Ол жақта жүрген кезімде әскери салада қала берсем ғой деген ой болды. Ауылға келген соң үлкендер де бұл ойымды құп көріп, ағаларымның айтуымен төтенше жағдайлар саласына жұмысқа келдім. Осы №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 2008 жылдан бері қызмет етіп келемін.
Бұл сала сізді несімен қызықтырды?
– Мені қызықтырғаны – ең бір қиын-қыстау сәттерде адамдарға көмекке келу болды. Төтенше жағдайға тап болған адамдардың шарасыздықтан алас ұрып жатқан кезінде ең соңғы үмітін сөндірмеу деген мәртебелі міндет көбірек толғандырды. Сондықтан да бұл таңдауымның тегін болмағанына көптеген оқиғалар кезімде көзімді жеткіздім. Өйткені, жол-көлік, өрт оқиғалары кезінде жанталасып жатқан жандардың есінде көбірек қалып қойған екенмін. «Мен бәрі болды, біткен жерім осы деп ойлағам. Есімді бір жинағанымда сізді көрдім. Содан сіздің түр-тұлғаңыз есімде мәңгі қалып қойыпты. Мен сізді ұмытпаймын», – деп ризашылықпен қолымды қысқан адамдар аз емес. Сондай кездерде мамандығыңа деген мақтанышың, өмірге деген құштарлығың арта түседі. Өзім ішімнен «Жұмысыммен тек елге қызмет етіп жатқан жоқпын, сонымен бірге, сауап іс жасап жүрмін» деп медеу тұтамын.
Сондай оқиғалардың бір-екеуін айтып берсеңіз.
– Осы бөлімде қызмет етіп жүргеніме таяуда он жыл болады. Сондықтан ондай оқиғалар өте көп. Мәселен, бірде бір пәтерден түтін иісі шығады деген қоңырау түсті. Барсақ, темір есік, бесінші қабат. Есігін қақсақ та, қоңыраулатсақ та ешкім ашпайды. Содан сүйменмен есікті бұзамыз деп шешім қабылдадық. Өйткені, әр секунд қымбат. Бірақ, кілттің тұсынан салған сүйменіміз ұшы іле алмай шығып кете береді. Екі-үш жігіт кезек-кезек ашып болмаған соң, «Әкел, маған беріңдерші» дедім де, топсаның тұсынан сүйменді бар күшіммен сұғып жіберіп, жұлқып тартып қалғанда есікті босағасымен бірге, жақтау қабырғасымен бірге опырып жұлып алдым (күледі). Арғы жақтан түтін бұрқ ете түсті. Есікті ысырып тастап, ішке енсек, дәл табалдырықта бір әйел жатыр екен. Түтіннен уланып қалған. Жедел оны төменге алып кеттік те, ішке еніп өртті сөндірдік. Абырой болғанда от бықсып, есік ашылған соң азынақ жел соғып, енді ғана күш алған беті екен. Өрттің себебі плитадан екені анықталды. Ал одан да үлкен себебі, әлгі әйелдің ішімдік ішкендігінен болып шықты. Пешке бірдеңе қуыру үшін табаны қойған ол, өзі ұйықтап кеткен. Содан бір оянғанында түтінге уланып жаны қысылған соң есікке жетіп құлаған.
Жалпы жігіттердің маған риза болатын бір жері – денемнің ірілігі мен қайраттылығым. Қара күшпен жолдағы кедергілерді ысырып-ысырып тастап, көп жерде өрттің ошағына тез жететіндігім. Майырылып жатқан темірлерді, мәселен, көліктердің есіктерін тез ашатындығым. Көлік жолына кедергі болып тұрған блок іргетастарды ысырып-ысырып тастаған да кездерім болған.
– Осындай төтенше жағдайлар болмас үшін оқырмандарымызға не айтар едіңіз?
– Төтенше жағдайлардың пайда болу себебі әртүрлі. Негізі, біз өзіміз мұқият болсақ, мұндай жағдайлар болмас еді. Өрттің шығу себептеріне өте абай болу қажет. Өйткені, талай көзіміз жетіп жүргендей, өрт кезінде қайтыс болғандардың тоқсан пайызы – түтіннен уланып қалатындар. Енді алдымызда қаһарлы қыс келе жатыр. Ендеше, от жағатындардың қатары артпақ. Сондықтан да ошақтың қауіпсіздігіне де, ондағы жанған өрттің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарамаңыздар. Өз өмірлеріңізді сақтаңыздар дегім келеді!
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған