Өшпейтіндей артына із қалдырған

Қызылорда облысы, Сырдария ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органдарында 40 жылғы жуық қызмет еткен милиция полковнигі Қаржаубай Жәртеновтің құрметіне көше атауы берілді.
16 қыркүйекте көшенің ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, шараға аудандық Ішкі істер бөлімінің басшылығы, аудан әкімдігі және ішкі істер органдары ардагерлері қатысты.
Қаржаубай Жартенов 1924 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Балалық шағының балдәурені сол кездегі ұжымдастыру мен жаппай кәмпеске деген қырғын-сүргінге тура келді. Ол еңбекке ерте араласып, есейді. Орта білім алып, елде ересектермен бірге еңбек етті.
Он сегіз жасқа әлі тола қоймаған бозбала өзі сұранып, 1942 жылы тамыз айында әскер қатарына алынады. Ол кезде сұрапыл соғыстың қайнап тұрған кезі. Алғашқыда 36-шы армияның 585-ші атқыштар полкінде қызыл әскер қатарында, кейін атқыштар мектебінің курсанты болады. Әскери мектепті тәмамдағаннан кейін осы полкте бөлімше командирі болған.
Кейін Забайкал әскери округінде кіші офицерлерді даярлайтын курста оқып, оны бітірген соң сол округте 23-ші полкта кіші лейтенант Қаржаубай 27-ші мотоатқыштар бригадасында взвод командирі болып тағайындалады. Бұл 1945 жылдың тамыз айының бас кезі болатын. Ол милитаристік Жапонияға қарсы ұрысқа кіреді. Қаржекең басқарған взводтың қырандары осы қиян-кескі ұрыста ерен ерлік көрсетеді. Сол соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Жапониядағы ұрыста жеңгені үшін», 1941-1945 жылдары «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып, Жоғарғы Бас қолбасшыдан алғыс хат алады. Ол әскер қатарында 1946 жылдың тамыз айының ортасына дейін болған.
Елге оралған соң, 1948 жылдан 1983 жылдың наурыз айына дейін Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасында әртүрлі жауапты жұмыстар атқарды. Қатардағы инспекторлық қызметтен еңбек жолын бастаған ол тергеуші, жедел іздестіру бөлімінде инспектор, аға инспектор, бөлім бастығының орынбасары, Арал, Сырдария және Тереңөзек аудандық ІІб-ның және Қызылорда қалалық ІІБ бастығы, облыстық ІІБ шаруашылық бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
Қаржекең 1952-1954 жылдары КСРО ІІМ-нің Львов қаласындағы милиция мектебін тәмамдаған. Оның ерен еңбектері ІІО-да елеусіз қалған жоқ. КСРО ІІМ-ның бұйрығымен I, II, III дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл», «КСРО Қарулы күшіне – 50 жыл», «1941-1945 жылдағы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 20 жыл» және медальдарымен және «КСРО ІІМ-нің үздік қызметкері» төсбелгісмен марапатталған. Қаржекең облыстық ІІБ-да қызмет атқарып жүрген кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған жалғыз қызметкер еді.
Оның тікелей басқаруымен көптеген ауыр қылмыстардың ашылғаны аян. Қылмыстық істердің алдын-алып, оны болдырмау мақсатында және қоғамдық тәртіпті сақтауда көп тер төккен тұлға. Қызметкерлерге қатаң талап қоюмен қатар, оларды сыйлай білетін салиқалы сардар да болды. Қарауындағы қызметкерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларына да аса мән беруші еді. Басшылық қызметтерде болғанда қызметкерлердің халықпен қалай сөйлесу керектігін, олардың арыз-шағымын жедел шешудің түйінін түсіндіруден жалықпайтын. Өзі де келген кісіні қабылдау бөлмесінде көп күттірмейтін, шаруасын айтып келген кісінің ісін тез шешіп тастайтын. Қарапайым халық пен қызметкерлер арасындағы байланысты бақылап, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуын қадағалайтын. Сондай қиын да жауапты қызметте жүргенімен отбасына да көңіл бөлуді, ұл-қыздарына ұлағатты тәрбие беруді бір сәт те естен шығарған емес.
Үлкен ұлы Серік Қызылорда мен Тараз қаласында түзету колониясында басшы болды. Қазір ол отставкадағы полковник. Тағы бір ұлы Бақыт милиция подполковнигі болған. Қызы Әлия облыстық ІІБ-да әртүлі жауапты жұмыстар атқарып, полковник шенінде құрметті демалысқа шықты. Болаты облыстық ІІБ-ның МАИ бөлімінде қызмет атқарды. Кеңес атты ұлы Қазақстан Темір жолы саласында машинист болып жұмыс істейді. Немересі Айгүл де қалалық ІІБ-да қызметкер, полиция майоры.
Полковник Қаржаубай Жәртенов ағамыздың өмір жолы өзгеге өнеге боларықтай. Қаржекең 1994 жылы дүние салды. Өзі жоқ болса да, өнегелі істері өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Қызылорда облыстық ІІД Ардагерлер кеңесі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*