Мақсұттың мығым мақсаттары

ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінде қызмет атқарып жүрген осы бір балуан денелі, тұла бойынан қазақы болмыс аңқып тұратын, сөз арасында ана тіліндегі шешендік оралымдарды шебер қолданатын жайсаң жігітке жолыққан сайын, оның ашық қабағы мен адамға жағымды қарым-қатынасына қарап, «нағыз азамат осындай болса керек» деген ой келеді.
Аңқылдаған жігіттің жайсаңын тереңірек тану үшін оның ішкі әлеміне саяхат жасадық. Сұхбат барысында өзі жайлы айтудан барынша тартыншақтаған Мақсұттың ішкі әлеміне отансүйгіштік, тіл жайлы сұрақтарды қоя отырып, байқатпай еніп кеттік.
Бүгінде полиция капитаны Мақсұт Қуанов ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл қызметін атқарады. Ол 1982 жылы бұрынғы Семей облысының Мақаншы ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Көктерек орта мектебінің бірінші сыныбына барып, оны 1999 жылы тамамдағаннан соң, «Қайнар» университетіне түсіп, білімін ұштаған.
Әкесі Құсман 15 жыл Аягөз гарнизонында танкші болған. Мақсұт әкесіне еліктеп, бала күнінде әскери әуе десантшысы болуды армандаған. Бірақ, өсе келе ол қызығушылығы басқа арнаға ауысқан.
Жастайынан денешынықтыруды жанына серік етіп, спорттың қазақша күрес, самбо, қоян-қолтық ұрыс түрлерімен айналысқан. Қол жеткізген жетістіктері көп-ақ. Спорттың арқасында шыңдалды, ол төзімділікке үйретті, шыдамдылыққа тәрбиеледі. Әрине, оның cпорттағы табыстары оңай келе қойған жоқ. Сол жолда жанын аямай, көптеген қиындыққа төзуге мәжбүр болды. Қол-аяғының жарақаттанған кездері де аз болған жоқ. Өжет жігіт бұл қиындықтардан еш қаймықпады, керісінше, өршелене алға ұмтылды.
Студент кезінде Семей құрама командасының құрамында болып, 2000 жылы қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында ІІ-орынды иеленді.
2001-2003 жылдары әскери борышын өтеген соң, 2004 жылдың қараша айынан бастап ҚР ІІМ-де қызметін бастаған. Қазақша күрес, самбо, қоян-қолтық ұрыс бойынша жекпе-жек түрлерінен спорт шебері атанды.
Мақсұттың айтуынша, спортпен шұғылданған адам көп жақсы қасиеттерге қол жеткізеді. Мәселен, спорт – тәртіпке, сергектікке, өз-өзіне сенімділікке, бір сөзбен айтқанда, салауатты өмірге жетелейді.
Әскерде жүрген кезінде де спорттық жарыстарға белсене қатысқан.
– Спорт – әрбір азаматтың жанын шаттыққа бөлейтін керемет сиқыр. Мен онсыз бір күнімді де елестете алмаймын. Менің әрбір күнім спортпен шұғылданудан басталады. Салауатты өмір салтын ұстануды өз басымда ғана емес, отбасымда да қалыптастырғанмын. Ұл-қыздарымды спорт секцияларына қатыстырып жүрмін. Бүгінде қоян-қолтық ұрыс бойынша ІІМ қызметкерлері арасында өтетін жарыстарда, сала қызметкерлері арасында өтетін біріншіліктерде төрешілік жасаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Сөзінен де, ісінен де қарапайымдылық барынша сезіліп тұратын азаматтың өзі жайлы мақтауды ұнатпайтындығын ескеріп, біз де барынша қарапайым болуға тырыса отырып, оның ішкі істер органдарында қызмет атқарған жылдарында қол жеткізген жетістіктерін сұрадық. Айтуынша, министрлік қызметкерлері арасында өткен көптеген республикалық жарыстардың жеңімпазы атаныпты. Жекпе-жек өнерін жетік меңгерген азамат ретінде кейінгі жастарға ақыл-кеңесін аямай, тәлімгерлік жасауда.
– Жекпе-жек өнерін қазақтың әрбір жігіті меңгеруі тиіс. Ол өзін-өзі қорғауға, батылдыққа жетелейді. Бұл өнерді меңгерген азамат әрқашан өзін және айналасындағы жолдастарын қорғай алады», – дейді Мақсұт нық сеніммен.
Сөзге шешен, ауызекі әңгімеде тілі жатық замандасымыздан өзінің осы ерекшелігінің неден бастау алғанын да сұрап көрдік.
– Мен «мемлекеттік тілді жақсы меңгергенмін, сол тілде шебер сөйлеймін» деп ешқашан мақтанған емеспін. Себебі, әрбір азамат өз тілін жетік білуі, оны туған анасындай құрметтеуі тиіс. Ана тілі – біздің ұлттығымыздың, қазақ екендігіміздің басты белгісі емес пе?! Оның үстіне, мен – Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлтымыздың мақтаныштарына айналған, өркениетіміздің алыптары туған Семей өңіріненмін. Біз жақта ешкім «мен қазақ тілінде шешен сөйлей аламын» деп мақтанбайды. Жалпы алғанда, өзіңіз айтып отырған тіліміздің шешендік оралымдарын пайдаланайын деп немесе өзімді көрсетейін деп бұлай сөйлемеймін. Ол – маған бала күнімнен қаныма сіңген әдет. Адамдармен күнделікті қарым-қатынас барысында бала күнімнен естіп өскен мақал-мәтелдерді айтып қалсам, оны мақтану үшін айтпаймын. Меніңше, әрбір адамның тіл байлығы – әдеби кітаптарды көп оқығандығына да байланысты. Осы орайда бір нәрсені нақты айтуым қажет, мамандығы, кәсібі, ұлты, нәсілі кім болса да әрбір қазақстандық азамат қазақ тілін білуі, құрметтеуі, сол тілде сөйлеуі тиіс. Мұны жалғыз мен ғана айтып отырған жоқпын. Елбасымыздың тіл туралы басты саясаты да осындай. Бұл – менің өмірде де, жұмысымда да, отбасымда да ұстанған басты қағидам, – дейді ол.
Сондай-ақ, Мақсұт ұл-қыздарын қазақы рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Жан жары Әлиямен әскерден келген соң танысып, екеуі осыдан он үш жыл бұрын шаңырақ көтерген. Әлия Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін шет тілі мамандығы бойынша тамамдаған. Астанаға қоныс аударғанға дейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің шет тілі кафедрасында қызмет атқарыпты. Қазір бала күтімімен айналысуда. Мақсұттың айтуынша, жары оған отбасына алаңдамай, қызмет атқаруына барлық жағдайды жасайды.
Мақсұт үшін өмірде ең маңызды құндылықтардың бірі – отбасы. Ол жексенбі күндері отбасымен бірге қыдырғанды, табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Балаларын болашақта қандай мамандыққа бейімдейтіндігі жайлы сұрағанымызда, ол балаларына ешқашан «мына мамандықты таңда» деп талап қоймайтынын айтты.
– Себебі, адам өзі қалаған мамандық иесі болғанда ғана сол мамандықтан нәтиже шығара алады. Қазақ мұндайға қатысты «Бабы келген бүркіт қиядан іледі» деп тауып айтқан, – дейді полиция капитаны.
Кейіпкеріміздің өмірлік мақсаты – өзінің Отан алдындағы азаматтық, перзенттері алдындағы әкелік парызын адал орындау. Ұл-қыздары да елге жанашыр болып өссе екен деп тілейді.
– Қазақ «қыз – қонақ» дейді. Қыздарымның тәрбиесі – тікелей аналарының мойнында. Мен тек сырттай бақылау жасап отырамын. Негізінен берілетін тәрбиенің ұлттық бағытта өрбігенін қалаймын. Әр бала сәби кезінен ұлттық тәрбиенің қайнарынан сусындаса, ол ешқашан ұлттық санадан аулақтап кетпейді. Ал ұлдарым Әділет пен Әлидің тәрбиесімен тікелей өзім айналысқанды жөн санаймын. Олардың бала күнінен спортпен айналысып, шымыр болып өскенін қалаймын, – дейді Мақсұттың өзі.
Ол – қазір екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, Қазақстанның кемел келешегіне өз үлесін қосып отырған оатғасы. Осындай мығым мақсатпен, болашаққа зор сеніммен қарыштай қадам басып келе жатқан азаматқа біз де тек сәттіліктер тілейміз.

Мұзафар ТҰРДЫҚҰЛОВ,
Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*