Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Өндіріс өріс алып келеді
????????????????????????????????????

Өндіріс өріс алып келеді

Таяудағы Сыр өңіріне барған іссапарымыз барысында Қызылорда қаласында орналасқан ЗК-169/5 қатаң түрдегі түзеу мекемесінде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысып оралған болатынбыз. Сонда мекеме аумағында «Еңбек» РМК филиалынан бөлек 8 жеке кәсіпкер жұмыс жүргізіп жатқанына куә болдық. Солардың бірі – «ЕрЖас-2013» ЖШС.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы Сәлімгерей Бижанов Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесіп «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қорынан 15 млн теңге көлемінде несие алып, газоблок шығару цехын іске қосқандығын айтады. Өнімі Қызылорда облыстық мемлекеттік сертификаттау орталығынан сертификатын алған. Облыс көлемінде түрлі құрылыс нысандарына және жеке тұрғындардың сұранысына сай газоблок және бетоноблок өнімдерін шығаруда. Түзеу мекемесінде жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болған. Бірақ, «Ер-Жас-2013» ЖШС-ның өзінің ашылғанына 3 жылдан асыпты. Жұмыстары бастапқыда қиындау болған. Облыс әкімдігі мен Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығының барлық жағдайды жасап бергенінің арқасында, өндіріс қарқын ала бастаған.
«Бізде аймақта салынып жатқан құрылыс нысандарына жергілікті шикізат өнімін қолдануға үлкен жол ашылған. Облыс әкімдігі тарапынан жеке кәсіпкерлікке қолдау зор. Мәселен, біз өткен жылы қаладағы 1000 пәтердің құрылысына газоблок жеткіздік. Былтыр 12 адам бір ауысыммен жұмыс істедік. Өткен жылғы 7 айда 12 мың газоблок шығарсақ, қазір бір айдың өзінде 16-18 мыңға дейін газоблок шығарып отырмыз. Өйткені, жұмысшылар санын екі еселеп, екі ауысымдық жұмыс режиміне көштік. Егер осы қарқыннан түспесек, бір жылда 200 мыңға дейін газоблок шығаруға болады. Бұл жерде 25 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Барлық құжаттар еліміздің еңбек заңнамасына сай рәсімделген. Бір жыл жұмыс істегендер еңбек демалыстарын алып жатыр. Зейнетақы қоры, әлеуметтік салықтар уақытылы аударылып тұр», – дейді серіктестік директоры Сәлімгерей Бижанов.
Біз барғанда күндізгі ауысымның жұмысшылары еңбек етіп жатыр екен. Бұл жігіттер таңертең жұмыстарын әдеттегідей 7.00-де бастаған. Түнгі ауысымның құйып кеткен газоблоктарын көрші цехқа апарып жинап, қалып темірлерді тазалап, оған өздері балшық илеп құйған. Ол жұмыстарды 9.30-ға дейін аяқтаған соң, екі сағаттан кейін қалыптың бетінде кілкіп тұрған «шапкасын» («телпегін») қияды екен. Яғни, қалақшамен жинап алып арбаға салады. Ол балшықтарды сосын қайта илеп, бетоноблок жасайды. Газоблок өлшемі – 20*30*60 см болса, бетоноблок көлемі – 20*20*40 см-ді құрайды. Одан соң құйылған қалып тұрған цехты тұмшалап, биыл көгілдір отынға қосылған қабырға пешін қосады.
«Газоблоктар жоғары температурада 8 сағат жатады. Қазір мына жер ашық тұрған соң білінбей тұр. Ал жабық тұрған кезде бұл цехтың температурасы 70-80 градусқа дейін көтеріледі. Шеменнің беріктігін арттыру технологиясы сондай. Оған қыздыратын, күйдіретін ұнтақтарының бәрі қосылған. Сөйтіп, 8 сағаттан кейін кірпіш дайын, жинауға болады деген сөз. Оны енді келесі ауысымның жігіттері істейді. Жаңа айтқандай, олар оны көрші цехқа апарып жинайды. Ол цехта үш күн сақталады. Содан соң сыртқа апарып алып кетуге дайындап жинап қоямыз.
Газоблоктар ыстықта кеуіп жатқан аралықта, қалдық балшықтан қосымша топырақ-шемені қосылып, бетоноблоктар жасалады. Олар қыздыруды қажет етпейді. Тек қалыпқа құйылып, қатырылады. Бетоноблоктардың өлшемі ұлутаспен бірдей, ол газоблоктың артылып қалған қалдықтарынан шығатындықтан біздің цехты қалдықсыз өндіріс деп айтуға болады», – дейді Сәлімгерей Бижанов.
Серіктестіктің өнімді өткізу ісі жолға қойылған. Алдын ала тапсырыс алып отырған да жайы бар екен. Мәселен, аптасына 4000 газоблок шығып тұрса, соның артылып қалып қойып жатқаны жоқ. Барлығы да тұтынушысын табуда. Облыс орталығынан бөлек, Байқоңыр қаласынан, Арал ауданынан да келіп алып кететіндер бар. Бұл өнімнің сапасына әрі бағасына байланысты. Әйтсе де, өнідіріс көлемін арттыру мақсатында кәсіпкер тағы да жан-жақтан тапсырыстар іздестіріп жатыр. Бұл тұрғыда облыс әкімдігінен де көмек сұрауда. Өйткені, жұмыс күші бар. Қосымша цех ашуға ғимараттар мен бос орындар жеткілікті.
«Әзірге өнімдерімізді жеке тұрғын үй салып жатқан азаматтар алып жатыр. Егер мемлекет тарапынан да тапсырыстар болса, нұр үстіне нұр. Әзіргі өндірістік қуатымыз жеткілікті. Балшық илегішіміз, 30 қалып темірлеріміз бар. Бір құйғанда 300 дана газоблок құямыз. Екі ауысыммен тәулігіне 600 данасын шығарып жатырмыз. Өнім түрлерін арттыру туралы да ой бар. Бірақ, әуелі осы өндірісте аяққа тұрып алғанымыз жөн», – дейді ол.
Жалпы ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жұмысқа жарамды жазасын өтеушілердің 75,6%-ы жұмыспен қамтылған. Соның ішінде «Еңбек» РМК филиалында 144 адам еңбек етсе, қалғаны ішкі шаруашылықта және кәсіпкерлерде. Осы уақытқа дейін мекеменің өндірістік саласында бірде-бір рет жарақат алу оқиғасы болмаған. «Бұл күнделікті түсіндіру және алдын алу жұмыстарымен тығыз байланысты» дейді мекеме басшылығы.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Қызылорда-Астана, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Суицидке қарсы қайран бар ма? «Бар», – дейді психолог мамандар, оның емі – иманда

Жуырда ІІМ-нің Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық мұражайда өз-өзіне қол салушылықтың алдын алуға арналған …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған