Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Австрияның Қазақстандағы елшісі Герхард САЙЛЛЕР: ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫНА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙМЫН

Австрияның Қазақстандағы елшісі Герхард САЙЛЛЕР: ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫНА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙМЫН

Қазақстан-Австрия қарым-қатынасы – ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша мол әлеуетке ие. Екі елдің достық қарым-қатынасының ширек ғасырдан асқаны да осының бір айғағы. Сондықтан да біз таяуда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріндегі Австрия мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Герхард Сайллер мырзамен сұхбаттастық.

– Жалпы, Австрия – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған еуропалық мемлекеттердің бірі. Көптеген жылдар бойы екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнады. Бүгінде осы елдер арасындағы екіжақты келісімдер қалай дамуда?
– Биыл екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың орнағанына 26 жыл толып отыр. Дәлірек айтсам, 1991 жылы 19 ақпанда екі ел арасындағы ең алғашқы ресми құжатқа қол қойылған еді. Кеңес үкіметі ыдырыған кезде Қазақстан тәуелсіздігін алып, алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық байланыс орната бастады. Австрия соңғы 25 жыл бойы Қазақстанның қарқынды дамуына куә болып келеді. Әсіресе, Астананың көз алдымыздағы құрылысы бізді қатты таңғалдырып отыр. Австрия билігі Қазақстан үкіметінің саяси-экономикалық сипаттағы амбициялық жоспараларын үнемі қолдап отырады.
– Сіздің елдің елшілігі ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, түрлі бағдарламаларды жүзеге асырады. Мәселен, былтыр еліміздің 6 офицері Австрия мемлекетінде кәсіби біліктілігін арттырды. Бұл да ел тыныштығын күзету жолындағы тың серпіліс деп ойлаймыз…
– Дұрыс айтасыз. Аталмыш бағдарлама осымен дәстүрлі түрде алтыншы жыл қатарынан жалғасуда. Былтыр Қазақстанда Австрия ІІМ Кинология орталығының бастығы Йозеф Шутценхофердің басшылығымен кинолог-мамандардың қызметтік іздестіру иттерін пайдаланып, жарылғыш заттарды іздестіруі бойынша тәжірибелік сабақ өтті. Оған Америка Құрама Штаты Елшілігінің, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдау көрсетуімен Көліктегі ішкі істер департаментінің және Қазақстанның өзге де әлеуетті құрылымдарының кинологтары қатысқан болатын. Кейіннен сіздердің 6 офицер Австрия мемлекетінде білім алды.
Аталмыш шараның негізгі мақсаты – кинологтарды және қызметтік-іздестіру иттерін жарылғыш заттарды іздеуге оқытуда шетелдік тәжірибені қолдану. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманғы қылмыстық топтардың материалдық-техникалық және қаржылық мүмкіндіктері көп. Бүгінде әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылыққа басты қауіп төндіріп тұрған терроризм мен экстремизм екені айдан-анық. Мұндай жағдайда трансұлттық қылмысқа қарсы тұру үшін елдер арасында құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру маңызды. Сонымен қатар, мұндай бағдарламалар ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысында өте қажет.
– ЭКСПО-2017 көрмесіне тоқталып өтсек. БАҚ Австрияның павильоны өте ерекше болатынын жарыса жазуда. Сондықтан біз павильон авторлары Еуропаға танымал қазылар алқасының таңдауынан өткенін білдік. Оған осыншама көңіл бөлгендеріңізге қарағанда, Австрия біздің елде өтетін халықаралық көрмеге қатты қызыққан ғой?
– Иә, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің өзі де, тақырыбы да Австрия тарабын қатты қызықтырды. Біріншіден, Австрия мемлекеті 2017 жылы Қазақстан елордасында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбымен жақсы таныс және «Болашақ энергиясын» жақтайды. Қай ел болмасын, болашаққа қандай қуат, қандай ел қалдырады, соны ойлау керек. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – балаларымызға, немерелерімізге таза табиғатты мұра етіп қалдыру. Екіншіден, 2017 жылы Австрия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Осы төрағалығын қоршаған ортаны қорғау, экология, табиғаттың тазалығы сияқты мәселелерге арнайды. Сондықтан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыса отырып, шілде айында Астанада ЕҚЫҰ конференциясын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Себебі бұл ЭКСПО-ның тақырыбы болашақтың таза энергиясына арналған. Үшіншіден, Австрия – ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысына тікелей қатысқан мемлекет. Өздеріңіз көріп жүрген көрменің бас ғимараты – үлкен шардың сыртын қаптау үшін Австрия Қазақстанға арнап баламасы жоқ 380 күн панелін әзірледі. Шар сол күн панелімен қапталған.
– Бұл, әрине, тың жаңалық екен. Жалпы, Австрияның халқы Қазақстан жайлы хабардар ма? Мәселен, қазақстандықтардың көбі австриялықтардың шаңғы мен биге әуес екенін, Рождество мейрамын ерекше атап өтетінін, шницель тағамын жақсы көретінін біледі…
– Сұрағыңыз өте орынды. Австрия мемлекетінің Қазақстандағы елшісі болғаннан кейін, мен үшін қазақстандықтардың Австрия жайында, австриялықтардың Қазақстан жайында білгені өте маңызды. Бұл бағытта да көптеген жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Айта кететіні, соңғы жылдары Қазақстанға Австриядан келген турист саны артты. Былтыр жазда Австриядан Алматыға келген қонақ көп болған. Туристердің көбі іссапармен емес, Қазақстанның көрікті жерлерін көруге келгенін анықтадық. Олар Ұлы Жібек жолының бойындағы қалалармен танысуға келген екен. Бүгінгі күні Венада Қазақстанның елшісі өте белсенді жұмыс жасауда. Жыл сайын Австрияның Қазақстандағы елшілігі орташа есеппен 5 мың адамға виза ашады. Бұл визамен Венгрия, Словения, Бельгия, Люксембург, Нидерланды жəне Португалия елдеріне де бара алады. Ал австриялықтардың Қазақстанға деген қызығушылығы күн санап артуда. Себебі, Қазақстанға келген австриялықтар таңқалысын жасырмайды. Олардың айтуынша, қазақстандықтармен сөйлесу оңай, халық өте қонақжай. Қыдыратын жерлер өте көп. Өзіңіз айтып өткендей, австриялықтар шыңғы тебуді ұнатады. Олар Шымбұлақ, Медеу сынды демалыс орындарын жақсы көреді. Енді ЭКСПО-2017 көрмесіне орай да туризм саласының əлеуеті арта түседі деген ойдамын.
– Ал өзіңіз елге алғаш келгенде қандай әсерде болдыңыз?
– Қазақстанға ең алғаш келгенде тоңғаным есімде. Маған Астана суық деп ескерткен болатын. Бірақ, мұндай дәрежеде суық болады деп ойламаппын. Сонда да бір қызығы, Қазақстанда спортқа деген белсенділігім артып кетеді. Себебі, бұл мемлекетте спортқа аса мән берілген. «Сарыарқа» велотрегі; Ұлттық тенис орталығы; «Медеу» мұз айдыны; «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, гольф клубтары… барлығы дерлік саламатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік жасайды.
– Енді қазақстандық полицейлердің жұмысына тоқталып өтсеңіз…
– Қоғамдық тәртіпті орнатып, тыныштықты күзету – полицейлердің міндеті. Бірақ, тыныштық сақшысы болу кез келген жанның қолынан келмейтіні анық. Полицейлер халыққа қауіп төнген жағдайда өмірлерін қатерге тігіп, қызмет атқарады. Олардың атқаратын жұмысы – жан-тәніңмен берілуді қажет ететін қиын да қауіпті, өте жауапты қызмет. Сондықтан мен қай елдің полицей қызметкері болмасын, олардың жұмысына үлкен құрметпен қараймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Ақерке МАРАТҚЫЗЫ,
Суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Дәніккеннен құныққан жаман

Алаяқтық. Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқтық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Оңай …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған