Тұғырынан таймаған тұлға

Ішкі істер министрлігі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткеннен кейінгі жылды ақсақал жасына жеткен құрметті ардагерлерін ардақтаудан бастады. Соның бірі де бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, әділет генерал-майоры Болат Ысқақовтың 70 жасқа толуы.
Мерейтойға арналған салтанатты шара министр Қалмұханбет Қасымовтың басшылығымен ІІМ ғимаратының кинозалында өтті. Оған ведомство басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ, ішкі істер органдарының ардагерлерімен қатар, Премьер-Министр кеңсесінің, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де келіп қатысты.
– Бүгінде құрметті демалысқа шыққан Болат Ғазизұлы ішкі істер органдары қатарында 30 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып келді. Дегенмен, бұл кісі ел үшін еткен сол еңбегімен шектеліп қалмай, қазірдің өзінде республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде өзінің қоғамдық жұмысын жалғастыруда. Әлі аттан түсетін жаста емес екенін дәлелдеп, кейінгі буынға осы бір қажыр-қайратымен үлгі болып отыр, – деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.
Сондай-ақ, ардагердің шаңырағына шаттық тілеп, омырауына «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін тақты. Өз кезегінде Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков те әріптесіне ағынан жарылып ақ тілегін арнады.
– Асылдың сынығы, ескінің көзі – ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Оның ішінде бүгінгі мерейтой иесі Болат Ғазизұлы сынды құқық қорғау қызметінде жанын салып еңбек еткен ардагерлеріміз зейнетке шықса да жас ұрпаққа демеу болып, оларға білген-түйгенін үйретіп, ортамызда жүргені көңіл қуантады. Биыл 60-ты айтпағанның өзінде, біздің Ардагерлер кеңесінде 70 және 80 жасқа толатын 200-ден астам ақсақалымыз бар, – деді Өмірзақ Қоспанұлы.
Одан кейін сөз сөйлеген өзге де жоғары лауазымды азаматтар 70 жасқа еңкеймей жеткен тұлғасы тік, бейнесі жарқын Болат Ысқақовтың өмір жолына тоқталып, онымен бірге қызмет атқарған сәттерін әсерлі әңгімеге арқау етті.
Айта кетсек, Болат Ғазизұлы Ысқақов 1947 жылы ақпанның 9-ында Талдықорған облысына қарасты Үштөбе қаласында дүниеге келген. 1974 жылы еліміздегі ІІМ-нің жалғыз оқу орны болған Қарағанды жоғары мектебін тәмамдап, алғашқы қызметін сондағы облыстық атқару комитетінің ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің аға инспекторы болып бастады. Одан кейінгі еңбек жолы былайша өрбиді: 1991 жылы ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы; 1991-1992 жылдары Ішкі істер министрінің орынбасары; 1992-1995 жылдары Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары; 2001-2002 жылдары Ішкі істер министрі – Ішкі әскерлерінің қолбасшысы болған. Бұл ретте, оның осындай жоғары сатыларға аяқ басқанға дейін 20 жасында Қарағандыдағы №38 көмір шахтасында 3 жылдай жұмыс істегенін, жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, бөлім бастығы, аудандық бөлім бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары, Шахтинск қалалық және Қарағанды қалалық ІІБ бастығы сынды төменгі сатылардан өткенін де ескерте кеткен орынды. Оған Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарын, Алматы және Жамбыл облыстары бойынша мемлекеттік тергеу комитетін, Республикалық ұланды басқарғанын қосыңыз… Ардагер жас шағында Таулы Қарабақ және армян-әзербайжан шекарасындағы ұлтаралық қақтығыс аумағында жағдайды тұрақтандыру бойынша арағайындық миссиясына да қатысқан.
Әрине, оның бәрі Тәуелсіз Қазақстан билігі тарапынан санатқа алынып, ішкі істер органдары қатарындағы ерен еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 24 медальмен марапатталды. Өзі осы қол жеткізген жетістіктеріне соғысқа қатысқан әкесінің ықпалы болғанын үнемі айтып жүреді. Әкесі Ғазиз 1943 жылы Ташкенттегі жаяу әскер училищесінде 9 ай дайындалып, небәрі 17 жасында кіші лейтенант шенін алып, Белорусь үшін шайқас майданына аттанған. Елге жаралы болып оралған оның жігерлілігі жасөспірім Болаттың мінез-құлқының қалыптасуына әсер етіп, өмірлік мақсат-мұратын айқындап бергендей…
Мерейтойға ардагердің зайыбы, балалары мен немерелері де келді. Айтуынша, өзі қызмет, жұмыс деп жүріп, осы ұл-қыздарының қалай өскенін байқамай да қалыпты. Шара барысында олардың құшақтары гүлге толып, құрметті қонақтардың басқа да бағалы сый-сияпатына бөленді. Сонымен қатар, Болат Ғазизұлының еңбек жолына қысқаша шолу жасаған деректі фильм көрсетіліп, ІІМ-нің Мәдениет орталығы дайындаған концерт қойылды.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*