Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Академиядағы тіл апталығы

Академиядағы тіл апталығы

Қазақстан халқы тілдері күніне орай, өткен апта Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында «Тілдер апталығы» болып жарияланды.
Осы апталық шеңберінде Академия қызметкерлері және білім нәрімен сусындап жүрген курсанттар өз сабақтарын және қызмет бабын тіл мерекесімен байланыстырып көптеген іс-шара ұйымдастырды. Мәселен, кейбір бөлімшелер мен қызметтер бірігіп, тілді ұлықтауға байланысты қабырға газеттерін шығаруды ұйымдастырса, профессорлық-оқытушылық құрам көптілділікке арнап арнайы ашық сабақтар өткізді.
Жалпы осы тіл апталығы аясында Академия бойынша 19 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары құрылып, оның барлығы өз деңгейінде ұйымдастырылып, аталып өтті.
Кітапханашылар қазақтың ұлы классик жазушыларының шығармаларынан тұратын кітап көрмелерін ұйымдастырса, бірінші курстың курсанттары Қостанай облысына белгілі жас ақын-жазушылармен кездесіп, тіл туралы өлеңдерін оқып, тағылымы терең, маңызы зор әдемі кездесу жасады.
Ауыз толтырып айтарлықтай шаралардың бірі ретінде, мемлекеттік тіл бөлімшесі мен баспасөз қызметінің Академия деңгейінде ұйымдастырған «Туған тілдің тұғыры» атты дөңгелек үстелді айтуға болады.
Бұл дөңгелек үстел жұмысына Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов, Академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ербол Қаппасов және «Тілдарын» Қостанай облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айткүл Доспанова, Академия қызметкерлері мен курсанттар қатысты.
Басқосуды Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Ахмедияұлы алғы сөзбен бастап, жалпы елдегі, оның ішінде Академиядағы тіл мәселесіне тоқталып, Елбасымыздың жариялаған мақаласын және Жолдауын мысалға келтіріп, өз ойын ортаға салды. Елімізде қазақ тілінің дамуы әлдеқайда ілгері басып келе жатқанын, бұрынғыдай емес, қоғамда мемлекеттік тілге қажеттілік өрістей бастағанын тілге тиек етті. Академия қабырғасында да тіл мерекесіне байланысты көптеген шара атқарылып жатқанын мақтанышпен жеткізді. Басшы өз кіріспе сөзін аяқтаған соң, Академияда мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар қызметкерді Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың грамотасымен марапаттады. Одан әрі дөңгелек үстел жұмысына дайындалып келген баяндамашыларға сөз кезегін берді.
Академия қызметкерлері Болат Әлпейісовтің «Қазіргі қазақстандық мемлекеттің қалыптасуындағы Алашорданың рөлі», Әлібек Табулденовтің «Қазақ тілінің кириллицадан латынға кезең-кезеңмен көшуі», Берік Сұлтановтың «Үштілділік – заман талабы», Айткүл Доспанованың «Қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері», 4-курс курсанты Руслан Ілиясовтың «БАҚ-тағы қазақ тілінің рөлі», Құрбанәлі Елмұратовтың «Жаңа қазақ әліпбиі жөнінде» атты баяндамалары тыңдалып, жиналған көпшілік еркін ойда пікір алмасты.
Осы баяндамалардың арасында көпшілікті толғандырып жүрген кириллицадан латынға көшу туралы мәселеге ерекше назар аударылды. Онда көптеген тұшымды ойлар айтылды, ғалымдардың әліпби туралы ғылыми зерттеулері мысалға келтіріліп, қызу тартысты ой-пікір жарысы болды.
Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы: «Елде болып жатқан оң саясатты қолдауымыз қажет. Себебі, Елбасымыздың салиқалы саясаты елді ешқашан адастырған емес. Ол кісінің бір істі бастаса, жауапкершілікпен алып шығатынын біз бәріміз күнделікті өмірде көріп жүрміз. «Жаһандану – ол біздің есігімізді қақпайды, ол бірден төрге шығып, өз үстемдігін жүргізеді», сондықтан дамып жатқан көштен қалуға болмайды», – деп сөзін тұжырымдады.

Мейрам ОСПАНОВ,
Академияның баспасөз хатшысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Есілдегі ескерту шаралары

3 желтоқсанда елордалық ТЖ департаменті мен қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері бірлесіп, Есіл өзенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған