Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Халықаралық қауіпсіздік хаттамасы

Халықаралық қауіпсіздік хаттамасы

Кеше Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында Каспий теңізінде қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманың жобасы бойынша сарапшылар кеңесінің отырысы басталды.
Оған еліміздің ІІМ Криминалдық полиция департаменті қызметкерлерімен қатар, Каспий маңы елдері, атап айтқанда, Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан Республикасы, Иран Ислам Республикасы ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты.
2010 жылы Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен үшінші Каспий саммитінде Каспий теңізінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылған болатын. Бұл Келісімде жағалау елдерінің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі және Каспийдегі құқық бұзушылықпен күрестегі өзара іс-әрекеттестігіне негіз болар маңызды ережелер қамтылған.
Осы құжаттың негізінде Қазақстан тарапының бастамасымен Каспий теңізінде терроризммен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы және шекаралық ведомстволардың ынтымақтастығы және өзара іс-әрекеттестігі туралы хаттама, Түрікменстан тарапының бастамасымен Каспий теңізінде биологиялық ресурстардың заңсыз кәсібімен (браконьерлікпен) күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама және Каспий теңізінде кеме қозғалысы саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама, сонымен қатар, Иран және Ресей тарапынан Каспий теңізінде есірткі құралдарының, психотропты заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама жобалары дайындалып, талқылану үстінде.
Сондай маңызды құжаттардың бірі – Қазақстан тарапынан ұсынылған Каспий маңы елдері ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмыспен күрес саласындағы ынтымақтастығы туралы хаттама жобасы.
Іс-шараны ресми ашып, алғашқы сөзді алған ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арманбек Баймурзин бұл кездесудің аталған Хаттама жобасы бойынша Каспий елдері ішкі істер министрліктерінің деңгейінде өткізіліп отырған алғашқы сарапшылар отырысы екендігін айтып өтті.
«Бұған дейін бұл жоба Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдарына жолданып, енді аталмыш Келісімнің қатысушы-елдеріне ұсынылып отыр.
Трансұлттық қылмыспен күресу жалғыз мемлекеттің қолынан келмейді. Сондықтан да біз халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша екіжақты форматта да, аймақтық ұйымдар шеңберінде де құқықтық және практикалық шараларды қабылдап келеміз.
Бұған дейін біздің елдердің басшылары «Каспий бестігі» шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын, теңізде заманауи құқықтық жағдай қалыптастыру мен оның бірегей табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын сақтаудың жолдарын әлденеше рет талқылаған болатын. Бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз – Каспий маңы елдері ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмыспен күрес саласындағы ынтымақтастығы туралы хаттама жобасы да аталған бастамалардың жалғасы болып табылады. Біздің министрліктердің қызметі үшін мұның маңызы зор. Бұл іс-шарамыз достық, өзара түсіністік және серіктестік жағдайында өтеді деп сенемін», – деді.
Бұдан әрі отырыс ІІМ Криминалдық полиция департаментінің қызметкері Нұржамал Көпежанованың төрағалығымен аталған Хаттаманы талдау кезеңімен жалғасын тапты. Әзербайжан Республикасы ІІМ ресми өкілі Насими Шычаров, Иран Ислам Республикасы ІІМ қауіпсіздік және халықаралық ынтымақтастық тобының бастығы Әмір Резаи, РФ ІІМ ресми өкілі Андрей Гир, Түрікменстан Республикасы ІІМ ресми өкілі Гелдімұрат Велиев өзара ой бөлісіп, Хаттаманың әрбір бабын талқылап, ортақ шешім шығару үшін пікір алмасты. Сарапшылар кеңесінің соңғы қол қою рәсімі бүгін өтпек.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Орталық аппарат қысқы киімге көшті

12 қазан күні Ішкі істер министрлігінде Ұлттық ұланның әскери оркестрінің қатысуымен орталық аппараттың жеке құрамы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған