Түрме тордағы тіршілік

Таяудағы Сыр өңіріне жасаған іссапарымыз барысында Қызылорда қаласында орналасқан ЗК-169/5 қатаң түрдегі түзеу мекемесінде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары, әділет майоры Жүніс Әбдіқайров бастаған, құрамында осы мекеменің бастығы, әділет майоры Тасболат Қалымбетов, «Еңбек» РМК Қызылорда филиалының директоры Ермахан Төребеков бар топ колонияның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да, өндірістік аймағын да аралап көрдік. Аумағы ат шаптырым аумақты алып жатқан колонияда жазасын өтеушілерге барлық жағдай жасалған.
«Қызылорда облысында ҚАЖ департаментіне қарасты 3 мекеме бар. Соның ішінде адам саны да, аумағы да ең үлкені – осы түзеу колониясы. Мұнда лимит саны – 715 болса, бүгінде 521 адам жаза мерзімдерін өтеуде. Бұл мекемеде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, оның ішінде де бұрын сотты болғандар, яғни, рецидиві бар қылмыскерлер ұсталынады. Бірінші рет сотты болып жатқандар, қанша жылға кесілген болса да, бұл жерге жіберілмейді. Мұнда екі және одан көп рет сотталғандар келеді. Ұстау мерзімдері – ең ұзағы 17-25 жыл, ең азы 4-5 жыл. Орташа 10-12 жыл. Контингенттің жастары 25-тен басталады. Ең үлкені – алпыс жаста. Бұл мекеме камералық ұстау жүйесіне негізделген, яғни, жазасын өтеушілер 2-4 адамнан камералық жағдайда ұсталынады. Мұндай жүйе елімізде тек үш-ақ облыста бар», – дейді департамент бастығының орынбасары, әділет майоры Жүніс Өтегенұлы.
ЗК-169/5 мекемесінде сотталғандарды ұстаудың 3 дағдылық жағдайы қарастырылған. Олар – жеңіл, жалпы және қатаң жағдайда ұстау түрі. Ондағы жазасын өтеушілердің барлығы бөлек-бөлек ұсталынады. Ғимараты да, ауласы да, тамақ ішетін жағдайы да, ұстау режимі де бөлек. Жеңілдетілген дегеніміз – егер сотталған азаматтың тәртібі дұрыс болса, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрсе, ешқандай да ішкі режимді бұзбаса, олар осы топқа жатады. Әр дағдылық жағдайды анықтайтын өзінің комиссиясы бар. Олар тоғыз ай сайын жиналыс жасап тұрады. Қарауына түскен сотталғандардың құжаттарын, мінездемелерін қарап, сұхбат жүргізіп дағдылық жағдайын анықтайды. Ал жалпы мұнда келгендер ең бірінші кезекте жалпы дағдылық жағдайға түседі. Одан соң тоғыз айдан кейін барып қана тәртібіне қарай жеңіл, қатаң болып бөлінеді. Болмаса, сол жалпы жағдайда қалдырылады.
«Әр дағдыдағы ұстаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, жеңілдетілген түрдегі жазасын өтеушілерге отбасымен, туысқандарымен жылына төрт рет ұзақ мерзімге және төрт рет қысқа мерзімге кездесуге мүмкіндік беріледі. Бұл жазасын өтеушілер үшін үлкен стимул. Ал жалпы жағдайдағы жазасын өтеушілерге ұзақ мерзімді кездесулерге мүлдем тыйым салынады немесе жылына кейде бір рет, қысқа мерзімге екі рет кездесуге мүмкіндік беріледі. Сондықтан да біздегі сотталғандар реті болса тоғыз ай бойы жақсы тәртібімен көрініп, жеңілдетілген жағдайға ауысып кетуге тырысып жатады. Мұның бәрін, әрине, мекеме бастығы төрағалық ететін әр топтың өзінің комиссиясы шешеді. Бүгінгі таңда қатаң жағдайда екі адам ғана ұстауда болса, 300-ден астам адам жеңілдетілген дағдыда. Екі жүзге жуық жазасын өтеуші жалпы жағдайда. Бұл колонияның тәртібі үлгілі жағдайда екендігін білдіреді», – дейді әділет майоры Жүніс Әбдіқайров.
«Жазасын өтеп жатқандардың 80 пайызы жергілікті азаматтар. Өйткені, ата-аналары, туған-туысқандары, отбасы келер болса, жақын жерде болсын деп солай қарастырылған. Осы ретте өзге облыстардағы ҚАЖ мекемелерінде Қызылорда облысының тумалары болса, солардың заң бабы келгендерін осында алдырып жатырмыз. Бізде былтыр Елбасының Жарлығымен жарияланған рақымшылыққа бір де бір адам іліккен жоқ. Өйткені, қатаң жағдайдағы түзеу мекемесі болғандықтан олардың ешқайсысының бабы сәйкеспейді. Рақымшылыққа бірінші кезекте мүгедектер қарастырылуы керек болса да, біздегі мүгедектер оған ілікпейді. Ал одан басқа мерзімінен бұрын шартты түрде және 73 баппен шығып жатқандар бар. Жаза өтеу мерзімінің аз қалған бөлігін айыппұлға ауыстыру жағдайымен де босап жатады. Биыл ондайлар жоқ, ал былтыр 6 адам болды», – дейді мекеме бастығы, әділет майоры Тасболат Шәкенұлы.
«Біздің мекемедегі жұмысқа жарамды 423 жазасын өтеушінің 319-ы жұмыспен қамтылған. Соның ішінде «Еңбек» РМК-ның Қызылорда филиалында 142 адам, ішкі шаруашылықта 73 адам, ал қалғандары осында кәсібін ашқан жеке кәсіпкерлердің өндірісінде. Олардың жалпы саны 12 болса, оның үшеуі жеке кәсіп ашқан жазасын өтеушілер, екеуі «Жеке еңбек шартымен» жұмысын жүргізіп жатқандар. Жекеменшік кәсіп иелерін атай кетсек, олар – тігін өндірісін жолға қойған «Ас-Ка» ЖШС – 10 сотталған, қолөнер бұйымдарын шығарумен айналысатын ЖК «Оразбаев» – 10 сотталған, ағаш өндеу өндірісін қолға алған ЖК «Маханова» – 10 сотталған, газоблок шығаратын «Ержас-2013» ЖШС – 24 сотталған және «EST-KZO» ЖШС – 7 сотталған, брусчатка өндірісі бар ЖК «Жұмабаев» – 21 сотталған және «Жансая құрылыс» ЖШС – 7 сотталған. Жазасын өтеушілер арасында – ағаштан қолөнер бұйымдарын жасайтын және аяқ киім жөндейтін қос кәсіп ашқан ЖК «Давыдов» – 12 адам, саңырауқұлақ өсірумен шұғылданатын ЖК «Залиско» – 6 адам, қолөнер шеберлігімен айналысатын ЖК «Молдабеков» – 7 адам.
Кез келген жеке кәсіпкерге ЗК-169/5 мекемесінде өз кәсіптерін ашу өте тиімді. Себебі, өндірістік аймақтағы бос ғимараттар мен жер телімдері тегін сенімгерлік басқаруға беріледі. Жалдау ақысы алынбайды. Тек пайдаланылған коммуналдық ресурстарға ғана ақы төлейсіз. Күзет қызметін жалдаудың қажеті жоқ. Арзан жұмыс күші бар. Мұнда ең төменгі айлық ең төменгі еңбекақы мөлшерінен кем болмауы тиіс. «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының 7-бабы 1-тармағына сәйкес, қазіргі таңда жалақының ең төмен мөлшері 24459 теңге», – дейді мекеме бастығы.
«ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аумағында орналасқан барлық ғимарат біздің теңгерімімізде. Филиал бойынша орта есеппен 140-тан астам сотталған азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ, мұнымен шектеліп қалмай, алда тағы да жұмыс орындарын ашуды көздеудеміз. Оған тапсырыс табылатын болса, еңбек-өндірістік ресурсымыз жетеді. Биылғы үлкен жаңалығымыз – өндірістік аймаққа газ құбрының тартылғандығы. Соның арқасында бір күндік қуаты 12 мың дана болатын шағын кірпіш зауытын аштық. Қазір 125 мың дана таза күйдірілген қыш кірпіш дайын тұр. Бұрын электр қуатымен жұмыс жасайтын наубайханаға газ пеші орнатылды.
Әк тасын күйдіру арқылы әк шығарумен айналысудамыз. Қоймада 4 тонна әк дайын тұр. Сонымен қатар, кәріз немесе ауыз суға пайдаланылатын қақпағы бар бетон сақиналар, газоблок, қабырға іргетасын шығару қолға алынды. Қабырға іргетасының (0,5х0,6х2,4 метр) тапсырыс негізінде 35 данасы шығарылып, оның 11-і қоймада тұр. Филиалдың дәнекерлеу цехы тапсырыс негізінде дарбазалар, терезе темір торлары, аула қоршаулары және басқа да жұмыстармен айналысады. Биыл 10 дана тігін машинасы алынып, тігін цехымыздың аумағы мен жұмыс ауқымы ұлғайтылды. Жоғарыда аталған жаңа жұмыс орындарында алдағы уақытта тапсырыс көлемі артатын болса, жұмыспен қамтылған сотталған азаматтар саны да бірнеше есеге өсетін болады», – дейді «Еңбек» РМК Қызылорда филиалының директоры Ермахан Құрбанбекұлы.
ЗК-169/5 түзеу мекемесінің медицина бөлімінде стоматология, дәрігерлер қабылдау бөлмесі, шаруашылық медбике, егу бөлмесі, флюорокабинет, физокабинет және медициналық қалдықтарды уақытша сақтау бөлмелері қарастырылған. Стационарлық бөлім 6 палатадан тұрады.
ҚАЖ мекемелерінде ұсталынатын адамдардың АИТВ инфекциясын алдын алу мақсатында Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықпен бірлескен жұмыстар атқарылуда. ІІМ-нің №314 бұйрығына сәйкес қамауда отырған адамдар және сотталғандар тергеу изоляторларына, түзету мекемелеріне келіп түскен кезде, 6 айдан соң, босатылар алдында және мекемеде болу кезінде қалауы бойынша АИТВ инфекциясына тексеріледі.
Сонымен қатар, ҚАЖ мекемесіндегі ұсталынатын азаматтар туберкулездің алдын алу және дер кезінде анықтау мақсатында қабылданған бойда және әр алты ай сайын флюорографиялық зерттеуден өткізіледі.
Қызылорда политехникалық колледжі және Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі мен ЗК-169/5 мекемесі арасында 2016-2017 жылдарда білім беру қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету туралы келісімшарт жасалынған. Ағымдағы жылдың шілде айында 34 сотталған, оның ішінде 17-сі «Ағаш ұстасы», 17-сі «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандықтары бойынша диплом алып шықты. «Атамекен» ҰКП-ның штаттан тыс бизнес-кеңесшісі Д. Акимбаевадан келіп түскен бизнесті құру және жүргізу негіздеріне сотталғандарды оқыту туралы өтінішіне байланысты, Қызылорда облысы бойынша кәсіпкерлер палатасы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарды бизнесті құру және жүргізу бойынша 10-11 тамыз аралығында қысқа мерзімді оқу курсы өткізді. Оған жалпы 15 сотталған қатысып, 5 сотталғанға сертификат және 10 сотталған азаматқа бизнесті құру және жүргізу туралы анықтама табысталды.
«Ал жалпы білім беру ісіне жаза мерзімінің аяқталуына бір жыл қалған азаматтар көбірек тартылады. Олар пробацияның есебіне алынып, мақсатты түрде жұмыстар жүргізіледі. Қазір осындай 6 сотталғанды дайындап жатырмыз. Оларды колледждерде қалаған немесе ұсынылған мамандық бойынша оқытып, бостандыққа шыққанда сол мамандық бойынша жұмыс тауып кете алуына мүмкіндіктер қарастырылады», – дейді мекеме бастығы.
P.S. Сөз соңында ЗК-169/5 түзеу мекемесінің бастығы бір ауыз тілегін жеткізді. Оның айтуынша, жұмыспен қамту шараларын тек «Еңбек» РМК жүргізгені тиімді екен.
«Өйткені, біз жабық мекемеміз. Сыртпен байланыс өте шектеулі болу қажет. Ал жеке кәсіпкерлердің көбеюіне байланысты, олардың өкілдерін кіргізіп-шығару, шикізаттары мен өнімдерін өткізу – бақылау-өткізу пунктіне, қауіпсіздік қызметіне қосымша салмақ салып тұр. Ішке бөгде заттарды алып кірмеуін қадағалаймыз. Бұл бір жағынан ішкі тәртіп пен қауіпсіздікке де нұқсан әкелуі мүмкін. Өндірістік аймақты түгел «Еңбек» РМК-ның өздері алса, бізге де қадағалау оңай болар еді. Бұл ішкі режимге де оңтайлы.
Екіншіден, жұмыспен қамту көрсеткіші «Еңбек» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынының филиалы арқасында ғана жоғары болып тұр. Өйткені, ЖК-лардың жұмыстары уақытша, соған сәйкес айлығы да үзіліп қалады. Ал үлкен өндірісі бар «Еңбек-Қызылорда» филиалының жеке кәсіпкерлер атқаратын жұмыс көлемін орындауға мүмкіндігі бар. Жазасын өтеушілердің жеке кәсібін жүргізуін де осы РМК аясында қарастыруға болады. Қалай дегенде де, контингенті күрделі біздің мекеме үшін жұмыспен қамту мәселесін орталықтандырылған дұрыс деп ойлаймын», – дейді мекеме бастығы, әділет майоры Тасболат Қалымбетов.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Қызылорда-Астана

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*