Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Нөмірдің қонағы / АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол: ҚАЗАҚСТАН – ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТ

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол: ҚАЗАҚСТАН – ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТ

Әлемнің алпауыт мемлекеттерінің бірі – Америка Құрама Штаттары. Ал екі ел арасындағы байланыс кімді де болсын қызықтырары анық. Осы тұста Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Елшісі Джордж Крол мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– АҚШ – Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі. Халықаралық қарым-қатынас жүйесінде өздігінен қалыптаса бастаған мемлекет ретінде АҚШ-тың Қазақстанға терең қызығушылық танытқанын атап өткен жөн. Бүгінде осы елдер арасындағы екіжақты келісімдер қалай дамуда?
– Осыдан 25 жыл бұрын Америка Құрама Штаттары Қазақстанда өз Елшілігін ашқан алғашқы мемлекет болды. Содан бері Қазақстанның стратегиялық сенімді серігіне айналды. ҚР мен АҚШ арасындағы жемісті ынтымақтастықтың бір себебі – екі елдің экономикалық, саяси ынтымақтастық, қауіпсіздік және басқа да салаларға деген ортақ көзқарас. Мәселен, Қазақстан КСРО құлағаннан кейін ядролық арсеналдан бас тартты. Осындай шешім қабылдай отырып, ядролық қарумен күресте көшбасшы болды. Бұл тұрғыдан да АҚШ Қазақстанды қолдаған болатын. Мен энергетика секторында мұнай шығару саласында ғана емес, сонымен қатар өңдеуде, жанармай өндірісінде де, ілеспе күкірт пен тағы басқаларын қолдануда ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру керек деп есептеймін. Америка Құрама Штаттары Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымының мүшесі болуы үшін жасап жатқан қадамдарын қолдайды. Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі онсыз да өз айналымдарын арттырған АҚШ-пен сауда қатынастарын орнатудың жаңа белесі болмақ. Мысал келтірсек, өткен жылы біздің екі ел арасындағы сауда айналымы 2,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Америка Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанына да оң көзқарас танытты. Бұл – Қазақстан тарихындағы айрықша оқиға. Сонымен қатар, EXPO-2017 халықаралық көрмесі туралы да айтқым келеді. Онда американдық павильондар да болады. Мен қазақстандықтарды соны аралауға шақырамын. EXPO-2017 көрмесінің табысты шара болатынына сенімдімін.
– Сіздің елдің Елшілігі біздің елдің Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тренингтерді жиі өткізеді. Өз сұхбаттарыңыздың бірінде: «Қазақстан мен АҚШ –терроризммен күрес шарасында одақтас» деп айтыпсыз. Аталған бағыт бойынша қандай жұмыс жасалуда?
– Бұл рас. Біз Қазақстанның құқықтық институттарын бекіту мен заңнамалық жүйесін реформалауда оған үлкен қолдау көрсетеміз. Судьялардың төрелік деңгейлері мен кәсібилігін, полицейлердің біліктілігін арттыру мен олардың азаматтар алдындағы жауапкершілігі арқылы Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі шешілетінін атап көрсеткен Қазақстан Президентінің «Ұлт Жоспары» бес институтционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын құптаймыз. Сот үдерісіне сенім мен азаматтардың рөлін арттыру үшін алқа билер сотының қызметін ұлғайту керек. Сондай-ақ, бұл өздері қызмет ететін жергілікті қоғамдастықтың негізгі басымдықтарына жедел жауап беретін жергілікті поицейлерге де қатысты. Бұдан бөлек, біз – Қазақстанмен адам саудасына қарсы әрекет бойынша әріптеспіз. Тәртіпті бақылау және алдын-алу шараларын жүргізу саласындағы ынтымақтастығымыз біздің жұмыстың негізгі тетігі болып табылады. Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісім өз күшіне енді. Енді тараптар тергеу, қылмыстық қудалау мен құқық бұзушылықты ескерту саласында, сондай-ақ қылмыстық істерге қатысты тексеру жүргізуде бір-біріне белсенді құқықтық көмек көрсете алады. Қазақстан – Америка Құрама Штаттарымен аталған келісімге қол қойған Орта Азиядағы алғашқы мемлекет. 2015 жылдың маусым айынан бастап бұл екі ел экстремизмге қарсы өзара тығыз қарым-қатынас орнатты.
– Біздің елде мемлекеттік тілімізді меңгерген екі елші бар. Оның бірі – Ұлыбритания елшісі болса, екіншісі – сіз. Олай дейтінім, қазақстандықтарды мерекелік іс-шараларда қазақ тілінде құттықтайсыз. Оны қаншалықты деңгейде жетік білемін деп айта алар едіңіз?
– Сұрағыңызға рахмет. Мен қазақ тілін өте жақсы меңгерген жоқпын, бірақ тырысып жүрмін. Әр елші өзіне бөлінген мемлекеттің тілін аздап болса да білуі керек және сол елдің тарихы мен мәдениетінен хабардар болуы тиіс деп ойлаймын. Шет тілдерін жақсы меңгеру елшінің табысты жұмыс жасауының бастапқы шарты болып табылмай ма?..
–Қазақстанда сізді бәрінен бұрын не таңқалдырды? Мүмкін, ұлттық болмысы, дәстүрлері… Қазақ тілі мен мәдениетінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Мен Қазақстанда елші болған уақыттан бері оның мәдени дәстүрлері туралы көп білуге тырыстым. Сондай-ақ, менің резиденциямның жанында тұрған өз киіз үйіммен мақтанамын. Дәл сол жерде өзімнің қазақстандық достарымды қабылдаймын. Қазақстандықтардың ең жақсы қасиеті – аста-төк қонақжайлылығы. Мені сондай-ақ қазақстандықтардың лингвистикалық қабілеттері де таңқалдырады. Ал табиғаты – тіптен ерекше!
– Қазақстандықтардың барлығы дерлік американдықтар туралы біледі. Ал американдықтар Қазақстан туралы не біледі?
– Өкінішке қарай, аз біледі. Мен американдықтарды Қазақстан туралы біліп, мұнда оқып, саяхат жасап, жұмыс істеуге жиі келуге көндіріп, қолымнан келгенше оларды шабыттандырғым келеді.
– Америка елшісі бос уақытында немен айналысқанды жөн көреді?
– Өз бағымда жұмыс жасағанды жақсы көремін. Әсіресе, гүл немесе асқабақ отырғызғанды. Жерді қолмен қазып, оның әр кесегін қопсытып отырғанды ерекше ұнатамын.
– Қазақстандық полицейлердің жұмысын қалай бағалайсыз? Ондағы оң және теріс тұстарын көрсетіп бере аласыз ба?
– Мен полицейлердің жұмысына үлкен құрметпен қараймын. Полицейлер күн сайын өмірлерін қатерге тігіп, отбасылары мен жеке өмірлерін өз елінің тыныштығы үшін құрбан етпей ме? Ол – жан-тәніңмен берілуді қажет ететін қиын да қауіпті жұмыс.
АҚШ Елшілігінің трансұлттық қылмыспен күрес мәселесі бойынша ҚР ІІМ-мен ынтымақтастығының да тарихы ұзақ. Америка Құрама Штаттары Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі 2002 жылы есірткіні бақылау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету аймағында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум аясында Елшілік есірткі құралдарының заңсыз айналымы, адамдар саудасы арқылы заңсыз жолмен алынған кірістерді жою әрекеті бойынша шаралар жүргізеді. 2006 жылы біз заңсыз көші-қон және адам саудасымен күрес бойынша жыл сайын 100 полицейді оқытатын Оқу Орталығын аштық. Бірнеше жыл бойы есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымдарын бақылау бойынша Департаментпен бірлесе отырып әр түрлі жобалар жүргіздік. Бұл жылы негізгі күш синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымымен күрес саласында тәжірибе алмасу бойынша іс-шараларды дамытуға бағытталған. Елшіліктің Ішкі істер министрлігі мен оның аймақтардағы бөлімшелерінің қызметкерлерімен жүргізген жұмыс тәжірибелерінен олардың кәсібилігі мен өз жұмыстарына деген шынайы берілгендіктерін байқадым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақерке МАРАТҚЫЗЫ,
суреттер Қазақстандағы АҚШ елшілігінің жеке мұрағатынан алынды

Сондай-ақ, оқыңыз

Аманат арқалаған ерлер

Театрға талантты актер, актерге рөліне деген шексіз махаббат керек. Журналымыздың бүгінгі санында Қалибек Қуанышбаев атындағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған