Сақшылар сардары

Дүйсенбі күні Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің басшылары мен қызметкерлері ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметовті құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салды.
Құрмет демалысына шығарып салу салтанатында жақсылықтың, құрметтің көңіл күйі орын алды. Полиция полковнигі Талғат Хасанұлына ұзақ жылдар бірге жұмыс істеген әріптестері, сонымен қатар, өзі жетекшілік еткен ұжым басшылығы ұзақ ғұмыр және табыс тіледі. Департаменттің бастығы Махсудхан Аблазимов көп жыл бойы атқарған мінсіз қызметі үшін алғыс сөздерін білдіріп, алдағы уақытта бақыт, денсаулық тілеп, естелік сыйлықтарды табыс етті.
Қызметіне көп жылын арнаған әрбір адам үшін зейнеткерлікке шығу – өте маңызды және көңіл толқытарлық сәт. Талғат Рахметов – ішкі істер саласына 36 жылдан астам ғұмырын арнаған нағыз тәртіп сақшысы, өз ісіне берілген, өте жауапты және білікті көшбасшы.
Ол 1964 жылы 19 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1981-1985 жылдары ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебін үздік бітірген.
Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1985 жылы Теректі аудандық Ішкі істер бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастаған ол 1987 жылы аға тергеуші лауазымында қызмет атқарған. 1989 жылы, яғни 25 жасында Жәнібек аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалып, әрі қарай Жәнібек, Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастығы болып қызмет арқарады.
1997-2007 жылдары полиция полковнигі Талғат Хасанұлы облыстық Ішкі істер департаментінің 9-шы, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Орал қалалық ІІБ, Зеленов аудандық Ішкі істер бөлімдерін басқарды. 2008-2017 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет етті.
Оның бастамасымен көптеген аудандық ішкі істер бөлімдерінің ғимараттары жөндеуден өтіп, қайта қалыпқа келтірілді. Облыстық Ішкі істер департаментінің Шалқар көліндегі қоғамдық тәртіпті күзету және оқу-жаттығу полигоны базасының құрылуына, Орал қаласындағы ІІД құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған Батыс Қазақстан облысы қызметкерлерінің құрметіне арналған мемориалдық кешеннің ашылуына септігін тигізді.
Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деп тегін айтпаған ғой. Тумасынан еңбексүйгіштікті, тазалықты сүйген Т. Хасанұлы көктем басталса қызметкерлерді үйіріп әкетіп, сенбілікке бастайды. Әр жыл сайын сенбілікте басынан аяғына дейін қатысып, қаланың абаттануына ерекше мән беріп, тіпті өзі де білек сыбана кірісіп кетіп жатады. Қандай шара, қандай қызмет, жұмыста болмасын, айналасына шуағын шашып жүретін, әріптестеріне, жас мамандарға өзінің кесімді пікірлерімен, өмірлік бай тәжірибелерімен бөлісіп отыратын көшбасшы екені көпшілікке мәлім. Оның бойындағы «ақырын жүріп, анық басатын» байсалдылығы, жусаннан аласа, бетегеден биік кішіпейілділігі, құйса толмайтын, толса аспайтын парасаттылығы, зерделілігі, еңбекқорлығы, зияткерлігі – ұлы Абай бабамыз айтқандай, тамаша бес қасиеті жайлы да көп айтуға болады.
«Сайына қарай саласы, әкесіне қарай баласы» деген сөз тегін айтылмаған. Әкеден – ақыл, шешеден мейір көріп өскен Талғат Хасанұлы бойындағы асыл қасиеттерінің бәрін оның тектілігінен іздеген жөн шығар.
Әкесі Рахметов Хасан Хамитұлы (1927-2003) – ІІО ардагері, милиция подполковнигі, ҰОС тыл майдангері. Ішкі істер органдарында 37 жыл қызмет атқарған. Қызмет жолында жедел уәкілден Теректі аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарына дейін көтерілген.
Анасы Рахметова Мадина Хабиқызы (1927 ж.т.) – зейнеткер, ҰОС тыл майдангері.
Талғат Хасанұлының қазіргі уақытта екі ұлы да атасы мен әкесінің ізімен ішкі істер саласында қызмет етуде. Үлкен ұлы полиция капитаны Қайрат Талғатұлы Орал қалалық ІІБ Абай полиция бөлімінде жедел уәкіл қызметін атқаруда. 2006 жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясын бітірген. Кішісі Ержан Орал қалалық ІІБ-да жедел уәкіл қызметінде. Ол да 2012 жылы жылы Қарағанды Академиясын тәмамдаған. Олар да әке жолын үлгі тұтып, биік белестерге жетеді деген үміттеміз.
Үлкен полиция династиясының өкілі болып табылатын Талғат Хасанұлы еңбек еткен жылдарында көптеген марапатқа ие болды. 3-ші, 2-ші, 1-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «ІІМ ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарымен, «Қазақстан полициясына – 15 жыл», «Қоғамдық тәртіпті күзетудегі үздік қызметі үшін», «Кеңес милициясының үздігі», «Қазақстан полициясының үздігі», «ҚР ІІД-ның құрметті қызметкері», «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.

Асылай ГУБАШЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*