Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Суицидке қарсы қайран бар ма? «Бар», – дейді психолог мамандар, оның емі – иманда

Суицидке қарсы қайран бар ма? «Бар», – дейді психолог мамандар, оның емі – иманда

Жуырда ІІМ-нің Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық мұражайда өз-өзіне қол салушылықтың алдын алуға арналған әңгіме-дәріс өткендігін хабарлаған болатынбыз. Иә, расында суицид бүгінде қоғамға келген төтен бір тажал. Біз бұрын мұны көрмек түгілі естімегенбіз. Түсінігіміз де болмаған.

Қаламы құдіретті қаламгер Төлен Әбдіктің «Оң қол» атты повесін оқығанда адамның өз мүшесі өзіне шабуылдайды екен-ау деп таң қалғанымыз бар еді. Адамның бір қолы өзін қылғындырғанда, екінші қолы иесіне араша түсіп, арпалысады. Бұл өз-өзіне қол салушылыққа жата ма, жатпай ма, оған ғалымдардың пайымы керек шығар. Ал, бүгінгі күннің суицидінің «мінезі» басқа… ІІМ МКҚБ-да өткен әңгіме-дәрісті қолға алғандар «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітаптың авторлары – Түркиядағы Ержиес университеті Әлеуметтік ғылымдар институтының докторанты Мұхит Төлеген, дінтанушы магистр Әділбек Нәби, әлеуметтанушы магистр Сұлтан Тайғарин және жобаның авторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрі, шығыстанушы Санжар Керімбай болатын. Бұл азаматтар суицидті тез таралатын жұқпалы ауруға теңеді. Көршілерден келген. Әрине, ішкі кемшілігіміз де жоқ емес. Ал, олардың бұл маңызды тақырыпты ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында қозғауы тегін емес. Мұндай жағдайда жайсыз оқиғаға бірінші болып жетіп, қол ұшын беретін де, оған куә болатын да солар. Былтыр ғана Астанадағы биік көпірден жерге секірмекші болған жас қызды осы қызыл жағалылар құтқарып қалған. Лектор Санжар Керімбайдың айтуынша, Қазақстан өзіне қол салудан әлемде Ресей мен Қытайға да жетіп қалған сияқты. Неге бұлай? Не жетпейді? 18 миллионнан астам ғана халқы бар Қазақстанға бұл эпидемия қалай келді? «Бұл тәрбиеден» дейді психолог мамандар. Оған тоқталмас бұрын кітап авторлары алға тартқан тұжырымдарға құлақ асқан жөн.

Жаралыс жұмбағының iсi өлшеусiз

Психология ғылымының үш мектебінен таралатын тармақтардың бірі – психоаналитика болса, осы орайда ішінара бір-бірін теріске шығарып отыратын Зигмунд Фрейд, Альфред Адлер, Виктор Франкл сияқты психологияның «сүйегін шағып, майын ішкендер» адам дүниетанымы мен нәзік сезімдерінің табиғатын өздерінше түсіндіреді. Олар кінәратты сезімнің жүйкемен ұштасатын тұсынан іздейді. Тақырып өз-өзіне қол салудың алдын алу болғандықтан, автор әрі лектор өзі қару етіп келген әлгі психология ғұламаларының тұжырымдарын жан-жақты мысалдармен түсіндірді. Онысы сәтті шықты да. Ой жүйесі жақсы қалыптасқан автордың айналаны игерер шешендігі қосылып тыңдаушысын ұйытты.
Ол әңгімені қазақ ортасынан бастамас бұрын, назарды әлемдегі өз-өзіне қол салушылық деректеріне аударды. Өз-өзіне қол салу – әлемдік тәжірибеде бар тәсіл. Фашистік концлагерьлердегі суреттерді сөйлету арқылы лектор адам рухын талдайды. Психологияның үшінші мектебінің ұстазы еврей Виктор Франклдың осы азап орнында өзге тұтқындармен бірге қисапсыз қорлық көргені, осы жағдайда қиналған тұтқындардың өз-өзіне қол салуы сырт адамға түсінікті көрінетіні бар. Бірақ сол суреттегі Виктор Франкл мен оның арқасындағы тұтқынның (олар соғыстан соң да ұзақ жыл өмір сүріпті) тірі қалуының мәнін түсіндірген С. Керімбай: «Бұлар ішкі рухтың мықтылығының арқасында аман қалғандар», – деді. Ақылға сияды. Психологтардың пайымы бойынша, олардың алдында үлкен арман-мақсаты болды. Олар сүйген жарын, бауыр еті балаларын тауып, бақытты өмір сүргісі келді. Екі айналып келмейтін өмірдің мәніне көз жіберді. Ал, жоғарғы кернеулі ток желісін жұмырлай ұстап күйіп кеткен тұтқынның фотокескінін алға тартқан автор: «Бұл мынадай азаптан өлгенін артық көрген қуыс кеуде болатын, – дейді. – Әрине, ол күнді, олар шеккен азапты көрген жоқпыз, сондықтан бізге айтуға оңай. Алайда, психология деген ғылым өз заңдылығын айтатынын естен шығармағанымыз жөн. Қазіргі жастарымызға алабөтен келген өзіне қол салушылықты бос кеуделіктен келген қасірет деп айтуға әбден болады», – дейді лектор.

Ақыл құсы адаспай аспандаса …

Мамандардың дерегі бойынша, мұндай қатерлі іске көбіне 15 пен 30 жастың аралығындағы жастар баратын көрінеді. Тұрмыс тауқыметін көтере алмай өзін ана дүниеге аттандырып жіберіп отырған егделер де бар. Бірақ, сирек. Осының қайсысы болса да, естігенде өзегіңді өртеп, көргенде көңілге қаяу түсіретінін жасыра алмаймыз. Жастар – болашағымыз! Президент ауызға ала беретіндей елді көркейтіп, өрге сүйрейді деп сенім артып, үкілеп отырған, Мағжан Жұмабаевша айтқанда, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!» дейтін ұландарымыздың істеп отырғаны осы болса, басқа үмітімізге не жорық?! Мұны сенім сараңдығынан емес, сақтанғаннан айтамыз.
Жалпы замананың осы бір кеселі төңірегінде ой толғап, оны тоқтатуды көксегендер өткен ғасырларда да болған. Бірақ, олар мәселенің шешімін әрқайсысы өз «дүрбісімен» көрді. «Оның бәрі бірдей сәтті тұжырым болды дегеннен аулақпыз», – дейді шығыстанушы-психолог Санжар Керімбай. «Айталық, Зигмунд Фрейд деген австриялық психолог 19 ғасырда суицидті болдырмау жолы ретінде «Рақаттану принципін» ұсынған. Ол не? Ол адамның табиғи қажеттілігін қанағаттандыру арқылы рақатқа бату. Сонда оның төрт құбыласы түгенделеді. Ол «адам ләззаттың дәмін тату үшін құмарлыққа құштар болып өмір сүреді» деді. Бұл ойды қазақша кестелесек «оралыңның барында ойна да күл». Бір махаббат деген жоқ. Бұл – өз басын өзі жұтатын мағынасыз ұстаным. Адам рақат пен құмарлыққа салынған сайын мақсаткерліктен алшақтай түседі. Түбі баянсыз. Рақаттың соңынан қуып, невротикалық мінез-құлық қалыптасады. Бір сөзбен қайырғанда, бұл суицидке қарсы қалқан бола алмайды.
Екінші бір ғұлама, ХIХ-ХХ ғасырдың өкілі скептик Альфред Адлер: «Адам қоғамнан абыройлы орын алмаса, шыбын жаны шырқырайды. Қолында билігі жоқ пенде өзін толыққанды тұлға сезіне алмай қор болады», – деген. «Адамның жан-дүниесі тіршіліктен мағына таппай шарқ ұрады. Өмірде жетістікке жетсе де, жан-дүниесіндегі үңірейген вакуумды толтыра алмай қиналады», – дейді бұған қарсы ХХ ғасырдың өкілі, философ Виктор Франкл. Ол алдыңғы ағаларының теорияларын зерделеп қарап қорытындыға келген адам. Содан «Логотерапия» деген мектеп құрылған. Ол да алдыңғы екеу сияқты Венада тұсауын кесті. Бірақ, оны КСРО-ға кіргізбеген. Кінәраты – ықпал құралы ретінде дінді мойындағандығы», – деп ойларын түйіндейді.
Мына кітаптың жазбагерлері жас әрі өз-өзіне аса сенімді, рухы мықты дәрігер Виктор Франклдың принциптерін қолдайды. Оған өз дәлелдері жетіп артылады. Бастысы – Хикмет ұстанымы арқылы Мәнге ие болу. Әдетте айтар тілектерімізде жас жұбайларға «Өмірлерің мәнді болсын» деп жатпаймыз ба, міне, сол мәніңіз осы. Алдына мақсат қою, соған жетуге талпыну, соның жолында қандай қиындықтарға болса да төтеп беру. Ол үшін кеуденің қуыс жерін иманмен толтыру қажет. Қуыс кеуде морт сынғыш, әлсіз келеді. Тез сынады. Өзіне қол салу деген ішкі әлсіздіктен туатын жай. Рухы әлсіз адам өзгенің «өнегесіне» сеніп, соның айтқанымен кетеді. Мәселен, соңғы жылдары Ресей мен Қазақстанда «Көк кит» деген ойын шыққаны естеріңізде болар. Онда әлеуметтік арандатушылар оң-солын танып үлгермеген жас жандардың саналарын улап үлгерді. Ол «шеберлер» жасөспірімдерге қонымды ойын түрінде тапсырма берді. Бойларын үйретіп алған соң барған сайын тапсырманы ауырлата берді. Ақыр соңында «мынаны орындамадың, өзің өлуге тиіссің, өзіңді құрбан етпесең жақын адамдарыңды өлтіреміз» деген. Содан талай бозбала мен бойжеткеннің өз өмірін қиғанын естідік.
«Бұл қуыс кеуделік еді. Мәселенің байыбына бармаушылық. Арандатушыларға берер жауабының жоқтығынан. Өйткені, кеуде бос. Ал оған кім кінәлі? Бұл аса қатты ойланатын мәселе. Дастарқан басында балаларымызбен олардың ұғынықты тілінде сөйлесе аламыз ба? Өзіміз оларға жүктеп отырған шаруаның мәнін тарқатып айтып бере аламыз ба? Жоқ. Мысалға айтайық, ертеден келе жатқан салтымыз – қолға су құю. Біз оны балаларға жүктейміз. Су құйсаң, жақсы боласың дейміз. Сонда баланың ойында мынадай сұрақ тұрмай ма? Дайын қолжуғыш бар. Су сарылдап ағып тұр. Соған өздері жуа салса болады ғой. Өздеріне қажет жауапты ала алмағандықтан, оның Мәнін түсінбегендіктен болған іс», – дейді лектор.

Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық

Ұғынықты болу үшін мәселені қазақы дәстүрімізге жақындатайық. «Нан қиқымын шашпа, жеп қой, бай боласың», – дейді үлкендер балаларына. Баланың көкейінде «Қалай бай боламын?» деген сұрақ тұрғанымен, ол жауапсыз қалады. Санжар Керімбай: «Ыбырайым пайғамбарға төрт түлік түгел бітіп, жерге сыймай кетеді. Жұртқа тиіп жатқан ұрылар да, барымташылар да тиіспейді. Оны жамандыққа жорыған Ыбырайымды қайғы тұмшалайды. Сол кезде Тәңірінің өзі: «Ыбырайым, қайғырма, малың ортаймайды, өйткені, сен бай болсаң да, нанның қоқымын жерге тастамай, шапаныңның етегіне түсіріп қағып жейсің», – деген екен. Содан бері ырзықтың ырымындай болған бұл сөз. Немесе «Жарық ыдыстан ас ішпе» деп кей аналар көпшілік ортада балаларының қолын қағып жіберіп жатады. «Неге?», – деген сұрағына жауап бермейді. Тағы сол Ыбырайым пайғамбар таңғы шәйін ішіп отырғанда алба-жұлба Ібіліс келеді. «Шақырмаған жерге барма деген, неге келдің?», – дейді оған Ыбырайым. «Алланың өзі жырық кеседен жырып іш деп рұқсат берген, бірге шәй ішейін деп келдім», – дейді. Әңгіменің төркінін түсінген Ыбырайым кесесіне қараса, шеті жырық екен. «Онда, міне, сенің несібең» деп, ішінде тары толы кесені Ібілістің басына ұрып күл-талқанын шығарып, әйеліне «алыстағы қоқысқа апарып таста» деп бұйырыпты. «Кет, ырзығыңды ана қоқыстан барып теріп же», – дейді. Одан кейін әйеліне: «Жырық ыдыс болса, үйде ұстамай, қоқысқа апарып таста» деп ескерткен екен. Оны «Ібілістің ыдысы» деген сөз қалыпты.
«Бабаларымыздан осындай тәлімі мол қиссалар қалған. Олардың рас-өтірігін бір Алла біледі, бірақ, жақсы сөзді кейінгі ұрпаққа жеткізу – бізге парыз» деген кітап авторлары бұл салт-дәстүр тәрбиелерінің бәрі кеудесі қуыс жасөспірімдердің рухани вакуумын толтыруға ықпал ететініне сенімді. Олардың осынау ойының жаны бар. Ішкі сенімі мен қазығы болмаған жанның майысқақ болатыны, арандатушылардың сөзі мен уағызына ергіш келетіні саналы адамға дау тудыра қоймас. Біздің психолог мамандар сөздерін жиі қолданып отыратын психолог Виктор Франклдың «Әдетте жиі қолданылатын «маңдайға жазылып қойылған» деген сөзді санадан өшіру керек, оны «өз тағдырың өз қолыңда» деген сөзбен алмастыру қажет» деген пайымы орынды» дейді. Әркімнің өз тағдыры өз қолында екені рас. Сондықтан өткенді ұмытып, мақсаткерлікпен болашаққа көз тігу керек. Мақсатты адамның басқа күңгірт істерді ойлауға уақыты да болмайды.

Айткен ШӘМШІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Бостандық аудандық ІІБ тергеу бөлімінің өндірісінде қайтарымсыз несие алып беремін деп азаматтарды алдап келген ер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған