Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Жауынгерлік қызмет – сарбазға міндет

Жауынгерлік қызмет – сарбазға міндет

АЛМАТЫ ЖАЙЛЫ ОЙ ҚОЗҒАҒАНДА…
Алматы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болары шындық. Еліміздің ең ірі мегополисі. Өзінде екі миллионға жуық адам тұрса, оның сыртында үш миллионның асты-үстіндегі тұрғын осы қаламен тағдырларын байланыстырған. Осыдан-ақ, Алматыдағы халық нөпірін бағамдай беріңіз.
Ең бастысы Алматы – Тәуелсіздік туы тігіліп, аңсаған арманымызға жеткен, егемендіктің таңы арайлап атқан қазақ халқының қастерлі қаласы. Тарих – біздің өткеніміз. Сол өткенге үңілсек, Кеңес үкіметі кезінде, қызыл компартиядан «КСРО-ның қай жері адам жанына жайлы жұмақ екендігін анықтап біліңіздер» деген нұсқау түсіпті. Іле-шала талай зерттеу мекемелері іске кірісіп, қорытындысы да дайын болыпты. Нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысы адамның өмір сүруіне табиғи тұрғыда ең жайлы жер деп танылған екен. Иә, қазекеңнің «Жер жәннаты – Жетісу» дегенінің тегіннен-тегін айтылмағанын осыдан-ақ байқауға болады.

БІЗ АЛМАТЫНЫНЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫН СЕНІМДІ ҚОРҒАЙТЫН БОЛАМЫЗ
Алматы мегополисінің тыныштығын қамтамасыз ету – бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. Елбасымыз: «Ел бірлігі – ең басты байлық, тыныштық – басымыздағы бақ», – деп айтудай-ақ айтып келеді. Шынымен де, төте орамды айтылған ұлағат. Тыныштықсыз, ел бірлігінсіз егемендіктің арайлы күндер санаулы, қуаныштың арты бір-ақ тұтам болары анық.
Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Алматының тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай. Алматыда Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы орналасқан. Күш-қуат ведомствосының ең ірі құрылымы. Бұл қолбасшылыққа мегополистен өзге Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Қаладағы құрылымдық бөлімшелердің бірегейі – 5571 әскери бөлімі. Бүгінгі біздің оқырманмен бөлісер ақпаратымыз – сол әскери бөлімнің 2-ші жедел мақсаттағы батальоны жайлы. Жуырда біз аталған бөлімшеге барып, жауынгерлік қызметтерімен танысқан болатынбыз. Бізді емен-жарқын қарсы алған ұжым «Біз Алматының тыныштығын сенімді қорғайтын боламыз» дейді бірауыздан.

АРШЫНДЫ АДЫМ
5571 әскери бөлімнің 2-ші жедел мақсаттағы батальоны әскери бөлімнен жеке дара бөлек орналасқан. Ұжым Алматы қаласының Тимирязев және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы қалалық Жол-патрульдік полиция басқармасының тура іргесінде қоныс тепкен.
Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының ифрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы он жылдың жүзі бола қоймаса да, азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 2-ші батальон және бір дәлел бола алады.
Журналистік міндетімізді атқарып, бөлімшенің тыныс-тіршілігімен танысуға келген бізді кіреберіс қақпа алдында батальон командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, капитан Саламат Әмірханов қарсы алды. Сөз саптауынан, мәселенің мән-жайына дендеп, жүктелген міндеттерін жілік-жілігіне дейін шағып айтып беруінен-ақ, Саламаттың болашағынан зор үміт күттірген офицер екенін аңғару қиын емес. Емен-жарқын сөйлесіп кеттік. 2009 жылы Әскери институтты тәмамдапты. Содан бері осы әскери бөлімде қызмет баспалдақтарынан өткен, жігерлі, қайратты офицер.
Батальон командирі, аға лейтенант Қанат Рахпанов іссапарға шығып кетіпті. Ол Әскери институттың 2009 жылғы түлегі екен. 5571 әскери бөлімде офицерлік қызмет жолын бастаған. Өткен жылдың қазанынан бастап ұжымға басшылық жасауда.
«Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, оның орынбасары капитан С. Әмірханов екеуміз батальонды аралауға кірісіп кеттік. Әуелі таңдандырғаны – батальон аумағының айнадай тазалығы, қисайып, қыңыр тұрған бір зат жоқ. Ары-бері өткен жауынгерлер тәртіпке сай әскери сәлемдесіп, ыждаһаттылықпен қимылдайды. Жаттығу алаңындағы жауынгерлердің ширақ қимылын көріп көңілің толады.
– Ел үшін жан алысып, жан беріскен ерлердің арқасында ұлан-ғайыр жерге иеміз. Жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орындамыз. Тарихтан оқып, білгеніміздей, халқымыз өздігінен өзгеге тиіспеген. Көршілердің жеріне көз алартпаған. Ал, басқалар басынғысы келіп, бодандық қамытын саламыз десе, бытырап, шашылып жатқан халық әп-сәтте жұдырықтай жұмылып, бастары бірігіп, тас түйін болып түйіліп, қандай болмасын жауына тойтарыс бере білген. Сондықтан еліміздің ана шеті мен мына шетіне ат айлап жүрсе, жүйткіген пойызыңның өзі де 4 күннен астам гүрсілдеп әрең жетеді. Осы жерімізді қорғап, шекарасын қызғыштай қорып, ұлттық қауіпсіздігімізді баса назарда ұстау бүгінгі ұрпақтың еншісінде, – дейді капитан Саламат Әмірханов. Иә, өте тауып айтылған сөз. Іштей азаматқа риза болып қалдым да.
Батальонның бас тәрбиешісі сөзін жалғап:
– Әр әскери қызметшіміз Отаны мен туған еліне қызмет етуді өзіне абырой санайды. Бүгінде батальонда өзінің үлгілі тәртібімен, асқан шеберлігін көрсетіп, абыроймен жұмыс атқарып жүрген азаматтарымыз баршылық. Айталық, жедел мақсаттағы 4-ші ротаның старшинасы 3-ші сыныпты сержант Айбек Атамқұлов, батальонның биылғы «Үздік жүргізушісі» байқауының жеңімпазы сержант Нұрман Тәукебаев, «Үздік әскери жасақ» байқауының жеңімпазы жедел мақсаттағы 2-ші батальонның бөлініс бастығы, старшина Сәкен Исаев, «Үздік бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші» жедел мақсаттағы 6-шы ротаның бөлімше командирі Нағашыбек Байларовты ерекше атап өтуге болады. Басқа әскери қызметшілер де олардан үлгі алады деген ойдамын, – деп тоқталып өтті.
Сырт көз – сыншы. Жауынгерлермен тілдесу – арнайы ат басын бұруымыздың бас жоспарында бар дүние. Батальонның барлық жауынгерлерімен әңгімелесіп, ой-пікірлерін де білдім. Әртүрлі сауалдар қойдым. «Араларыңда «дедовщина» бар ма?» деп те суыртпақтақ сұрақ қоям, ал олар болса бірауыздан тек «жоқ» деген сөзді қайталап, «Тамағымыз тоқ, алаңсыз елге қызмет атқарып жатырмыз, майор мырза», – дейді. Жас жауынгерлердің көздерінде от, жанарларында ұшқын. Аса бір ыждаһаттылықпен Отан алдындағы борыштарын өтеп жатқандарын аңғару қиын емес.
Атыраулық 4-ші рота жауынгері Ермек Амангелді: «Мен өзімді Ұлттық ұлан жауынгері болып елімді қорғауға атсалысқаным үшін мақтанамын. Ол мен үшін үлкен мақтаныш. Отансүйгіштік дегеніміз – өз жеріңе, өз халқыңа деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар, өз Отанына анам, жаным, жүрегім, өмірім, қаным деп қарап, өмірін қиюға даяр бола алу. Мен Отаныма адал қызмет ете бермекпін», – деп ағынан жарылды. Ал 5-ші ротаның жауынгері Қуандық Мағаз әскер қатарына Өскемен қаласынан шақырылыпты. «Өзімнің Ұлттық ұлан қатарында әскери борышымды өтеуге шақырылғанымды тағдырдың маған берген сыйы деп білемін. Өйткені, Отан-ананы қорғап, өзімнің бір қажетке жарап жүргенімді сезіну қандай бақыт десеңізші. Адам қиыншылықты көрмесе, жеңілдіктің қадірін біле ме, жүрегінде сарғайған сағынышы болмаса, өзіне не қымбат екенін бағамдамдай алар ма еді. Бүгін біз әскери өмірдің аз-кем ауыртпашылығын көрсек те, бойымыздағы Отанға деген ыстық ықыласымызды шыңдап, оның қадірін жете ұғынудамыз. Ата-ана, отбасыларымызды сағына отырып, туған ел, туған жердің құдіретін бағамдағандай болдық десем, артық айтқандық болмас», – дейді өрелі жауынгер.
Бүгінде батальонның техникалық жарақтандырылуы жоғары дәрежеде. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген. Жақында ғана биыл көктемде әскер қатарына шақырылған жауынгерлер Әскери анттарын қабылдап, алғашқы жауынгерлік міндеттерін атқара бастаған.
Жалпы алғанда, әскери бөлімше жеке құрамының күшімен 1027 әкімшілік құқық бұзушы әшкереленіп, 19 қылмыстық оқиға дерегі ашылған.
Капитан С. Әмірхановтың айтуынша, жауынгерлік қызметпен қоса жауынгерлердің тәрбиесі мен танымдық өресін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді екен. Мәселен, күнделікті тәрбие сағаттарынан өзге жауынгерлер қаладағы танымдық орындарға саяхаттауға жиі шығып тұрады. «Мұндағы сарбаздардың 80-90 пайызы ауылдық жерде туып-өскен балалар. Көпшілігі Алматыны тек естігені болмаса, жолы түсіп көрмегендер. Біз оларды әр аптаның соңғы күндері мұражайларға, саябақтарға, аңдар саябағына апарып тұрамыз. Бұл да адам тәрбиесінің бір тетігі болып табылады», – дейді батальонның бас тәрбиешісі.
Қорыта келгенде, өздеріне сеніп тапсырылған жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатқан 5571 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы 2-ші батальонына өздері еңсерген биіктерден аласармай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз.

Арман ӘУБӘКІРОВ, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Есілдегі ескерту шаралары

3 желтоқсанда елордалық ТЖ департаменті мен қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері бірлесіп, Есіл өзенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған