Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Шекаралық ынтымақтастық жолында

Шекаралық ынтымақтастық жолында

Жуырда Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы ішкі істер құрылымдарының шекаралық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірлескен кездесу өтті.
Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстармен шектеседі. Осыған байланысты бірлескен жұмысты байланыстыру және аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің біріккен алқасын өткізу дәстүрге айналды. Дәстүр бойынша аталған облыстардан, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы өңірлерінен ішкі істер органдарының өкілдері бас қосты.
Шара қонақтардың «Жеңіс» алаңында гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, одан әрі арнайы белгіленген маршрутпен қонақтарды өңіріміздің тарихи орындарымен таныстыру үшін Қадыр Мырза Әлі атындағы шығармашылық орталыққа дейін экскурсиямен жалғасты. Кейін қаламыздағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы) және Ресей Федерациясы (Саратов, Самара, Волгоград, Орынбор, Астрахань облыстары) ішкі істер органдары өкілдерімен екі елдің шекаралық ынтымақтастығын қалыптастыру бойынша қызметтік кездесу өтті.
Кездесуде есірткі бизнесіне қарсы күрес, халықаралық терроризм, діни экстремизм және заңсыз көші-қон арналарының алдын алу мәселесі талқыға түсті. Аталған бағытта бірлескен шаралар қолдану және тәжірибе жүзінде өзара іс-қимыл жасасуды жетілдіру мәселелері қаралды. Кездесуге Ресей ІІМ Орынбор облысы бойынша бас басқармасының бастығы, полиция генерал-майоры Михаил Давыдов, Ресей ІІМ Саратов облысы бойынша бас басқармасы бастығының орынбасары, ішкі қызмет генерал-майоры Андрей Коновалов, Ресей ІІМ Волгоград облысы бойынша бас басқармасының бастығы, полиция генерал-майоры Андрей Подолян, Ресей ІІМ Саратов облысы бойынша бас басқармасы бастығының орынбасары, ішкі қызмет генерал-майоры Александр Бегунов, Ресей ІІМ Астрахань облысы бойынша басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дамир Сатретдинов қатысты.
«Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде қару және есірткі заттарымен заңсыз айналысқан қылмыстық топ қолға түссе, сондай-ақ, аса ауыр қылмыстары бойынша халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер анықталып, ұсталды. Айта кету керек, соңғы үш жыл ішінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Ресей Федерациясында Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті іздестірген 20 қылмыскер анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы аумағында Ресей құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 37 қылмыскер құрықталды», – деді Батыс Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М. Аблазимов өз баяндамасында.
Мұндай бағыттағы жұмыстарға Қазақстан және Ресей Федерациясы Ішкі істер министрліктері бірлескен алқасы аясында бекітілген ведомствоаралық келісімнің тың серпін берері анық.
Департамент бастығы өз сөзінде облыс басшылығына ризашылығын білдіре отырып, жергілікті атқарушы органдардың қолдауы нәтижесінде бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті. Соның ішінде қылмыстың деңгейі 13,8%-ға дейін төмендеді, аса ауыр қылмыстар 30,3% және ауыр қылмыстар 16,2%, орта дәрежедегі 9,9%-ға дейін азайғанын жеткізді. Кеңеске қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев екі ел арасында барлық салада, соның ішінде қылмыс атаулымен күресте өзара тиімді қарым-қатынастың маңызы зор екендігін атап өтті. Жиын барысында шекаралық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылды нығайту туралы РФ Ішкі істер министрлігінің бес облыстағы бас басқармасының басшылары өз ой-толғамдарын білдіріп, әсіресе, халықаралық терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы мен бизнесіне, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күреске ерекше назар аударды. Мысалы, РФ ІІМ Орынбор облысы бойынша бас басқармасының басшысы Михаил Давыдов қылмыспен күрес шекаралас аймақтар үшін айрықша маңызға ие болып отырғанын, сондықтан бірлесіп жұмыс жасаумен бірге жаңаша іс-тәсілдерге көшу қажеттігін жеткізді. Заңсыз көші-қон, есірткі мен қару тасымалы секілді қауіпті құбылыстарға тосқауыл қоймайынша, мемлекеттің тыныштығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл ретте халықаралық қылмыстық топтардың жолын кесу үшін үйлесімді жедел іздестіру шараларын жүргізудің мәні зор. Халықаралық терроризм мен діни экстремизм қаупі төніп тұрған мезгілде екі елдің арнайы қызметтері бақылауға алған адамдардың байланысын да дер кезінде анықтай білу керек. РФ ІІМ Саратов, Астрахань, Волгоград және Самара облыстары бойынша бас басқармаларының басшылары да ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесу соңында өзара шекаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы ішкі істер құрылымдарының шекаралық ынтымақтастығы бойынша бірлескен кеңестің Хаттамасына қол қойылды.

Асылай ГУБАШЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Жемқорлыққа жол берме!

Қызылорда облыстық ІІД-де полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуға бағытталған «Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған