Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Өнегеге толы өмір жолы

Өнегеге толы өмір жолы

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында саналы ғұмырын әскери журналистикаға арнап, Ұлттық ұланның имиджін арттыруға өлшеусіз үлесін қосқан «Қалқан» газетінің бас редакторы, полковник Қуаныш Қожахметовті әріптестері құрметті зейнет демалысына салтанатпен шығарып салды.
Қаламды қару еткен Қуаныш Әбілмәжінұлы әскери қызметінде қатардағы сарбаздан полковникке дейін, ведомстволық басылымдардың тілшісінен бас редакторлыққа дейінгі қызмет баспалдағымен көтерілген білікті маман.
Бүгінде ол кәсіби біліктілігі жоғары офицер, мейірімді ұл, ардақты аға, адал жар, қадірлі әке, сенімді дос, айналасына сыйлы азамат. Біз бұған Қуаныш Әбілмәжінұлын зейнетке шығарып салу құрметіне арналған кеште тағы бәр мәрте көз жеткіздік. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, жеке құрамы, жылдар бойы бірге қызмет еткен әріптестері, қаруластары, үзеңгі жолдастары, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген ведомстволардың баспасөз жетекшілері, ведомстволық басылым басшылары Қуаныш Әбілмәжінұлының қуанышына ортақтасып, осы кештің құрметті қонақтары болды. Әріптестері кеш барысында оның кісілігі мен кішілігі жайлы айтып, жылы лебіздерін жаудырды. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан мүддесі үшін қызмет еткен Қуаныш Қожахметов отбасы мүшелерімен бірге сахна төрінде отырып, құттықтаулар қабылдады. Кешті өткізуге ұйытқы болған ұландық әріптестері оның өмір жолынан сыр шертетін суреттерді экраннан көрсетіп, тарих қойнауына енген күндерді көз алдына алып келді.
Қуаныш Әбілмәжінұлының әскерилер қатарына қосылуына сол кезде, яғни егемендігімізді алып, өз алдына тәуелсіз ел болған жылдары офицерлердің жетіспеушілігі түрткі болған екен. Жан қалауымен әскери саланы таңдаған Қуаныштың бұл шешіміне өкінген кездері болмаған. Еңбек жолына тоқталсақ, ол құқықтық тәртіп әскері қатарындағы қызметін ІІМ Ішкі әскердің тәрбие жұмысы құрылымдарынан бастаған. 2003 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік бітірген. 2008-2013 жылдар аралығында Ішкі әскер баспасөз қызметінің жетекшісі болды, содан бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс қызметінен «Қалқан» газетінің бас редакторы лауазымына дейін өсті. Қуаныш Қожахметов келісімен әскери басылымдар – «Бүркіт» журналы мен «Қалқан» газетіне жаңа рең кіргізді.
«Бұл азамат өз жұмысына жауапты, жүктелген міндетіне мығым әрі нық. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан беру осы күнге дейін кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның имиджін арттыруға қосқан үлесі орасан зор. Ұлттық ұлан жайлы үздіксіз жарияланған мақалалар, телеарнадан көрсетілген сюжеттер, радиодағы хабарлар, мұның барлығы – Қуаныштың еңбегі. Өз ісіне берілген кәсіби маман Қуаныш әріптестерінің ортасында сыйлы, барлық БАҚ-тың, оның ішінде телеарна басшылары, газет редакторлары, сайт жетекшілерімен етене жақын таныс, жылы қарым-қатынас орнатқан. Саналы ғұмырын әскери салаға арнаған Қуанышқа үнемі қолдау білдіріп, қиын уақытта бірге болған аяулы жары Мағрипаға да ерекше алғысымды айтқым келеді», – деді құттықтау сөзінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхамедқали Сатов.
Қызметіне жан-тәнімен берілген Қуаныш Қожахметов БАҚ беттерінде құрылым жұмысын жария етудегі белсенділігі үшін ІІМ және Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте құрмет грамоталары мен айрықша белгілер, сонымен қатар, 14 медальмен наградталған. Әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп, оның сатыларынан мүлтіксіз өтіп, өзінің соңынан ерген ізбасарларына үлгі, өнеге бола білді.
Оның отбасына келсек, әскери қызметтегі азаматтың үйде болғаннан түзде болатын күндері көп қой. Ел әскерінің мүддесі жолында аянбай тер төккен Қуаныш Қожахметовке аяулы жары Мағрипа сүйеніш бола білді. Олардың отасқандарына 28 жыл болған. Екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр. Қазіргі күні тұңғыштары Гүлден С. Сейфуллин атындағы Аграрлық-техникалық университеттің 3-курс студенті. Ал араға жылдар салып дүние есігін ашқан Ақбота бүгінде төрт жаста. Орта жасқа келгенде екінші мәрте әке-шеше атану бақытын сыйлаған кішкентай бүлдіршін бүгінде оларды қылығымен баурап жүр.
Қуаныш Қожахметов кеш барысында өзінің құрметіне өткізіліп отырған салтанатқа келген әріптестері, Ұлттық ұланның басшылық құрамы мен дос-жарандарына осындай ілтипат көрсеткендері үшін ерекше толқыныс үстінде алғысын айтты. «Мұның бәрі бір адамның емес, Ұлттық ұлан мүдесі үшін қызмет етіп жүрген әріптестерімнің, ұжымдық жұмыстың жемісі. Өмір есігін ашқан күнімнен бүгінге дейін жүріп өткен жолыма шолу жасап, осындай кеш ұйымдастыруға ұйытқы болған генерал-майор Мұхамедқали Сатов, оның ұсынысын бірауыздан қолдаған Бас қолбасшымыз, генерал-лейтенант Руслан Фатихұлына ерекше алғысымды айтамын. Осыдан 20 жыл бұрын мен әскер қатарына келгенде зейнетке шығу деген үлкен белес сияқты көрінетін. Тіпті, полковник шенін аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бүгінгі күні осындай дәрежеге жетуімнің өзі Сіздердің демеулеріңіз бен қолдауларыңыздың арқасы деп айта аламын», – деді кеш иесі.
Кеш барысында Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің өнерпаздары жауынгерлік рухты көтеретін әндер шырқап, қуаныш иесін осылайша құттықтады. Құрметті зейнет демалысына шығарып салу кешінде кеш иесінің әріптестері сый-сияпат көрсетіп, қазақтың салты бойынша үстіне шапан жапты. Запастағы полковникке және оның отбасы мүшелеріне Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан естелік сыйлықтар тарту етілді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагер құтқарушы марапат алды

5 желтоқсанда Петропавл қаласында «Қызыл жарты айдың» облыстық филиалы Халықаралық волонтер күнін атап өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған