Ләззат ҚАСЫМЖАНОВА, Көліктегі ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ТЕГІН МЕҢГЕРУГЕ ТОЛЫҚ ЖАҒДАЙ БАР

ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінде мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңіту ісі жүйелі жолға қойылған. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны насихаттау жұмыстарын департаменттің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы ұйымдастырады. Сондай-ақ, айтулы басқармаға жүктелген маңызды міндеттердің бірі – құжаттардың мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуін қадағалау, әрбір көлік полицейінің қазақ тілін жетік білуіне мұрындық болу.
Көліктегі ІІД бастығының баспасөз хатшысы – Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Ләззат Қасымжановамен болған осы сұхбатымызға мемлекеттік тілді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар арқау болады.
Ләззат Бақашқызы, ең алдымен Сізді және барша әріптестерімізді алда келе жатқан 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күнімен құттықтаймын. Мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры ретінде департаментте атқарылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– Рахмет. Әрбір қазақстандықтың тілге деген айрықша құрметін арттыру, оны меңгеруге бағытталған талап-талпыныстарын жүзеге асыру арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту, Ел Президенті-Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, 2020 жылға дейін қазақ тілін еркін меңгергендер санын 95 пайызға жеткізу – сіз бен бізге жүктелген азаматтық міндет екенін ұғынғанымыз абзал.
Атадан – мұра, бабадан – мирас болған ұлттық құндылығымыздың мәртебесінің биік, қолданыс аясының кеңи түскені, әрине, нұр үстіне нұр.
Баршаға мәлім, ел Конституциясының 7 және 93-баптарында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл мәртебесіне айрықша мән берілген.
Көліктегі ІІД-де іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру Ішкі істер министрлігінің 2007 жылғы 16 қаңтардағы «Ішкі істер органдарындағы іс-жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Бүгінде департаменттегі құжат айналымы мемлекеттік тілге толық көшірілген. Жалпы, көлік полицейлерінің мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. Департамент аппараты мен оның желілілік бөліністеріндегі өткізілетін жедел, аппараттық, селекторлық кеңестер мен саптық байқаулар мемлекеттік тілде өткізіліп, олардың күн тәртібі мен хаттамалары да мемлекеттік тілде жүргізіледі.
– Полицейлерге мемлекеттік тілді оқыту қалай жүзеге асырылады?
– Өзін елінің патриоты санайтын әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін жетік білуі керек. Осы қағиданы ұстанған департамент басшылығы көлік полицейлерінің мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін толық жағдай жасап отыр. Тілді меңгертуге арналған лингофондық кабинет техникалық, басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.
Ағымдағы жылғы 1 тамыз күні департаментте ІІМ-нің «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді оқытуды ұйымдастыру жөніндегі ережені бекіту туралы» 2016 жылғы 22 тамыздағы бұйрығына сәйкес мемлекеттік тілді оқыту сабақтары басталды. Қызметкерлерге мамандығының қыр-сырын терең меңгерген жоғары санаттағы мұғалімдер дәріс береді. Олар өз дәрістерін ұлттық салт-дәстүрлермен сабақтастыра өткізуді үрдіске айналдырған.
Мемлекеттік тілді оқыту – ғылыми түрде тиімділігі дәлелденген «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы жүзеге асырылып, осы жүйе бойынша қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейі бағаланады. Қызметкерлерге тілдің ауызша және жазбаша қолдану ерекшеліктерін меңгертуге және кәсіби салалық қызметте қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік тілді оқыту дәрістері үш деңгейлік (бастапқы, орта, жоғары деңгейлі) топтарға бөлініп, оқытылады. Әрбір сабақ жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жүргізіледі.
Кіріс-шығыс құжаттарына қатысты нақты деректер келтірсеңіз.
– Жалпы, департамент қызметкерлерінің 95%-ы жергілікті ұлт өкілдері болса, қалған 5%-ы өзге ұлт өкілдерін құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тілді білетін өзге ұлт өкілдерінің саны – 7. Мәселен, өткен жылы 40-тан аса көлік сақшысы қазақ тілін жетік меңгергені туралы сертификатқа қол жеткізді.
Есепті мерзім ішінде кіріс құжаттар саны – 24660, оның 80%-ы қазақ тіліндегі құжаттар болса, шығыс құжаттар саны – 84660, оның 92%-ы қазақ тілінде. Осылайша департаменттегі құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының үлес салмағы жыл сайын артып келеді.
– Жоғарыда ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын ашық сабақтар ұдайы өткізіледі дедіңіз. Мұндай сабақтардың берері көп шығар?
– Әлбетте, ең алдымен ұлттың ұлт екендігін айғақтайтын – оның тарихы, тілі мен ділі, салт-дәстүрлері. Сондықтан мемлекеттік тіл сабақтарында тарихи даталарға, ұлттық мерекелерге байланысты ашық сабақтар өткізудің маңызы зор. Атап айтқанда, жыл басынан бері Наурыз мерекесіне орай «Қош келдің, Әз-Наурыз», «Тәуелсіздік – тұғырым», т.б. тақырыптарда ашық сабақтар өткізілді. Бұл дәрістер барысында тыңдаушылар ерлік, елдік тақырыбындағы қазақ мақал-мәтелдерін жатқа айтып, ұлтымыздың әдет-ғұрыптары тұралы жыр-дастандардан үзінділер оқиды. Арамызда мемлекеттік тілді меңгеруге құлшынысы жоғары орыс, неміс, ингуш ұлттарының өкілдері бар. Барлығының да сабаққа деген ынтасы жоғары. Дәріс барысында олар ұлтымыздың әдет-ғұрыптарымен қатар, өз ұлтының салт-дәстүрлерін де баяндап береді.
Олар еліміздегі жүргізіліп жатқан тіл саясатын түбегейлі қолдап, көпұлтты еліміздің азаматы ретінде мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, өз қызметтері шегінде қолданыс аясын кеңейтуге тырысады. Біз оларды әрдайым өзгелерге үлгі етіп отырамыз.
– Сіз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген кез ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол уақыттарда қазақ тілінде шығатын бірқатар белді басылымдарда еңбек еттіңіз. Санаңызға ұлтжандылықтың дәнін егіп, тәрбиелеген ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз.
– Расында, 90-шы жылдардың студенттерін қазіргімен салыстыруға мүлдем келмейді. Журналистика факультетінің қазақ тобында оқығанымызбен, қазақ тілінде жазылған оқулықтар өте тапшы болды. Амалсыздан, орыс тіліндегі кітаптарды аударып, пайдаландық. Ол кезде бүгінгідей интернет желісі деген атымен жоқ-тын. Соған қарамастан, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Алма Қыраубаева сынды биік тұлға ұстаздарымыз білім нәрімен сусындатты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, осындай біртуар тұлғалардан алған сапалы білім әлі күнге дейін өмірлік азығымыз болып келеді. Әрдайым, өз ортамда осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім алғанымды мақтанышпен айтып жүремін.
– Алдағы тілдер күні мерекесі қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?
– Сақ заманындағы би атамыздың: «Арамның жолы қиқалаң, адалдың жолы төте еді; Жақсы-жаман әркімнің арасынан өтеді; Араздаспай, таласпай тату жүрсең не етеді. Ынтымағы бар болса, Бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді», – дейтін сөзін әрқашан есімізден шығармасақ екен. Ел іргесі аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, тіліміздің мәртебесі арта берсін.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан М. ӘБДІРАЗАҚҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*