Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Үміті ақталған «Үздік полиция»

Үміті ақталған «Үздік полиция»

Қарағанды облысының орталығынан шалғай орналасса да, Сәтбаев қаласы «ешкімнен нан сұрамайды». Бұндағы қазақы қоңыр тірлік өзге шағын қалалардағы сияқты өз ішінде тыныш қана өткеріліп жатыр. Саламыз сол болғандықтан, біз негізінен сәтбаевтік сақшылардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуды ұйғардық.
Әсіресе, «қалада Гүлнар есімді «Ең үздік полиция» атағын иеленген қызметкер тұрады» деген лепеске елең ете қалдық. Содан, қай қарымымен үздік шығып, қандай үміті ақталғанын өз аузынан естімек болып, кейіпкерімізді қала орталығындағы көпқабатты үйдің пәтеріне іздеп бардық. Алған бетімізден алдын ала хабардар болған полиция майоры Гүлнар Жалмұрзинова қара қазанын көтеріп, ақ дастарқанын жайып, өзіне жарасымды нысандық киімін үстіне қондырып-ақ отыр екен. Ішке кірер-кірместен, алыстағы ағайынын сарыла күткен сартап сағыныш иесіндей кейіппен алдымыздан жайраңдап шыға келді. Қонақтарын құрақ ұшып жүріп төрге оздырған тәртіп сақшысы бір қарағанға тым ақжарқын, аса қонақжай болып көрінді. Қасында томпаңдап, генералша жасанған бір жасар ұлы жүр. Енді түкірігін жұтып барған тілшілердің ішіп-жемі өз алдына, біз бұл ретте ішкі істер органы өкілінің іскерлік қырын ашып айтпақпыз.
Сонымен, Гүлнар Шәріпқызы Жалмұрзинова 1971 жылы 13 наурызда сол Сәтбаев қаласының өзінде дүниеге келген. Жергілікті №27 қазақ орта мектебін тәмамдағаннан кейін, 1988-1994 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған қалалық филиалынан білім алады.
Оқу бітірген жылдары түрлі салада жұмыс істеген Гүлнар Шәріпқызы, қазір қызмет атқарып жатқан Сәтбаев қалалық Ішкі істер бөліміне 2002 жылдың қыркүйегінде қабылданған. Осылайша, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі топ инспекторы лауазымы бойынша 4 жыл табан аудармай еңбек етіп келіп, 2006 жылдың қараша айында аға инспектор лауазымына тағайындалады. Міне, содан бері күні бүгінге дейін қалалық ІІБ Ювеналдық полиция тобының аға инспекторы. Қазіргі ұжымында барлығы 20 қызметкер бар. Оның ішінде 2 аға инспектор, 5 учаскелік инспектор және 13 мектеп инспекторы қызмет атқарады.
– Полиция мамандығын мектепте оқып жүргенімде таңдағанмын. Себебі, немере ағам Әбунасыр Әбенов кезінде ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Бірге туған бауырларымның ішінде полиция болған ешкім жоқ. Сондықтан да сол немере ағама қарап, оның формасына қызығып өстім. Қазір, міне, балғын балалық шақтағы арманым орындалып, ішкі істер органында қызмет атқарып жатқаныма биыл 15 жыл болды, – дейді полиция майоры.
Түсінген адамға бір сала бойынша 15 жыл бойы тапжылмай отырып, қызмет атқару деген аз уақыт емес. Сөйтіп тәжірибе шыңдаған өз ісінің білгірі Гүлнар Шәріпқызы бүгінде Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық Ішкі істер басқармасының «Ең үздік полиция» атағына ие болып отыр.
– Жалпы, біз бір отбасында 10 бала едік. Тағдырдың жазуымен қазір содан бесеуміз қалып отырмыз. Алдымда 2 ағам мен 2 апам бар. Мен – үйдің кенжесімін. Өзімнің мына құлдыраңдап шауып жүрген кішкентай ұлым Нұрасыл Шәріпұлы – бір жаста. Қалған ғұмырымда осы баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, аяғынан тік тұрғанынша жұмыс істей бермекпін, – деді полиция формасындағы кішкентайының басынан сипап отырып.
Енді қызмет барысына аз-кем тоқтала кетсек, Гүлнар Шәріпқызы бастаған топ қаладағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Сол үшін мектеп әкімшіліктерімен, құзырлы мекемелермен бірлесіп жұмыс жасайды. Үстелінің үстінен арзан арақ үзілмейтін маскүнемдердің үйіне және «битін сығып, қанын жалап отырған» тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан шыққан бұзақы балалардың ата-аналарына жиі барып тұрады. Айтуынша, ондай отбасы мүшелерімен тіл табысу өте қиын. Сөз ұқпайтын сабаздардың көршілерінен тыныштығы бұзылғандығы туралы шағым түссе, Гүлнар немесе оның әріптестері дереу аталған мекенжайға аттанады. Ондайда ішімдікке сылқия тойып алған ересектер оңайлықпен есік аша қоймайды. Көбінесе басқа әріптестері әлсіздік танытса, тумысынан ер мінезді Гүлнар Шәріпқызы қиын отбасындағы жасөспірімдерге алдын ала балмұздақ, кәмпит беріп, оларды өзіне үйір етіп алады екен. Сөйтіп, есік қаққан полицияға пәтер ішінен еш жауап болмаған жағдайда, әлгі балаларға сырттан: «Бұл Гүлнар апаң ғой. Есікті аша қойшы!», – дей салады. Ішке кірген соң, жеткен жеріне сұлай кеткен мас мырзалардың өзін күштеп тұрғызып, есін жидыру қамына кіріседі.
Бөтен біреудің табалдырығын тоздыра жүріп, өз баспанасына қону үшін ғана жетіп жығылатын тәртіп сақшыларының ол еңбектері елеусіз емес, әрине. Мәселен, 2016 жылы ювеналдық және криминалдық полиция бөлімдерінің белсенді жұмыс істеуі нәтижесінде, Сәтбаев қаласы бойынша, жасөспірімдер арасындағы ересек адамдармен бірлескен пәтер ұрлығы және өзара ұялы телефон жымқыру сынды ұсақ қылмыстар 56 пайызға төмендеген. Ал 2017 жылдың 1-тоқсанында ондай еш олқылық орын алмапты. «2015 жылы ше?» дедік біз де қарап отырмай.
– 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы төбелес салдарынан бір кісі өлімі болған. Сол кезде кейбір ата-ананың қарауынсыз балалар түнгі сағат 3 пен таңғы 6-лар аралығында көшеде жүретін еді. Одан кейін ондай жағдайға жол берілген жоқ. Қылмыс бола қалған сәтте, біз оны қала әкімінің орынбасары басшылық ететін Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы мен мектепішілік кеңесте қараймыз. Одан әрі ҚР ӘК-нің 127-бабына сәйкес, ата-анаға әкімшілік хаттама толтырып, оны сотқа жолдап, соттың шешімімен айыппұл салынатын жағдайға дейін жеткіземіз. Ал ондай тәрбиеге, профилактикаға көнбеген жағдайда, комиссия және мектепішілік кеңес қорытындысы бойынша, біз Кәмелетке толмағандардың мамандандырылған ауданаралық сотына арыздану арқылы бұзақы балаларды арнайы мектепке жібереміз, – дейді полиция майоры.
Иә, «баланың ісі – шала» қашанда. Ертеректе «Иә, Алла, бала бер! Бала берсең, сана бер! Сана бермесең, ала бер!» деп қарғанған қазақтың отбасы тәрбиесінде онша олқылық жібере қоймасы анық. Үнемі жасөспірім жерлестеріне жаны ашып жүретін Гүлнар Шәріпқызының айтуынша, Сәтбаев қаласында ұрлық-қарлық, қатарластарына қақтығып-соқтығу сынды ұсақ қылмыстар жасайтын балалардың дені не өзге ұлт өкілі, не жат тәрбиеде өскен шала қазақтар болып шығады. Алайда, қылмыс ұлтқа, руға, дінге, тілге бөлінбейді. Ұрынғысы келсе, кез келген адам үшін пәле деген – аяғы астында. Біздікі, жалпыдан жалқыға тоқталған бір мысқал мысал ғой, әншейін.
Нақты айтқанда, Сәтбаев қаласында 16 білім беру мекемесі, 3 кәсіптік колледж бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бен оның әріптестері солардың бәрімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Кәмелетке толмағандар арасында айына екі мәрте анкета жүргізіп тұрады. Соның нәтижесінде, биылғы жылдың 1-тоқсанында 23 жасөспірімді әртүрлі санатпен профилактикалық есепке алған көрінеді. Сондай-ақ, жергілікті полицияның қатаң қадағалауында 25 жайсыз отбасы тұр. Олардың дені – маскүнемдер мен толық емес отбасы. «Олармен әрі қарай тұрғылықты мекенжайлары бойынша жұмыс жүргізіле береді», – дейді Гүлнар Шәріпқызы.
Біз бұла шақтағы арманы болашақта орындалған оның алдағы жұмыстарына сәттілік, кейін де қызметтік сатыға қатысты үкілеген үмітінің ақтала беруін тілеп, жолға жиналдық…

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагерлер – тәжірибелі тәлімгер

Қазақстан полициясының 25 жылдығы құрметіне арналған Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің слеті болып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған