Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Дәніккеннен құныққан жаман

Дәніккеннен құныққан жаман

Алаяқтық. Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Оңай олжаны көздегендер оны кәдімгідей кәсіпке айналдырып алған. Бірақ, бір әдіспен қашанғы алдай алсын? Ал бүгінде интернет желісін қолданбайтындар кемде-кем.
Заман ағымы, уақыт талабына сай, интернет желісі адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі бір оқиға, не құбылыс туралы қоғамдық пікір қалыптасыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын заманда, бұның басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен, интернетті осындай игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Мәселен, соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық 20 пайызға өскен.
Киберқылмыстың алдын алумен елімізде ҰҚК айналысады. Ал Ішкі істер министрлігінде онымен «К» атты арнайы басқарма күреседі. Көрші Ресейде осы қылмысқа қарсы күресті «Р» және «К» басқармалары жүргізеді. Аталған басқармалар 1999 жылы құрылған. Ресейлік хакерлер көбіне-көп компьютер желісі көмегімен бай-манаптардың жеке өміріне қол сұғу арқылы бар құпияларын өздеріне қарсы қару етіп, бопсалайтын көрінеді. Әрі банктерден «ақша саууды» да бірінші кезекке қойып отыр. Бізде де жағдай мәз емес… Дәл қазіргі кезде осындай қылмыскерлермен күреске айрықша күш жұмсалуда. Мамандардың айтуынша, хакерлердің шабуылынан жүз пайыз қорғану мүмкін емес. Сол себепті, қарапайым халыққа мынадай кеңес береді:
Біріншіден, спамға назар салмау; сіздің электрондық мекенжайыңызға келген барлық күмәнді хаттарды ашпау.
Екіншіден, ниетінің түзу екендігіне көзіңіз жетпеген адамдарға өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқашан бермеу.
Үшіншіден, онлайн-сауда жасау кезінде сақ болу, бұл үшін мәмілелердің қауіпсіздігі мен жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ететін сайттарды таңдау.
Төртіншіден, егер сіз біреудің компьютерін пайдалансаңыз, онда өз құпиясөздеріңіздің сақталмағанына көз жеткізіңіз.
Бесіншіден, компьютердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бағдарламаларды (антивирустық бағдарламалар) ұдайы жаңартып отыру.
Егер сіз интернеттегі алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, онда құқық қорғау органдарына жүгінуге толық құқығыңыз бар.
Киберқылмыстың тікелей қарқын алуының салдарынан әлемнің жетекші мемлекеттерінің өзі көлемді қаржы шығынын көруде. Мәселен, Пеномен институтының жүргізген зерттеуі бойынша, былтырғы жылы АҚШ-тың жетекші кәсіпорындары орташа есеппен киберқылмыстың шабуылынан 15,42 миллион АҚШ долларын, ал Германияның жетекші кәсіпорындары орташа есеппен 7,5 миллион АҚШ долларын жоғалтқан. Сонымен қатар, зерттеу нәтижесі Жапония, Ұлыбритания және Бразилия сияқты елдердің жетекші кәсіпорындары орташа есеппен киберқылмыстың шабуылынан тиісінше 6,81 миллион, 6,32 миллион және 3,8 миллион АҚШ долларын жоғалтқанын көрсетті. Бастапқы жетілікті тәмәмдайтын Австралия мен Ресейдің кәсіпорындары шамамен 3,47 миллион және 2,37 миллион доллар жоғалтқан екен. Иә, виртуалды қарақшылар қай мемлекетті болсын қыруар шығынға ұшыратпай қоймайды.
Елімізде 2015 жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны мәлім. Аталған заңда отандық ғаламтор пайдаланушылар үшін қауіпсіздік сертификаты туралы норма қабылданды. Соған сәйкес, 2016 жылғы қаңтардан бастап шетелдік ғаламтор ресурсына ақпарат берудің шифрланған хаттамаларын пайдаланатын кез келген Қазақстанның азаматы өз компьютерінде (немесе басқа құрылғыда) отандық қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін ғана кіре алатын болады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Онда тараптардың коммуникациялық желілер мен ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып немесе осындай желілер мен жүйелерге қарсы жасалған қылмыстық әрекеттердің алдын алу және оларға қарсы күрес мақсатында ынтымақтастықты озық тәжірибе алмасу арқылы нығайтатындығы көрсетілген.

Сіз не дейсіз?
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі:
– ХХІ ғасыр – ғаламтордың адам тіршілігінің барлық саласына, соның ішінде медицина, көлік, білім беру, өндіріс, банк салаларына енуімен сипатталатын жаһандану және ақпараттандырудың ғасыры. Шексіз киберкеңістік жер бетіндегі миллиондаған адам қызметінің алаңы болып отыр. Алайда, ақпараттық технологияларды қолдану осы саладағы қылмыспен байланысты тәуекелдер мен қатерлерге әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін естен шығармаған жөн. Әрине, қазіргі таңда ден қоюды қажет ететін сын-қатерлерге Қазақстан да ұшырап келді. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарының деректері бойынша Қазақстанда киберқылмыстар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні азаматтардың жеке деректері, мемлекеттік органдардың құпия деректері, банк шоттары туралы деректер және т.б. қылмыскерлердің аса назар аударатын нысандары болуда. Бұл жайт зерделеп, пысықтаудың жеткіліксіздігі мен қылмыстардың зияткерлік сипатынан, оларды тергеп-тексеру тәжірибесінің болмауынан, қылмыс жасалған орын мен уақытты қадағалаудың күрделілігінен, кибершабуылдарға тойтарыс берудің жаңа технологияларын қолданудың аздығынан, сондай-ақ, осы іс-әрекеттерден келтірілген елеулі нұқсандардан айқын көрінеді.

Олжас КҮЛТЕШОВ:
– Киберқарақшылықтың көбейіп кетуінің басты себебі – хакердің кәсібилігі, мәліметтің құндылығы, ең бастысы, қауіпсіздікке жеткілікті түрде мән берілмеуі. Компьютердің «құлағында ойнайтын» кез келген бағдарламашы бөтеннің бақшасына түсе алады. Бірақ, көбіне оның заңды жақтарына көңіл бөлгендер аяғын еппен басса, құныққандары қазынаға қолын молынан салып, аяғында темір торға қамалып жатады. Сондықтан да хакерлердің торына шырмалмас үшін қауіпсіздікке көп көңіл бөлінгені жөн.
Қай кезеңде де алаяқтық жасаудың себебі бір: адамның пайдакүнемдік теріс пиғылы. Алдағы уақытта талайды тақырға отырғызған виртуалды алаяқтықтан абайламаса болмайды.

Ақерке МАРАТҚЫЗЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Үміті ақталған «Үздік полиция»

Қарағанды облысының орталығынан шалғай орналасса да, Сәтбаев қаласы «ешкімнен нан сұрамайды». Бұндағы қазақы қоңыр тірлік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған