Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Ардагерлер – тәжірибелі тәлімгер

Ардагерлер – тәжірибелі тәлімгер

Қазақстан полициясының 25 жылдығы құрметіне арналған Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің слеті болып өтті. Шараның мақсаты – тәртіп сақшыларын кәсіби шеберлікке баулу, мамандықтың беделін көтеру, оларды ішкі істер органдарының озық дәстүрлері бағытында тәрбиелеу.
Жалпы, аталған іс-шараға департамент басшылығы, ІІО ардагерлері, департамент жанындағы Консультативті кеңес мүшелері мен барлық желілік бөліністерден келген 110 жас маман мен олардың тәлімгерлері қатысты.
Ең алдымен жас қызметкерлер департамент тарихынан сыр шертетін мұражайды тамашалады. Қонақтарға мұражайға қойылған жәдігерлер мен олардың тарихы туралы қызықты мәліметтерді Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция подполковнигі Ербол Шәймерденов таныстырды.
Слетті салтанатты түрде Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ренат Унарбеков құттықтау сөзімен ашты. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ішкі істер органдары қызметкерлеріне ел қауіпсіздігін қорғау, азаматтардың еркіндігі мен тыныштығын сақтау бағытында зор жауапкершілік жүктегенін атап өтті.
– Бұл міндеттерді тиімді орындау үшін әрбір полиция қызметкері мүлтіксіз кәсіби маман болып, жеке қасиеттерді бойына жинап, терең білім мен озық даярлықты меңгеруі тиіс, – деді Ренат Қанатұлы.
Сондай-ақ, әрбір тәлімгер мен аға буын өкілін жас қызметкерлерге Қазақстан Республикасы заңдарын құрметтеп, дәріптеуді үйретуге шақырды. Ал Кадр жұмысы департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Курумбаев өз кезегінде мемлекет ІІО қызметкерлеріне қамқорлық көрсетіп, барынша көмектесетінін айта кетті.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың артқан сенімін ақтап, Отан алдында өз борышын адал өтеуге әрбір қызметкер міндетті. Жас мамандармен жұмыс жасай отырып, біз Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың Қазақстан полициясының деңгейін жоғары әрі сапалы деңгейге көтеру керек деген тапсырмасын орындаймыз, – деді Руслан Қуандықұлы.
Айта кетсек, қазір ішкі істер органдарындағы жас мамандарға 3 мың 77 тәжірибесі мол полиция қызметкері тәлімгерлік етуде. Оның 607-сі – ардагерлер. Осыған орай, Ербол Шаймерденов слетқа қатысушы тәлімгерлерді елінің патриоты етіп тәрбиелеу керектігін баса айтты.
– Бұл слеттің басты мақсаты – тәлімгерлерге жас мамандармен жұмыс істеуде жаңа әдістерді ойлап тауып, оларды іске асыру. Тәлімгерлік деген – тек қана жұмыс тәсілдерін үйрету ғана емес, жас буын өкілдеріне үлгі бола білу. Тәлімгер біреуді тәрбиелеу үшін жоғары моральдық құқыққа ие болу керек. Бүгінде Көліктегі ішкі істер органдарымен 106 көліктік полиция ардагерлері желілік органдарға тәлімгер ретінде бекітілген. Көліктегі полицияның ерекшелігі ескеріле отырып, ардагер тәлімгерлер кезекші бөлімдердің қызметтеріне, таңертеңгілік және кешкі рейдтер мен тексерістерге қатысады, – деді Ербол Жұмағатұлы.
Сондай-ақ, жиында ІІО ардагерлері кәсіби шеберліктерімен бөлісті. Жас буынның аянбай еңбек етуіне тәлімгерлердің тікелей қатысы бар екендігін және жастар сол алдыңғы қатардағы ағаларына қарап бой түзейтіндерін атап өтті. Ал жас қызметкерлер өздеріне берілген сапалы білім мен артылған сенім үшін департамент басшылығы мен тәлімгерлерге алғыс айтып, алдағы уақытта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетіндіктеріне, сол жолда аянбай еңбек ететіндеріне уәде берді.
Слеттің екінші жартысында үздік тәлімгерлерге грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Содан кейін слет қатысушылары қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіш мемориалына гүл шоқтарын қойып, олардың рухына тағзым етті.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА, суреттер Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен алынды

Сондай-ақ, оқыңыз

Дәніккеннен құныққан жаман

Алаяқтық. Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Оңай …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған