Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Әлемнің «Үздік қақпашысы»

Әлемнің «Үздік қақпашысы»

Полиция қызметкері — халықтың қорғаны. Олай болса, қылмыскерлермен күресетін сол сақшылар әлжуаз болмауы керек. Сондықтан ішкі істер саласының мамандары полицияға үміткерлердің арасынан спортшыларды құшақ жая қарсы алады. Болашақ тәртіп сақшысы түр-тұлғасы сымбатты, келбеті келісті, адамдармен сөйлесе білетін, өз ісінің шебері болуы тиіс.
Осындай спортшы жігіттердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы аудандық ІІБ-де қызмет атқарады. Ақпараттық орталықтың технигі, полиция старшинасы Аязбай Самат – футболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Шағын футболдан Қазақстан Республикасының және Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері арасында өткен жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
2005 жылы Көкшетау қаласында өткен спартакиадада топ жарды. 2006-2008 жылдар аралығында Голландияның Эйберген қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2006 жылғы чемпионатқа әлемнің 132 мемлекеті қатысып, «үздік қақпашы» атанған Самат Аязбайдың есімі полицейлер арасындағы шағын футболдың тарихына алтын әріппен жазылды.
«Үздік қақпашы» атанған сәтте Қазақстан туын желбіретіп, үлкен стадионда жүгіріп өткенде кеудесін мақтаныш кернеп, өзін бақытты сезінгенін ерекше тебіреніспен айтады. Әлем чемпионатының үздік қақпашысын анықтауда тойтарған соққылары, допты қағып алуы, сейфтері, әуелеп ұшып келген доптарды дарытпауы, пастарының дәлдігі және басқа да көрсеткіштері есепке алынған. Сондай-ақ, Самат 2010 жылы Қырғызстан Республикасының Талас қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің атынан талай жарыстарда атой салған Аязбай Саматтың еңбегі басшылық тарапынан да ескерусіз қалған емес. Ішкі істер минстрлігінің Алғыс хатына ие болса, облыстық ішкі істер департаменті тарапынан да бірнеше мәрте марапатталды. Ішкі істер органдарында 15 жылға жуық қызмет атқарып келеді.
«Жұмыс пен спортты қатар алып жүру қиынға соқпайды ма, яғни жұмысыңызға кедергі келтірмейді ме?» деген сауалымызға, «Жоқ, мүлдем кедергі келтірмейді, керісінше спорттың менің қызметіме берері мол. Себебі, біздің қызметіміз спортпен тығыз байланысты, бойыңда күш-жігерің, қайратың болуы керек! Жұмыстан кейін түрлі жаттығулармен айналысып, жарыстарға дайындаламыз», – деп жауап берді спортты серік еткен сақшы.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Он сайыстың үздіктері

Жақында ІІМ Оқу орталығында (Қостанай қаласы) алғашқы оқыту курсының тағылымдамашылары арасында спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған