Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Әке жолы – ізгіліктің іздері

Әке жолы – ізгіліктің іздері

Әке жолын әр бала ұстанып, жалғастырып кете бермейді. Олардың өз қалауы болады. Бірақ, көңілі тоқтап, кезінде әке таңдаған мамандыққа сүйсінетіндер, сөйтіп соны таңдайтындар да болады. Сондай жанның бірі – Шымкент қаласы әл-Фараби полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сейтжомарт Сейтхан.
Ендеше бүгінгі әңгімеміз де – полиция династиясын жалғастырушы Сейітхан Сейітжомарт туралы болмақ. Ер балаға әрқашан әкенің үлгі болатыны рас. Сейітжомарттың әкесі Пайзулла Абдуллаев бар саналы ғұмырын ел тыныштығын қамтамасыз етуге арнаған жан. Зейнеткерлікке де полиция полковнигі шенінде шыққан. Жұмысы қанша ауыр болса да, әкесінің халықтың тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп, халықтың алғысына бөленуі Сейітжомартты шабыттандырып, осы бір қиындығы көбірек мамандыққа әкелді.
Тұрғындардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы басты күш – құқық қорғау органдары. Солардың ішінде полиция қызметкерлері ел тыныштығын күзетеді. Полицейлер ең қауіпті, ең күрделі жұмыстармен айналысады. Олар қылмыскерлерді тауып, құрықтайды. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл салада шыңдалып, қоғамның әрбір мүшесі үшін өмірдің қаншалықты маңызға ие екендігін жете түсіне білетін қаншама ер-азаматтар мамандығының майталманы атанды.
Пайзулла Абдуллаевтың абырой-атағы бір басына жетіп жатыр. Өмірлік серігі Үрилә Арынқызы екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп, оншақты немере сүйіп отырған ардақты ата-ана. Сейітжомарттың өзі өнегелі отбасынан шыққанын мақтан етеді. Полицейлер әулетінің династиясы деп бекер айтып атағанымыз жоқ. Пайзулла Абдуллаевтің туған інісі Сапар та – полиция полковнигі. Сейітжомарт болса, жас та болса бас болып, 300-ден аса қызметкерге басшы болып қызмет атқарып келеді.

Мақсаттарға мығым күшпен бет алып…
Кейіпкеріміздің өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек, Сейітжомарт Сейітхан 1980 жылдың 28 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Арыстағы М. Әуезов атындағы №1 орта мектебін 1997 жылы үздік көрсеткішпен аяқтап, көп ойланбастан сол жылы-ақ Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы МТК Жоғарғы тергеу мектебінің заң факультетіне оқуға түсіп, 2001 жылы ІІМ-нің Академиясын үздік дипломмен аяқтаған.
Алғашқы еңбек жолын 2001 жылдың наурыз айынан бастап, алғашында Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс стансасындағы ЖІІБ-нің Анықтау тобының анықтаушысы, Түркістан стансасындағы ЖІІБ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес тобының жедел уәкілі, Алматы стансасындағы ЖІІБ-нің Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі болып қызмет атқарды. 2002-2004 жылдары Алматы қаласындағы Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД-нің Криминалдық полиция басқармасында жедел уәкіл, 2004-2006 жылдар аралығында сол басқарманың аға жедел уәкілі болды.
2007 жылдың наурыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД КПБ-ның мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің жедел уәкілі, Отырар аудандық ІІБ-нің Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, облыстық ІІД КПБ-ның жедел уәкілі, аға жедел уәкілі болған. 2009 жылдың сәуір айынан бастап 2011 жылдың қазан айына дейін Төлеби аудандық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, ал 2011 жылдың 20 қазанынан бастап 2016 жылдың тамыз айы аралығында Кентау қалалық ІІБ-нің бастығы қызметін атқарған. Қазіргі таңда Шымкент қалалық ІІБ Әл-Фараби ПБ бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді. Бұның бәрін термелеп айтып отырғанымыз, Сейітжомарттың 37 жасының өзінде-ақ үлкен мектептерден өткенін көрсету еді.

Өмірді танысам деген талпыныс үнемі мазалау керек
Адамның өмірдегі ең басты тірегі – отбасы, бала-шағасы десек, Сейітжомарт бұл орайда да шүкір, көштен қалған жоқ. Жұбайы Салтанат Қалдыбекқызы екеуі Жансейт, Нұрсейт, Айзия сияқты ұл-қыз өсіріп отырған өнегелі ата-ана. Жан-жары Салтанат болса білікті дәрігер, Кентау қаласының клиникалық ауруханасында жұмыс істей жүріп, Халықаралық қазақ-түрік университетінде студенттерге дәріс оқиды, филология ғылымдарының докторы. Сейітжомарт болса, сүйікті жарына адал серік, алтын асықтай балаларына қамқор әке. «Жұмыстың көптігінен көбіне балаларымды ұйықтап жатқанда көремін», – дейді ол. Ал, таңертең ерте, түнде кеш қона қайтатын қызметтің қиындығы мен қызығы қатар жүретінін, әрине, біреу білсе, біреу біле бермейді.
Сөз арасында өмірлік ұстаным туралы әңгіме бола қалғанда: «Өссем, білсем, өмірді танысам деген талпыныс адамды үнемі мазалау керек», – дейді полиция подполковнигі. Қазіргі таңда заң ғылымдарының магистранты ретінде оқып жатқанын айтып қалды. Мұның өзі кейіпкеріміздің бір орында тоқтап қалмай, үнемі ізденісте жүретінін білдірсе керек. Әр мамандық өзінше қызық. Алайда, оның қиыншылығына төзе білу де шыдамдылықты талап етеді. Полиция подполковнигі Сейітжомарт Сейітхан секілді мамандығын шын сүйген азаматтар өз ісінің шебері екеніне күмән жоқ. Оның тынымсыз еңбегін елеп-ескерген басшылар Елбасымыздың 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығымен «ҚР Конституциясына 20 жыл» төсбелгісімен марапаттаған. Сондай-ақ, ІІМ екі мәрте «Үздік қызметі үшін» төсбелгісінің иегері. ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органында мүлтіксіз қызметі үшін» медалінің иегері. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін «Қазақстан полициясына – 20 жыл» төсбелгісін иеленгенін атап өткен жөн.
Сейітжомарт Сейтхан басқарып отырған әл-Фараби ауданы – Шымкент қаласындағы халық көп шоғырланған аумақ. 200 мыңнан астам халқы бар бұл ауданның қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Дегенмен, оның тыныштығын күзетіп, қылмыстың алдын алып, оны ашуда орасан еңбек етіп жүрген полицейлерді ұйымдастырып, басқарып отырған Сейітжомарттың еңбегі мол екеніне шүбә келтіруге болмас.

Мақсат – халықтың полицияға сенімін арттыру
2017 жылдың 10 тамыз күні Шымкент қалалық ІІБ Әл-Фараби ПБ-не ойын клубтарының біріне қарақшылық шабуыл жасалғандығы жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына жедел жеткен Әл-Фараби ПБ-нің жедел-тергеу тобының анықтағанындай, түнгі мезгілде суық қарулы бетперде киген адамдар ойынханаға баса-көктеп кіріп, күзетшіні қарумен қорқытып, ақша аппаратына оқ атып ақша алып кетуге әрекет жасаған. Бірақ, олар мақсатына жете алмады. Аталған жайт, әл-Фараби ПБ-нің бірыңғай сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркеліп, ҚК 192-бабы бойынша «Қарақшылық» қылмыстық ісі қозғалды.
Қарақшылық шабуылды ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерден жедел тергеу тобы құрылып, олардың жедел іс-шаралар жүргізу барысында «ізін суытпай» Шымкент қаласының тұрғындары, 1986 және 1988 жылдары туған үш күдікті ұсталды. Полицейлер күдіктілердің бірінің гаражын тінту барысында айғақты зат ретінде бетперде, автомат қаруы, «ПМ» травматикалық пистолеті және олардың оқтары тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚК 192-бабы «Қарақшылық» және 287-бабымен «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» туралы қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция бөлімінде жалпы 300-ден аса полиция қызметкері бар. Олар өз аумағындағы 200 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігі үшін еңбек етуде.
«Біздің мақсат – халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Олардың ықыласына ие болу үшін қылмысты дер кезінде ашу, оның алдын алу шараларын жүргізу, басқа да бізге міндеттелген жұмыстарды жүйелі тындыруымыз керек. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Ғимаратымыз жаңа. Полиция қызметкерлерінің жеке кабинеті, компьютері, қажетті құрал-жабдықтарының бәрі бар. Мұның бәрі тәртіп сақшыларының қызметін жоғары деңгейде атқаруына мүмкіндік береді», – деген Сейітхан Сейітжомарт бұл турасындағы ойымен бөлісті. «Қылмысты дер кезінде ашып, міндеттерін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбектері де басшылық тарапынан лайықты бағаланып жүр. Жыл өткен сайын қылмыс азайып келеді. Бұған полиция қызметкерлерінің қылмыстың алдын алу мақсатында атқарған шаруаларының да септігі мол», – дейді полиция подполковнигі.
Білікті басшының арқасында әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері қылмысты дер кезінде ашып, халықтың алғысына бөленуде. Сейітжомарт Пайзуллаұлы өз ұжымында әріптестерінің арасында салмақты, өз ісінің білгір маманы. Осы сөз бәрін анықтап тұрғандай.

Айткен ШӘМШІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция подполковнигі Талғат ҚОЖАБАЕВ: Спортшы полицейлерге қолдау көп

Спорт – тәртіп сақшыларының айнымас серігі. Бұған бүгінгі таңда талай ірі жарыстарда топ жарып жүрген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған