Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Қауіпті аумақтағы қалыпты қызмет

Қауіпті аумақтағы қалыпты қызмет

Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы Елбасының Жарлығына сәйкес, 1998 жылдың 6 мамырында құрылған болатын. Ауданның көлемі – 19 202 га, тұрғындарының саны – 317,8 мың адам. Аталмыш ауданның көркейіп, дамуына, тыныштығы мен қауіпсіздігіне тек жергілікті атқарушы билік пен тәртіп сақшылары ғана емес, өрт сөндірушілер де мүдделі. Себебі, өрт бекетінің қызметкерлері аяқ астынан қандай төтенше жағдай туындаса да, ең бірінші болып көмекке ұмтылады.
Осыған орай, біз елордадағы Сарыарқа ауданы аймағында орналасқан №6 Өрт сөндіру бөлімінің басшысымен жолығып, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен таныса кеткенді жөн көрдік.
Бізді күлімдеп қарсы алған бөлім басшысы Бақытжан Мауленбердиев – Көкшетау техникалық институтының түлегі. Мектепте оқушы кезінен өрт сөндіруші болуды армандаған ол 9-сыныпта «Ең мықты командир» атағын жеңіп алған. №6 Өрт сөндіру бөліміне 2011 жылдың қыркүйек айында келген. Мұндағы еңбек жолын бөлім бастығының орынбасары болып бастаса, 2016 жылы қараша айында бөлім бастығы болып тағайындалды.
Бақытжан Тасқынбекұлының айтуынша, бөлім аумағында 7 өрт сөндіру техникасы және өзге өрт бекеттерінде кездесе бермейтін сирек «Нива» атты көбік шашатын (пеноход) өрт сөндіру көлігі бар. Оның себебін Б. Мауленбаев былай түсіндірді: «Біздің бөлім қала бойынша ең күрделі әрі қауіпті аймақ болып саналады. Неге десеңіз, бөлім аумағында 8 мұнай сақтау қоймасы бар. «Синойл», «Гелиос», «Аутоматик», т.б. қоймалар. Одан бөлек, түрлі өнеркәсіп объектілері, қоқыс сақтау зауыты, Орталық базар, Шанхай, Магнум сияқты адам көп шоғырланатын ірі сауда орталықтары жұмыс істейді. Қысқасы, қала бойынша қауіптілігі жағынан бірінші орындамыз», – дейді.
Әдетте өрт шыққан жағдайда өрт сөндірушілердің техникаларымен тез арада жетіп келіп, бірі сатымен жоғары қабатқа өрмелеп бара жатқанын, бірі жеңдерді су құбырына жалғап, отты өшіруге кіріскенін көз алдымызға елестетіп жатамыз. Бөлімнің аумағында құбырды су көзіне жалғайтын 38 гидрант бар. Ал мұнай сақтау қоймаларында өздерінің арнайы су қоры алдын ала қарастырылыпты. Біз барған өрт бекеті сонау 1986 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді.
Мұнда бүгінде штат бойынша 54 қызметкер, 5 офицерлік құрам, 4 қарауыл бастығы, 1 бөлім бастығының орынбасары қызмет етеді. Бөлімдегі ғимараттың жоғары қабатында жатақханамен қамтылған қызметкерлер отбасымен тұрып жатыр. Сонымен қатар, Бақытжан Тасқынбекұлы стансаның басқа бөлімдерден тағы бір ерекшелігін мақтанышпен айта кетті. Ол бөлім аумағындағы өрт жолағы алаңы. Яғни өзге бөлімдегі қызметкерлердің барлығы осы өрт жолағы сабағына дайындалуға келеді. Онда құтқарушылар су аппараттарын дайындықтан өткізіп, өз қабілеттері мен машықтарын шыңдай түседі. Қысқасы, бүкіл бөлім осы аумақтағы психологиялық жолақтан сабақ өтеді.
Жыл басынан бері бөлімнің құтқарушылары өрт, нормативтік дайындық және оқу-жаттығуларды қосқанда 790-нан астам шақыртуға шыққан. Бөлімнің жетістігі туралы Б. Мауленбердиев соңғы төрт айда бөлімдер ішінде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан үлгілі бекет екендіктерін жеткізді.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш бөлімде құтқарушылардың жұмысын жеңілдету үшін жаңадан өз қолымен құрал ойлап тапқан жас маман қызмет етеді. Оның аты-жөні – Айдарбек Культябин. Ол СПВЭ-8 су аралас көбік шашатын жаңа құрал ойлап тауыпты. Бұл құрал қазіргі таңда Қазақстанның бірде-бір өрт бөлімшесінде жоқ. Алайда, сол құралға ұқсас оқпан Ресейдің қолданысында бар екен. Бірақ, Айдарбек ойлап тапқан құрал анағұрлым ыңғайлы әрі тиімді екендігін айтады Бақытжан Тасқынбекұлы. Оның сөзінше, кәдімгі қолданыстағы құрал-оқпанның (ствол) су мен көбік аралас шашудағы қашықтығы 10, 12, 15 метрді құрайтын болса, жаңа құралдың артықшылығы оның ұзындығы мен үнемділігінде. Яғни, оқпан көбікті 18-20 метр арақашықтықтан шаша алады және су шығыны секундына – 16 литр, су аралас көбік шашқан кезде 4-5 литр шамасында шығын кетеді, ал салмағы – 4 кг, биіктігі – 142 мм, ұзындығы – 842 мм құрайды. Бұл құрал екі ереже бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, өртке су мен көбікті шашыраңқы және тіке түрінде де шаша алады. Мәселен, ГПС-600 сияқты құралдар бұлай жұмыс істей алмайды, дейді бөлім басшысы. Бұдан бөлек, Айдарбек осыдан екі жыл бұрын су сорған кезде қалдықтарды жібермей ұстап қалатын құрал да ойлап тапқан. Бірақ, аға инженер қаржының жетіспеуіне байланысты екі құралды әлі патенттеп ала алмай жүр.
Әр бөлім өзінің мықты кадрларымен мақтанады, сонысымен құнды. Бөлімде Культябиннен басқа аға өрт сөндіруші Қуанжан Серікбай, спорттық шараларда үнемі алда жүретін Азамат Әлжанов, бөлімше командирі, спорт шебері Саян Мұқанов, қарауыл бастығы Кеңес Рауанұлы, аға жүргізуші Нұржан Марқабек бөлімге өз үлестерін қосумен қатар, үлгілі істерімен ұжымды алға сүйреп жүр. Құтқарушылар түс кезінде бөлім аумағында жаңадан салынып жатқан объектілерді зерттеп, оған кіру жолдарымен танысады. Себебі, «апат айтып келмейтіндіктен» төтеншеліктер нысанға қалайда тез жетіп, адамдарды қауіптен құтқарудың қамын қарастырады.
Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Чехоевадағы жатақханадан өрт шығып, 8 газ баллоны жарылыпты. Нәтижесінде, №6 бөлімнің өрт сөндірушілері оқиға болған жерге шұғыл жетіп, адамдарды да, құнды заттарды аман алып қалған. «Сол кездегі алапат өрттің жалынынан, шыны керек, сескендік», – дейді оқиғаны еске алған Б. Тасқынбекұлы.
Иә, өрт сөндірушілер қайғылы жағдайлармен бетпе-бет келетіндіктен, оларға қиындықтарға төтеп беретін мықты жүйке керек. Ендеше, бұл да көзсіз батырлық пен тәуекелділікті талап ететін мамандық. Ал оларды құрметтеп, еңбектерін елеп, ескеру – тұрғындардың еншісінде.

Жансая СЫДЫҚБАЙ, Суретті түсірген Вячеслав ГЕЛЬБЛИНГ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жұмыс тиімділігі жақсарып келеді

13 қазанда Шымкент қаласында ІІМ Көліктегі ІІД-нің кеңейтілген көшпелі кеңесі өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған