Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Апталықтағы айтулы шаралар

Апталықтағы айтулы шаралар

18-22 қыркүйек аралығында ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Бірліктің ұйытқысы – тіл» апталығы өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Қазақстан халқы тілдері мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген апталықта бірнеше іс-шара ұйымдастырылды.
Ашылу салтанаты ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған «Ұлы Абай тағылымы» атты әдеби-сазды шығармашылық кешімен басталды. Әдеби кеште көрермендер назарына 1-курс курсанттары Абайдың өлеңдерін оқып, ақын өмірі туралы фильм көрсетілді, қара сөздерінің аудиожазбалары мен әндері орындалды. Ақтөбе облыстық халық шығармашылық үйінің әртісі, халық әндерін орындаушы Қуанышкүл Серікбаева Абай әндерін ерекше шеберлікпен орындаса, өз кезегінде С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қызметкерлері Абайдың шығармалар жинақтары мен оның шығармашылығына арналған өзге авторлардың еңбектерінен көрме ұйымдастырып, курсанттарға өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мағлұмат берді. Кеш өте тартымды өтіп, курсанттарға Абайды жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
1-курс курсанттарына жалпы білім беру пәндері кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен «Тәрбие тілден басталады», «Тәрбие тілден басталады», «Education begins with a language» тақырыбында және «Тәуелсіз тілдің беріктігі – ұлттық бірлікте» атты ашық интеллектуалды, танымды сабақтар өткізілсе, әскери және денешынықтыру даярлығы кафедрасының оқытушылары ұлттық ойындар жарыстарын ұйымдастырды. Ауыспалы құрам арасында өткен патриоттық, рухани тәрбиеге баулитын іс-шаралар курсанттардың мәдени ынта-қызығушылығын туғызды.
Апталық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен орыс тілді азаматтар арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбында белгілі саясаткерлер Дос Көшім мен Расул Жұмалы қатысқан кездесу кешіне ұласты. Кеште саясаткерлер қазіргі таңда түйіткілді мәселелердің көшінде тұрған мемлекеттік тіл деңгейі, латын әліпбиіне көшу және ономастика мәселелері төңірегінде әңгіме өрбітіп, институт қызметкерлері мен курсанттар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, кездесу кешін жандандыра түсті.
Институттың арнайы бастапқы оқыту курсының тыңдаушылары Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе драма театрында қазақтың белгілі ақын, жазушыларының шығармашылығын насихаттау, қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне құрметті арттыру мақсатында жастар арасында өткен Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық конкурсына қатысты.
Аталмыш апталықтың жабылу салтанатында тіл туралы қазақ ақындарының өлеңдері мен әндері айтылып, шара соңында белсенділік танытқан курсанттарды институт бастығы, полиция полковнигі С. Қаракүшев алғыс хаттармен марапаттады.

А. КАБИЕВА,
Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің инспекторы

Сондай-ақ, оқыңыз

Көпке үлгі кемел тұлға

Әдетте, біз бұрынғы кездердің батырларын әрқашан есте сақтаймыз, бірақ бүгінгі күні араларымызда осындай атаққа ие …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған