Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / «Шөген» – шекара асып келген жоқ

«Шөген» – шекара асып келген жоқ

Соңғы жылдары «шөген» деген ойын түрін жиі ести бастадық. Бірте-бірте құлаққа сіңісті болып келе жатқан «шөген» сөзінің не мағына беретініне тоқталсақ, этнограф-ғалым Қалиолла Ахметжанның дәлелдеуінше, түркі халықтарына кеңінен танымал қару түрі «шоқпар» мен «шөген» сөзі тамырлас екен. Екеуінің де түбірі – соқ, соғу деген сөздер. Шөген таяқшасымен соққы жасау және шоқпармен ұру да осы екі сөздің үндестік жағынан жақындығын ғана емес, техникалық жағынан да алыс емес екенін дәлелдеп тұрғандай. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл ойын парсы еліне «шоған» деген атпен танымал болғандығы және осыдан 2500 жылдай бұрын ойнағандығы белгілі болып отыр.

Тарихы терең тарлан ойын      

Сонымен дәлірек айтқанда, шөген ойыны кәдімгі ақсүйектер ойнайтын – поло. Алайда, біз бүгінде Аргентинада жақсы дамыған деп санайтын поло біздің бабаларымыздан мұра болып қалған ойын екен. Тіптен Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбектерінде де біздің ата-бабаларымыздың осы шөген ойынын ойнағандығы туралы айтылады. Мысалы, Жүсіп Баласағұн өзінің атақты дастаны «Құтты бүлік» кітабының елшілердің қандай болуы керектігі туралы баяндалатын тарауында «Елші тілге шебер, шешен, әдепті, зерелі, алғыр болуы керек, әрі шахматты, шөгенді жақсы ойнауы тиіс», – дейді.
Ол туралы осы еңбектерді түркі тілінен қазіргі қазақ тіліне транскрипциялаған этнограф-ғалым Асқар Егеубаев та жазған. Ғалымдарымыздың көне түркі мұраларын зерттеу кезінде анықтағанындай, X-XI ғасырлардағы түркі халықтарының ежелгі мұраларында шөген ойыны туралы нақты деректер бар. Ал, одан берідегі әрбір қазақтың көңіліне ұялаған «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде де аттың үстінде шөген ойнап жүрген адамдарды көресіз. Яғни, шөген ойыны біз ойлап жүргендей Еуропа ақсүйектері иемденіп жүрген ойын емес, шығысында Ұлы Қытай қорғаны мен батысында Каспий теңізінің аралығын мекен еткен Орталық Азия көшпенділерінен тараған ойын екендігі дәлелденіп жатыр.
Ал, шөген ойыны әлемге қалай таралды дегенге келетін болсақ, оның да тарихы тым тереңде. Сонау ХVI ғасырда атақты Әмір Темірдің ұрпағы Бабыр сұлтан Үндістанды жаулап алғанда, өздерімен бірге барған шөген ойынын осы елге таратады. Ал, онда неге біздің «шөген» деген сөзіміз «поло» деген сөзге айналып кетті десек, Үндістанда «пулу» деген тал өседі екен. Үнділер шөген ойынына қажетті доп пен таяқшаларды осы талдан жасағандықтан, жергілікті халық бұл ойын түрін «пулу» деп атап кеткен. 19 ғасырда еуропалықтар Үндістан жерін отарлай бастағанда, жергілікті адамдардың ат үстінде жүріп таяқшамен ағаш допты қақпақылша қағып ойнағанына қызыққан ағылшын офицерлері де бұл ойынды үйрене бастайды. Сонымен пулу ойыны енді поло деген атпен ағылшындар арқылы бүкіл Батыс елдеріне тарайды. Келе-келе арнайы поло клубтары құрылып, әр елдің ақсүйектері шөген ойнауды мәртебе көре бастайды. Соның бір дәлелі – Англия мен Ирландия клубтары 1875 жылы Аргентинада поло ойынын өткізеді. Бұл ойын Америка құрылығындағы алғашқы поло сайысы ретінде тарихта қалды. Осылайша, келесі жылы Австралияда өткен ойын Америкаға да келіп жетеді. Ағылшын офицерлері мен үндінің ірі шәй өндіруші алпауыттары арасында басталған шөген осылайша Америкаға жеткен соң тіптен танымал бола бастағаны сөзсіз.
Қазіргі таңда поло Ұлыбритания, Испания, Франция, Германия, Пәкістан, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ, Австралия сияқты елдерге кеңінен таралған. Бір қызығы, полоны көбіне ақсүйектер ойнайды.
Осы елдердің ішінде Аргентинада ғана поло ұлттық спорт түрі ретінде жалпы бұқара арасында ойналады, сонымен қатар, Аргентина поло ойынын табыс көзіне айналдырған бірден-бір ел. Мұнда дүниежүзімен сауда жасайтын ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлер шөген ойынына мінетін жылқыларды үйретумен, ер-тұрман әзірлеумен және ойын кезінде қолданылатын доптар мен таяқшалар жасап шығарумен, тіптен осы ойынға қызығушылық танытқандарды үйретумен де айналысады. Олар осы шөгеннің арқасында туристер тартуға да машықтанып алған.
Осы жерде мынандай бір сұрақ туады: Ақсүйектердің ойыны ретінде дүниежүзін жаулаған шөген ойыны неге Олимпиада ойындарының бағдарламасында жоқ? Негізінде бұл ойын ең алғаш Олимпиада бағдарламасына 1900 жылы кіріп, Парижде өткен ІІ Олимпиада ойындарына Франция, Мексика, АҚШ және Ұлыбритания елдерінің командалары қатысыпты. Өкінішке орай, одан берідегі Олимпиада ойындарына бір кіргізіліп, бір шығарылып, аяғында бағдарламадан мүлдем түсіп қалған. Мысалы, 1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен ІІІ Олимпиада ойындарының бағдарламасына шөген спорты кірмей қалады, бірақ 1908 жылы Лондонда өткен ІV Олимпиада ойындарында поло ойыны бағдарламаға қайта кіргізілгенмен, 1912 жылы тағы да кірмей қалады. Осылайша олимпиада бағдарламасына неше рет енбесе де, 1920 жылы өткен Олимпиадада поло ойынының жарысы талайды тамсандырады. Одан кейінгі Олимпиадаларда да шебер ойын өрнегін көрсете білген полошылар 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиадаға да қатысады. Өкінішке орай, осы Олимпиададан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті полоны ресми түрде Олимпиада ойындарынан шығарып тастайды.

Жаңғырған ойынның жеңімпаз жігіттері
Қазақтардың оң жамбасына келетін шөгенді қазақ жеріне қайтып келген ойын деп атаса да болатын шығар. Қазақстандағы шөген ойынының ең алғашқы таныстырылымы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында өткізілді. Ұлы дала ойындары қатарында өткізілген таныстырылымда «Оңтүстік» және «Әулиеата» шөген командалары шебер ойын өрнегін көрсете білді. Бабалар ойынының туған топырағында қайта жаңғыруына қуана қол соққан елдің ризашылығы шөгеншілердің де рухын көтеріп, мәртебелерін арттыра түсті.
Ен даланың шаңын шығарып көкпар тартқанда аттың белін қайыстыратын білегі темірдей, тақымы тастай қазақ жігіттері үшін шөген ойынын игеру соншалықты жат та емес, қиын да емес. Сондықтан да болар, 2012 жылдан бастап Қазақстанда Шөген федерациясы құрылып, жыл санап бұл ойын кеңінен қанат жайып келеді. Кезінде Өмірзақ Шөкеев мырзаның бастамасымен құрылған Шөген федерациясының бүгінде негізгі бағыттары мен міндеттері айқындалып, бұл ойынды Қазақстанда дамытудың басты алғышарттары жасалған болатын. Халықаралық поло федерациясы және Ұлттық поло қауымдастықтарымен достық және іскерлік қарым-қатынас орнату, Халықаралық аренада Қазақстан шөгенінің беделін арттыру, осы ойын түрі бойынша жоғары білікті мамандар дайындау жүйесін құру, әрі іске асыру және оны үнемі жетілдіру, балаларға арналған поло бойынша спорттық секцияларды ұйымдастыруды мақсат еткен Қазақстан Шөген федерациясының бүгінгі міндеттері ұшан-теңіз.
Бүгінде елімізде 6 федерация жұмыс істейді. Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында құрылған Шөген федерацияларының бүгінгі қол жеткізген жетістіктері де аз емес. 2014 жылдың желтоқсан айында Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Бас Ассамблеяда Қазақстан Шөген федерациясы Халықаралық поло федерациясының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Осынша аз уақыттың ішінде мұндай мәртебеге ие болу, әрине, Қазақстан шөгеншілері үшін үлкен абырой. Федерация басшысы Асылжан Мамытбеков мырзаның қолдауымен жеңіс биігін бағындырып жүрген командалардың жетістігін естігенде жүректі мақтаныш сезімі кернейді.
Қазір бізде шетелге шығып, қазақ жігіттерінің шеберлігін танытып жүрген 2 команда бар: «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club». Алматы клубы 2015 жылы құрылса, Астана клубы 2016 жылы құрылған. Жоғарыда атап кеткеніміздей, екі команда да халықаралық жарыстарда шашасына шаң жұқтырмай жүр. Астаналық шөгеншілер Есжан Құрманбай, Даулет Игенбаев, Елдос Асыл, Құрманбек Тұрғанбек пен алматылық шөгеншілер Қуаныш Мұсабеков, Ербол Мұсабеков, Сәкен Тұрлыбаев, Кемел Мамедов сияқты ат құлағында ойнайтын жігіттерге қарап Доспанбет жырау жырлағандай «екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деген сөздің тегін емес екендігін ұғасыз.
«Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирде 1-орынды иеленсе, 2017 жылы дәл осы қалада өткен сайыста «Almaty Polo Club» командасы да 1-орынды жеңіп алып, ең үздік командалардың қатарына қосылды. Сондай-ақ, Аргентинаның «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Matsh» халықаралық турнирлерінде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді басып озып, тағы да бірінші орыннан көрінді.
Биыл Қазақстанда өткен «Almaty Snow Polo Club» халықаралық додада да 1-ші орын жерлестерімізге бұйырды. Сонымен қатар, биылғы 25-26 мамыр күндері «Astana Polo Club» командасы «Munich Polo Cup 2017» халықаралық турнирінде азуын айға білеген Голландия, Швейцария және Германияның ойыншыларынан оза шауып турнир жеңімпазы атанса, «Almaty Polo Club» командасының да жетістігі олқы болған жоқ. Бұл команда ойыншыларының шаңына Голландия, Германия және Швейцарияның өзі ілесе алмай қалды.
Полоның майын ішкен аргентиналықтарды артқа тастап жүрген қазақ жігіттерінің мұндай жеңістерінің сыры туралы сұрағанымызда Қазақстан Шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек мырза: «Біздің шөгеншілердің ойынына аргентиналықтардың өздері қызығып жүр. Сондықтан да олар біздің командаларды турнирлерге жиі шақырады», – дейді.
Сәрсен Абайұлынан бізде шөген спортын дамыту үшін мықты ойыншылар көптеп қажет болатыны, осыған орай болашақ шөгеншілерді даярлау жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы сұрадық. «Болашақ шөгеншілерді даярлау көзі – Алматы облысы, Талғар ауданының аумағындағы «Ақбұлақ» ат спорты кешенінде орналасқан Балалар шөген академиясы. Бас демеушісі – «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы. Ат спорты кешенінде халықаралық турнирлерді, республикалық чемпионаттарды өткізу үшін халықаралық стандарттарға сай арнайы жабық манеж, сондай-ақ, қар үстіндегі шөген үшін арнайы алаң мен үлкен көгал бар.
Осы кешен жанындағы Қазақстан Шөген Федерациясының академиясында 9 бен 16 жас аралығындағы ұл және қыз балалар тегін оқытылады. Оқу барысында балалар атқа мінуді үйренеді және шөген ойынын меңгереді. Оларға халықаралық турнирлердің жеңімпаздары дәріс береді. Академия талаптарын жақсы меңгерген балалар өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысады. Ал, аталған академияға балалар тарту үшін біз «Ашық есік» күндерін өткізіп тұрамыз.
Жалпы қазақ баласының атты жатырқайтыны жоқ. Жылқыға деген сүйіспеншілік қанымен келетіндіктен аттың жалына жабысқан баланың шеберлігімен бірге жігері де шыңдала түседі.
Тағы бір тоқталатын мәселе – 2015 жылдан бастап шөген ойынынан ұйымдастырылатын іс-шаралар республикалық бұқаралық спорт күнтізбесіне енді. Соның аясында Федерацияның күшімен Мәскеу, Буэнес-Айрес қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Еуропалықтар шөгенді қар үстінде ойнауға да шебер. Өйткені, қысы ұзақ елдерде шөгенді жабық кешендерде де ойнайды. 2016 жылдың ақпан айында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет қар үстіндегі шөгеннен Республикалық турнир ұйымдастырылды», – деп жауап берді.

Шөгенді табыс көзіне айналдыруға болады
Әлімсақтан ат үстінде өмір сүрген бабаларымыздың жаны жылқымен бірге жаралғандай. Тіптен сақ сарбаздарының аттан түскенін көрмеген гректер оларды жартылай ат, жартылай адам деп қабылдағаны да аңыз. Осындай халықтың бүгінгі ұрпағы үшін ат спорты күрделі спорт түрі емес. Сондықтан да аргентиналықтар сияқты Қазақстан Республикасы аумағында шөгенді бұқаралық спорт ретінде дамытудың алғышарттары жасалуда.
Ал, осы бір тарлан ойынды қалай табыс көзіне айналдыруға болады дегенде үлгіні аргентиналықтардан алу керек. Оларда поло ойынының дамығаны соншалықты, бір ойынға 20-30 мың жанкүйер жиналады екен. Әрине, аргентиналықтарды ойынға ешкім тегін кіргізбесі анық. Екіншіден, Аргентинадағы 300-ден астам поло клубы поло-пони деп аталатын ойынға үйретілген аттарды дүниежүзіне сатумен айналысады. Бір аттың құны 25-30 мың еуроға бағаланатынын естігенде табыстың осы түрімен қазақтар айналысса еш ұтылмасы анық-ау деген сенім де зор.
Үшіншіден, бір атқа қажетті құрал-саймандардың құны да арзан емес. Ал, ат-әбзелдерін жасауда қазақ шеберлерінен асқан шеберлер некен-саяқ. Бір сөзбен айтқанда, шөген ойыны тұнып тұрған пайда көзі.
Әрине, жалпы жылқыларды спорттық ойындарға бейімдеу жеңіл жұмыс емес. Сонымен қатар кез келген атты да ойынға бейімдей алмайсыз. Ал, шөгенге мінетін аттарды басында шетелден сатып алуға тура келді. Шөген федерациясы құрылып, алғаш қызметін бастаған сәтте Англиядан поло ойынына арнайы үйретілген сегіз поло-пони аттары сатып алынған болатын. Алайда, олар еліміздің климаттық жағдайына бейімделе алған жоқ. 2014 жылы федерация басшысы болып А. Мамытбеков келген соң, шетелден ат сатып алу тоқтатылып, керісінше қазақи жылқыларды шөген ойынына баптау қолға алынды. Ең бірінші кезекте федерация Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» деп аталатын жылқы зауытынан жергілікті тұқымға жататын 60-қа жуық ат сатып алып, оларды үйрете бастаған болатын. Аттың тілін табатын мамандардың арқасында қазір осы аттар Қазақстан аумағындағы жарыстарға шығып жүр.
Шөген ойыны үшін, мамандарының айтуынша, тұрқы аласа қазақ жылқылары поно-пониге қатысты бекітілген халықаралық стандартқа толық жауап береді екен. Ендеше, шөген спортын Қазақстанда дамытуға жан-жақты жағдай бар деген сөз. Тек федерацияның бастамаларын табандылықпен қолдау ғана қажет.
Ұлы дала төсінде «тебінгісін терге шірітіп, терлігін майдай еріткен» ата-бабаларымыздың рухына суарылған шөген ойынының қазақ жерінде қайтадан атағы аспандайтынына деген сенім зор.

 

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Он сайыстың үздіктері

Жақында ІІМ Оқу орталығында (Қостанай қаласы) алғашқы оқыту курсының тағылымдамашылары арасында спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған