Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Сақшылардың сенімді серігі

Сақшылардың сенімді серігі

Иттің адамға серік, күзетке берік екенімен әлімсақтан таныс елдің бәрі олардың адамдармен бір сапта кәдімгідей қызмет атқаратынын біле бермейді. Қазір «қызметтік иттер» деген тіркес жиі қолданыла бастады. Қарапайым адамдар негізінен полиция қызметкерлерімен бірге есірткі іздеп жүрген иттерді жиі көретіндіктен, «қызметтік иттер» деген сөздің мағынасына «иттер есірткі табуға көмектеседі» деп біржақты баға беріп жатады. Ал ІІМ Кинологиялық орталығының нағыз маман-кинологтарымен әңгімелесіп, «қызметтік иттердің» атқаратын қызметінің жан-жақтылығы мен жауаптылығына қаныққанымызда, көргенімізден көрмегеніміздің көп екеніне көз жеткіздік.
Орталықтың қайнаған тіршілігімен бізді арнайы дайындық бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ерік Байғалиұлы Карибаев таныстырды.
– Бізде иттерді туғызатын арнайы блок бар. Тамақтарына да аса жауапкершілікпен қараймыз. Негізінен құрғақ қоспалармен тамақтанады. 2005 жылдан бастап кинологиялық орталықта асыл тұқымды иттер питомнигі ашылды, – дейді Ерік Байғалиұлы. – Жаңа туған күшіктер ерекше күтімге алынады да, питомниктің маман-кинологтары оларды екі айлық мерзімнен бастап үйрете бастайды. Белгілі бір мерзімге дейін үйретілген күшіктер жергілікті жерлердегі кинологиялық орталықтарға беріледі. Біз жыл басында арнайы хат жазып, әр бөлімшеге қандай тұқымды иттер керек екенін анықтап, тапсырыс аламыз. Сол бойынша күшіктер беріліп, кейін олар жан-жақты үйретілу үшін маман-кинологпен бірге біздің орталыққа қайта келіп, арнайы курстан өтеді. Бүгінге дейін ішкі істер органдарындағы кинологиялық бөлімшелерге 300-ден астам күшік берілді.
Бүгінгі таңда Кинологиялық орталықта есірткі, жарылғыш заттар және қару, оқ-дәрі іздеу, жедел-тергеу топтарының құрамында қылмыстарды ашу, адам ізінің иісі арқылы іздеу бағытында арнайы үйретілген қызметтік иттерімен бірге, кинолог-мамандар даярланады. Тұқымдық иттерді өсіру, қызметтік иттерді ұстау және асырау сияқты жұмыстар атқарылады. Жыл сайын кинологиялық орталықта 30-ға жуық ит үйретіледі. Иттердің тұқымына келсек, неміс овчаркасы, спаниель және лабрадор-ретривер дейтін тұқымдағы иттер үйретуге тез көнеді. Жалпы, иттерді неге полиция қызметіне жиі пайдаланамыз десек, оның сезу қабілеті адамға қарағанда 10 мың есеге дейін күшті екен. Түнгі уақытта адам тек 5 метрге дейінгі қашықтықты ғана көрсе, иттің түндегі көру қабілеті 100 метрге жетеді. Сонымен қатар, 2 мың иісті ажырата алады. Осындай ерекше қасиеттерге ие болғандықтан да құқық қорғау органдарында адамның төрт аяқты достары адал қызмет атқарады.
Кинологиялық орталықта үйретілетін иттерге арналған ветеринарлық бөлімшенің, курсанттардың жатақханасы мен асхана, оқу корпустары, иттерді үйрету алаңдарындағы тазалық пен ұқыптылық орталық басшыларының іскерлігіне дәлел.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагерлер – тәжірибелі тәлімгер

Қазақстан полициясының 25 жылдығы құрметіне арналған Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің слеті болып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған