Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Милициядан қалған мұра

Милициядан қалған мұра

Қарағанды облысының Жезқазған қаласына арнайы сапармен барғанымызда, біз жергілікті Ішкі істер басқармасы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбек Мұқатовпен таныстық. Құр келмеген тілшілерді құрақ ұшып қарсы алған ақсақал, бәрімізді бірден бұрынғы Жезқазған облыстық ішкі істер органдарының музейі болған ғимаратқа бастап барды.
Есігінің кілті екі күн сайын ауысатын бұл музей қазір қалалық ІІБ-ге қарайды екен. Алыстан ат терлетіп жеткен жас қонақтарымен амандық-саулық сұрасып келе жатқан ардагер кенет басқармадағы жиналыс залының бір бүйірінде орналасқан есік ұяшығына қолындағы ескі кілттерін кезек-кезек сұға бастады.
– О, тоба! Мынаның кілт салатын жерін тағы да ауыстырып қойыпты ғой… Әлгінде сіздерге айтқан музейіміз – осы. Іште біреудің кілті қалып қойса, сыртынан жабылып қалатын есікті бұзып ашуға тура келеді. Сондықтан осылай кілт ұяшығын жиі ауыстырып тұрамыз, – деп жылы жымиды Аманбек ақсақал.
Артынша, жәдігерлерге жауапты болып жүрген бір елгезек жігіт қонақтарды көп күттірмейін дегендей, бізбен асығыс қол алыса салды да, елпілдеп есікке қарай ұмтылды. Сосын қолындағы бума кілттің бірімен ұяшықты сырт-сырт еткізіп екі бұрай салды.
– Сонымен, жігіттер… – деді Жезқазған қалалық Ішкі істер басқармасы Ардагерлер кеңесінің төрағасы ішке кірер-кірместен. – Бұл музей Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы, полиция генерал-майоры Нұрлан Рахымберлиннің көмегімен 2012 жылы қазан айында ашылған. Ашылуына біз көп еңбек жасадық…
Осылайша, ол қыздың жиған жүгіндей болып, әрқайсысы өз орнын тауып тұрған көненің көзіндей, бізге қажеттінің өзіндей жәдегерлерді шетінен таныстыра бастады. Айтуынша, жергілікті ішкі істер органдары ардагерлерінің фотосуреттері мен естеліктерді жинауға өзі бас-көз бола жүріп, қолға іліккеннің бәрін осында әкеп тапсырған екен.
– Қазір музейде тұрғандар – біз жинаған материалдардың үштен бір бөлігі. Қалғанының бәрі мұрағатта тұр. Реті келгенде, бұларды өзгертіп отырамыз. Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына қоныс аударып кеткен және Қарағанды қаласында тұратын бұрынғы қызметкерлеріміз отбасы мүшелерін ертіп келіп, оларға өздерінің бұрынғы суреттерін көрсетіп, музейдің естелік кітабына қолтаңбаларын қойып кетіп жатады. Енді бұл музейдің жеке құрамға тигізер көмегі көп. Осындағы көне жәдігерлер – кітаптар, кезіндегі милиция қызметкерлері қолданған дүниелер арқылы өздерін өздері патриоттық тұрғыда тәрбиелейді, – дейді Аманбек Мұқатов.
Сол сәтте, біздің назарымыз қақ төрде қасқайып тұрған портретке қадалып қалған еді. Шендінің шебер кескінделген тұлғасына саусақ шошайта бастағанымызда:
– Аа, бұл кісі – генерал Мұрат Құрманов! – деді ардагер сақшы. – Кәсіби суретші болғандықтан, мына портретін өзі жазған. Жезқазған облыстық Ішкі істер басқармасының бірінші басшысы болды және оны 18 жыл басқарды. Ол кісі мұнда Қарағанды облыстық ІІД-нің бірінші орынбасарлық қызметінен келген. Генерал-майор шенін осы Жезқазған қаласында алды. Облыс бойынша да қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш генерал. Бірнеше жақсы кадрлар дайындады. Оның тәрбиесін көрген шәкірттері қазір әр жерде генералдар, полковниктер. Көбі отставкада болса да, ол кісі туралы жақсы естеліктер айтып тұрады…
Ақсақалдың айтуынша, генерал Мұрат Құрманов зейнетке 1985 жылы шыққан. Оған дейін жаңадан жасақталған Жезқазған облысының Ішкі істер басқармасын өзі аяғынан тік тұрғызған құрылым басшысының атақ-даңқы зор болыпты. Тек облыс жұртшылығы ғана емес, жалпы Қазақстан және КСРО Ішкі істер министрлігінде үлкен беделге ие болған кісі екен. Ал 2012 жылы Қарағанды, Жезқазған өңірі оның туғанына 90 жыл толуын кеңінен атап өткен. Әсіресе, Қарағанды облыстық ІІД мен Жезқазған қалалық ІІБ-нің басшылығы және жеке құрамы, республикалық, облыстық, қалалық Ардагерлер ұйымдары бірлесе атсалысып, генералды еске алу жұмыстарын биік дәрежеде өткізіпті. Біз танысқан музей де сол сәтте ашылған. Соның ішінде ерекше айта кетерлігі, қазір Жезқазған қаласының бір көшесі – генерал Мұрат Құрмановтың атында. Сондай-ақ, қалалық ІІБ ғимаратының қабырғасына оған арнап ескерткіш тақта, ішкі фойесіне нысандық киімдегі бюсті орнатылған.
– Ол кісінің замандастары мен шәкірттерінің естелігінен құралған «Мұрат Құрманов» атты кітап жарық көрген. Ал музейімізде кезінде Қарағанды және Жезқазған облыстарында көп жыл қызмет атқарған полковник Қарашолақовқа қатысты деректер көп. Ол кісі 1982 жылы Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған. Біздің Қарашолақов туралы да жазған көптеген мақалаларымыз, арнайы кітабымыз бар. Қазіргі аймақтық полициялар оны өздерінің бағдарламасына алып, қажетіне жаратып тұрады, – дейді Аманбек Мұқатов.
Одан әрі Жезқазған гарнизонының қызыл Туын алып көрсетті. Сөйтіп, Кеңес өкіметі кезінде онымен талай парадтарға қатысқанын еске алды. «1970-80 жылдары қалада милицияның бар екенін көрсетіп, осы тудың астында жүріп өтетінбіз», – дейді ауыр жымиып.
Сосын асықпай жылжып жүріп генерал Құрмановтың қызмет құжаттары мен орден-медальдарының тұсына келгенімізде, оларға қарап тұрып, тағы бір естеліктің шетін қылтитты.
– Ол өмір тәжірибесі, білімі жоғары деңгейдегі азамат еді. Ешкімге ұрысу дегенді білмейтін. Көп нәрсені өзінің практикалық жұмысымен үйретеді. Мәселен, 1970 жылы Қылмыстық іздеу бөлімінде істеп жүргенімізде, мен обкомға бір қағаз дайындадым. Ол кезде қазіргідей А4 форматты қағаз деген жоқ. Әртүрлі көлемде болады. Соны машинкамен бастырып, бастығым Мұрат Құрманұлына алып келдім. Оны ана кісі алды да әуелі қолын қойды. Содан кейін тартпасынан ұстара алып, оны сіріңкенің бір шиіне қыстырды. Сосын қағаздың үстіне сызғыш қойды-дағы, оны әдемілеп тұрып қиып, біркелкі етіп берді. Осыдан соң мен Мұқаңа олай әртүрлі көлемдегі қағазбен бармайтын болдым. Біле-білсеңіз, соның өзі тәрбиелік мәні бар әрекет еді. Ал қазіргі бастықтар өздерінше болып, «мынауың неге мұндай?» деп шаптығып шыға келеді ғой. Жо-о-оқ, ол кісі өйтпеді… – деп терең күрсінді ақсақал.
Өзі де қазір біраз жасқа келіп қалған Аманбек Мұқатов жергілікті ішкі істер органдарының жас қызметкерлеріне мейлінше тәлімгерлік жасап, олардың тынымсыз еңбегіне тәуір көзқарас танытып тұрады. Айтуынша, қазір Жезқазған қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің 496 мүшесі бар екен.
– Оның жетеуі – Жезқазған қаласының құрметті азаматы. Облыс жабылғаннан кейін біз қалалық мәслихатқа шығып, осы жетеуіне әр бір-екі жыл сайын құрметті азамат дәрежесін алып беріп отырдық. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының 5 құрметті ардагері бар, – деді, әлгі елгезек жігіттен алып қалған кезекті кілтпен музейдің есігін жауып жатып.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ, Астана-Жезқазған-Астана

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагерлер – тәжірибелі тәлімгер

Қазақстан полициясының 25 жылдығы құрметіне арналған Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің слеті болып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған