Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Заңдылықты сақтау – конституциялық міндетіміз

Заңдылықты сақтау – конституциялық міндетіміз

Қылмыс пен жалпы құқық бұзушылықтар – кез келген қоғамның, мемлекеттің алға дамуын тежейтін, адамның құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттің мүддесін елеулі және басқа да әртүрлі дәрежеде бұзатын әлеуметтік құбылыс ретінде кері әсерін тигізеді.
Даму бағытын таңдаған тәуелсіз, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қазақ елінің Президенті және мемлекеттік билік тармақтары да құқық бұзушылықтармен күрес жүргізуді ел саясатының алғышарттарының бірі етіп нақтылаған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы мемлекетіміздің дамыған 30 ел қатарына қосылу бағыттарын алғаш белгілейтін «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мемлекет тәртіпсіздікке «мүлдем төзбеушілік» принципін ұстануға тиістігін, дамыған қоғам барлық жерде тәртіп орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталатынын атап өтіп, сол арқылы Үкіметке құқық қорғау жүйесін реформалау және 4 кодекстің жаңа жобаларын дайындауды тапсырған болатын.
Содан бері, міне, 5 жыл өтті, Президенттің аталған тапсырмалары орындалып, тіпті біздің қоғам үшін кезінде қалыпты жағдай болып табылған көшелерді ластау, кез келген жерде шемішке шағып, темекі шегу, коммуналды қалдықтарды тастап кету сияқты әрекеттер тыйылып отыр. Бұл көрсеткіштер қоғамымыздың жаңашаланған, оңды құқықтық санасының қалыптасу үстінде екендігінің және қоғам мәдениетінің қалыптасып жатқандығының айғағы.
Дегенмен, Астана бір күнде тұрғызылмайтыны сияқты, атқарылған іс-шаралар салдарынан құқық бұзушылықтар санының күрт азаюы да 5-6 жылда бола қоймайды: құқықтық жүйені реформалау әрі қарай жүргізілуде, сол заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар әлі де енгізілуде. Бұл заман ағымына сай келетін етене заңдылық. Елбасы Н.Назарбаев жариялаған Ұлт жоспары – 5 институционалдық реформаның екеуі, атап айтқанда «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» және «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» реформаларында нақтыланған қадамдар да құқық қорғау жүйесін ары қарай жетілдіруді көздеп, қазіргі таңда өз жемісін беріп отыр: мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері жаңартылды, этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесі құрылды, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды және т.с.с. Осы атқарылып отырған іс-шаралар құқық бұзушылықтардың сандық көрсеткішін азайтады деп күтілуде.
Қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылықтар саны бойынша қоғамдағы жағдай бірсыпыра реттеліп қалды дейтін болсақ, қылмыстық құқық бұзушылықтар турасында олай айта алмаймыз.
Мұның себебін кейбір сарапшылар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігімен, жұмыссыздықпен ақтағысы келеді. Ал көбіне бұл құр сылтау. Ешбір нашар әлеуметтік жағдай қылмыстық құқық бұзушылықты ақтай алмайды. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп, қазақ атам аманат айтып кеткен. Жағдай қандай қиын болса да, адам сол жағдайдан арын сатпай, яғни біздің жағдайда тонамай, ұрмай-соқпай, өлтірмей, зорламай және т.б. жасамай, заңды іс-әрекеттер арқылы шығуы керек. Ізденген, еңбекқор адамға қашан да жұмыс табылады.
Менің субъективті көзқарасым бойынша, негізінен, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалуының басты себебі – ол құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениеттің кемдігі. Мемлекеттің, қоғамның, әрбірден соң өзінің жеке басының мүдделерін ойлаған адам құқықтық тұрғыдан мәдениетті болып, әкімшілік құқық бұзушылық жасамауға тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жазалаудың да басты мақсаты – адамды заңды құрметтеуге тәрбиелеу. Ешбір заңды тұрғыдағы жаза адамды қорлауды мақсат етпейді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша негізгі себептер ретінде имандылық пен қанағаттың жоқтығын атап өтуге болады: иманды адам өзге адамға қасақана жамандық жасаудан бойын аулақ ұстайды, қанағаты бар адам өзге адамнан пара алуға асықпайды. Осы тұста «Отанды сүю – иманнан» деген нақыл сөзімізге дәлел болатындай.
Ал кез келген құқық бұзушылықтың негізінде құқықтық нигилизм жатыр (заңды мойындамаушылық, оның шынайы орындалатынына сенбеушілік). Сондықтан да менің пікірімше, проблема, бірінші кезекте адамның өзінің жеке санасында жатыр. Ал сананы қалыптастыруда көп ықпал ететін – отбасындағы тәрбие, қоршаған орта, білімділік, мәдениеттілік, еңбек…
Қазіргі кезеңде БАҚ-да, қоғам арасында кең тараған көзқарас – ол полицияға деген сенімсіздік, полиция қызметкерлерін жан-жақты теріс сынға алу. Арамызда, расымен де, адасып келгендер, қызмет өкілеттіктерін теріс пайдаланатындар кездеседі. Бірақ, ондай жағдайлар кез келген қызметте болатыны заңды. Кәсіби біліктілігі төмен дәрігерлер де, мұғалімдер де, инженерлер де бар… Дегенмен, сол азғантай тәртіп бұзарлардың кесірінен бүкіл жүйеге кір жағуға болмайды. Күн демей, түн демей көшеде қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген полицейлердің еңбегін адам құрметтей білуі керек. Ол – өзіңді-өзің және заңды құрметтеуің. Біздің отандық заңдар басқа еуропалық мемлекеттердегідей емес, полицейдің дене күшін, атыс қаруын, арнаулы құралдарды қолдануын көптеп шектейді. Адам құқықтарын негіз етіп алған заңдарды теріс пайдаланып, шиеленіс жағдайында полицейді кінәлі қылып қоятын жағдайлар көптеп кездеседі. Соны біліп қоғамның кейбір мүшелері кейде асыра сілтеп жібереді, әлеуметтік желілерде жүрген кейбір адамдардың өзі заңды бұза тұрып, полицейге бағынбау, қарсылық көрсету, балағаттау әрекеттері құқықтық мәдениеттің жоқтығын білдіреді. Ал қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» заң қарсылық көрсеткен жағдайда әйелге де, балаға да, қартқа да қатысты күш қолдануға рұқсат береді. Себебі, заңды ұлтына, жынысына қарамастан әр адам сақтауға міндетті. Осыған байланысты Қылмыстық кодексте қылмыстық теріс қылық ретінде билік өкіліне бағынбаушылық, билік өкілін қорлағаны, ал қылмыс ретінде билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін қылмыстық жауаптылықтар көзделгендігін білген абзал.
Ішкі істер министрлігіне қарасты Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы полицияға қызмет етуге жаңадан қабылданып жатқан тыңдаушыларды полиция қызметінің арнайы бастапқы негіздеріне оқытады. Оқу орталығының оқу-тәрбие жұмысы – толығымен полицейлерді адамгершілік, имандылық тұрғысынан тәрбиелеуге, адам құқықтарын бұзбауға, кез келген экстремалды жағдайларда психологиялық ұстамдылық пен тұрақтылық танытуға негізделген. Және барлығы оны ұстанады да. Ал ел азаматтары өз тарапынан заңды сақтап, оларға мүмкіндігінше қолдау көрсеткендігі абзал.
Конфуцийдің этиканың басты қағидасы болып табылатын, кез келген ұлттың діні мен мақал-мәтелдерінде кездесетін «Өзіңе тілемегенді, өзгеге жасама» деген нақыл сөзін әрбіріміз ұстанатын болсақ, қоғамда қылмыстың азаятындығы сөзсіз. Этика мен оның зерттеу объектісі болып табылатын моральдың қылмысқа тікелей қатысы бар. Қылмыс та, бірінші кезекте, моральға жат қылық. Бірақ, сол қылықтардың ішіндегі ең қауіптісі ретінде заңмен қудаланатынын естен шығармаған жөн.
Сөзімнің соңында полиция қызметкері ретінде де, осы мемлекеттің қатардағы азаматы ретінде де, әрбір адам үшін – заңның үстемдігі өмірлік қағидаға айналу қажет екендігін ескерткім келеді. Әр адам өзінің конституциялық құқықтарымен қатар, конституциялық міндеттерін де білуі тиіс. Ал, заңдарды сақтау – біздің негізгі конституциялық міндетіміздің бірі. Сол міндетті әрбіріміз дұрыс орындайтын болсақ, қылмыс мүлдем жойылып кетпесе де, едәуір азайып, қоғамымыз шынайы құқықтық, дамыған мемлекетке айналатынына сенімдімін.

Ф. БОЛЫСБЕКОВА,
ІІМ Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы
«Арнайы пәндер» циклының аға оқытушысы,
полиция подполковнигі

Сондай-ақ, оқыңыз

Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Бостандық аудандық ІІБ тергеу бөлімінің өндірісінде қайтарымсыз несие алып беремін деп азаматтарды алдап келген ер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған