Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Әділ тест – әмбебап кадр даярлау тетігі

Әділ тест – әмбебап кадр даярлау тетігі

Ішкі істер органдарында кадр даярлаудың сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты жоспарда баса көңіл бөлінген мәселелердің бірі – құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу. Бұл туралы аталған жоспардың 29-қадамында нақты айтылған. Әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерекшеліктеріне сәйкес бірыңғай қызмет ету ережесін енгізу жайлы да нақты берілген.
Осыған орай 2017 жылдың басынан бастап құқық қорғау қызметіне жұмысқа тұруды мақсат еткен азаматтарға тестілеуді ұйымдастыру мен бағдарламалар Ережесі күшіне енді. Осы жаңа жүйенің өзгешеліктері туралы біз жуырда ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясы Кадр жұмысы бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Б. Құсайыновпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Бақберген Алтынбекұлы, құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтарды тестілеуді ұйымдастыру мен бағдарламалар Ережесі енгізілгелі де біраз уақыт болды. Соңғы жылдардағы осы өзгерістердің ерекшелігі мен бүгінгі нәтижесі қандай?
– Құқық қорғау органдарына жұмысқа тұратын азаматтарға арналған бұл жаңа өзгерістер Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» жоспарына байланысты қолға алынған шара. Аталған жоспар талаптарын жүзеге асыру мақсатында үміткерлерді құқық қорғау органдарына қабылдаудың әкімшілік мемлекеттік қызмет стандарттарына сәйкестендірілген ашық, көпсатылы және жүйеленген іріктеу нұсқасы жасалды. Бұл жүйе үміткерлерді іріктеуде олардың жеке тұлғалық сапасы мен дайындығын мұқият тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да арналған. Құқық қорғау органдарына үміткерлер мемлекеттік тілден, Қазақстан Республикасы заңнамаларынан және жеке тұлғалық сапа мен әңгімелесуден тестілеуден өткізіледі.
Жоғарыда аталған екі кезең бойынша тестілеуден өту «Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» агенттігінің тікелей қатысуымен жүргізіледі. Заңнамалар бойынша жүргізілетін тестілеу үміткердің теориялық білімін анықтауға арналған. Атап айтар болсақ, тест сұрақтары Конституцияны, Қылмыстық кодексті, Қылмыстық іс жүргізу кодексін, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексті, сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі туралы», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің этикалық кодексі» заңдарын білуге арналған сұрақтардан тұрады.
Үміткердің жеке тұлғалық сапасын бағалау дегенді қалай түсінуге болады?
– Бұл үміткердің ұйымдастырушылық, азаматтармен жұмыс істей білу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне түсіністікпен қарау, оны шешудің жолдарын ұйымдастыру, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жол бермей мемлекеттік қызметкердің этикасын сақтау қабілеттерін анықтайтын жаңа нұсқа. Осы тест арқылы үміткердің мықты және әлсіз тұстары анықталады. Егер нақты айтар болсақ, үміткердің жеке тұлғалық сапасын анықтауға арналған тестілеу бағдарламасы адамның алғырлық, ізденімпаздық, ұшқыр ойлы, білімділік, стратегиялық ойлау, басшылық қасиеттерін анықтауға арналған және жоғарыда айтқандай сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу болып табылады. Әңгімелесу кезінде үміткер кәсіби құзыры мен машықтарын, жеке қасиеттерін көрсетуі қажет, қойылған сұрақтарға өз көзқарасы мен позициясы болуы керек.
Жаңа нұсқа бойынша қанша тестілеу бағдарламасы қарастырылып отыр?
– Құқық қорғау органдарына іріктеудің жаңа механизмінде бұрынғы бағдарламалар саны үшке дейін қысқартылған және олар барлық органдарға бірдей. Көпшілік білетіндей, құқық қорғау органдарында 13 бейіндік тестілеу бағдарламасы қарастырылған болатын, олар заңдар саны және өту белгілерінен тұратын. Егер ішкі істер органына үміткер екі бағдарлама бойынша 5 заңнан білімін көрсету керек болса, прокуратура органына үміткерлер 13-тен 20 заңға дейін тестілеу бағдарламасынан білімдерін дәлелдейтін.
Жаңа ережеге сәйкес бірінші бағдарлама 9 нормативтік құқықтық актіден тұрады және ол аға басшы құрамға үміткерлерді іріктеуге арналған. Екінші бағдарламаға 7 нормативтік құқықтық актілерден сұрақтар енгізілген, одан орта басшы құрам лауазымына үміткерлер өтеді. Үшінші бағдарлама бойынша кіші басшы құрам мен қатардағы құрам 5 заңнан білімдерін дәлелдеулері керек. Әр бағдарлама бойынша сұраққа жауап бергеннен кейінгі өтудің деңгейі көрсетілген.
Тестілеуге өтініш берудің ережесі қандай?
– Тестілеуге алғашқы рет құқық қорғау органына кіретін үміткерлер электрондық үкімет немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну арқылы жазыла алады. Сондай-ақ, олар тестілеу өтетін уақыт пен күнді ғана емес, өздеріне ыңғайлы қаланы да таңдай алады.
Сіз тестілеу жұмыстары әділ әрі шынайы болады деп айттыңыз. Бұл талап қалай жүзеге асырылады?
– Бұл ережеде жұмыстардың шынайы өтуін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Біріншіден, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тестілеу залдары ұялы телефонды өшіру құрылғыларымен және үміткерді идентификациялау мақсатында карт-ридермен жабдықталған. Әр жұмыс стансасында үміткерді фотоға түсіру және тестілеу процесін бейнебақылау арқылы қадағалайтын құрылғылар бар.
Тест тапсырып отырған үміткерлердің өзара сөйлесулеріне, материалдар алмасуларына, қағаз немесе электронды тасымалдағыш құралдарын пайдалануларына тыйым салынған. Бөлмеден шығуға рұқсат жоқ. Тестілеу жүріп жатқан кезде қабылдағыш-тасымалдағыш электрондық құралдар, яғни ұялы телефондар және басқа да электрондық жабдықтарды пайдалануға ешқандай мүмкіндік болмайды.
Ережеде тестілеу мемлекеттік қызмет ісі бойынша уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің мемлекеттік қызметшісі болып табылатын әкімшісінің, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының тестілеу операторының қатысуымен өткізіледі деп жазылған. Тестілеу жұмыстарын техникалық жағынан қамтамасыз ету, тестілеу сұрақтарының базасын қалыптастыру және оларды жаңартып отыруды «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару Ұлттық орталығы» АҚ жүзеге асырады. Осы шаралардың бәрі тестің шынайы әрі әділ өтуін қамтамасыз етеді.
– Ал, осындай әділ әрі шынайы тестілеуде жақсы нәтиже көрсеткен үміткерлерді одан ары не күтіп тұр?
– Тестілеу қорытындысы бойынша үміткерге заңдарды білетіндігі және жеке тұлғалық білім деңгейінің көрсеткіштері туралы сертификат беріледі. Бұл құжаттар бір жыл бойы жарамды және үміткерге еліміздегі барлық құқық қорғау органдарының конкурстарына қатысуға құқық береді. Егер тест тапсырушы тест нәтижесімен келіспесе, ол ережеде қаралған тәртіпке сәйкес арыздануға құқығы бар.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Жемқорлыққа жол берме!

Қызылорда облыстық ІІД-де полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуға бағытталған «Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған