Жігері бар жасынға жанығандай

Әйел туралы айтылатын әңгіменің әдібі әдемілікпен астасатыны – өмір заңы. Жаны нәзік әйел – Жаратқанның өзі жұмақтың кілтін сеніп тапсырған адамзаттың анасы. Бірақ сол «еркектің қабырғасынан жаратылған» деген сенімге ие сезімшіл жандардың бойына қара нардың белін қайыстырар қайсарлықты да дарытқан Жаратушының шеберлігіне таң қалмасқа да болмайды. Біздің бүгінгі әңгімеміздің де арқауы, осындай бір басынан жаны әдемілікке құштар нәзіктік те, бұрыс нәрсені дұрысқа дарытпайтын тіліп түсер турашылдық та, ең бастысы, кез келген ер адамның бойынан табыла бермейтін батылдық та табылатын Батима Әбішқызы туралы болмақ.
Адам жанының жалауы туған жерінің самалымен желбірейді десек, Батима Әбішқызының да өзінің туып-өскен өлкесі – Баянауылы дегенде, кеудесі мақтаныш сезіміне толады. Қазақтың маңдайына біткен көркем жерлерінің бірі – Баянауыл аймағының сұлулығына көз суғарып өскен Батиманың жан-дүниесіне баға жетпес байлық қондырған да туған жердің қасиеті шығар. Батиманың әкесі нағыз еңбектің қара қазанында шыңдалған шахтер болған адам. Зейнетке шыққан соң Қазақстандағы көмірдің Отаны – Қарағандыдан Баянауылға көшіп келеді. Ондағысы кіндігінен тараған сегіз перзентінің бабалар мекенінде тамыр жайсын деген мақсаты шығар.
Ұзақ жылдарын ішкі істер органына арнаған Батима Әбішқызының өмірінің 13 жылы құрылыс саласына кетіпті. Павлодар қаласындағы құрылыс техникумын бітірген соң, өз кезінде еліміздің астанасындағы ең бір беделді мекемелердің бірегейі болған «Алматы тұрғын үй құрылыс» басқармасында еңбек етті. Кеңес кезінде Алматы шаһарының жауһарына айналған «Алматы аэровокзалының», 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйінің, Алматы Жоғарғы партия мектебінің, «Көк базардың» ғимараттарында айшықты қолтаңбасы бар екенін ол күні бүгінге дейін мақтан етеді. Ол кездегі еңбекті бағалаудың бір тамаша үлгісі – партия қатарына қабылдау болатын. Батима Әбішқызы да еңбек дегенде ерінбейтін табандылығының арқасында партияға өтіп, өзіне жүктелген сенімнің үдесінен шығу үшін еңбектің алдыңғы сапынан табылатын талапшыл болды. Батиманы ішкі істер органына алып келген қасиеті – қай салада, қандай жұмыс атқарса да жауаптылық пен ұқыптылықтан таймайтын өжет мінезі десе де болады.
– Бір күні құрылысы қызып жатқан нысанда жүргенмін. Түскі үзіліс кезінде Алматы тұрғын үй құрылыс басқармасы кадр бөлімінің қызметкерлері келіп, «жұмысты жақсы істейтін, жауапты құрылысшыларды ішкі істер органына жіберетінін» мәлімдеді. Мен негізінен еңбек еткен 35 жыл ішінде бірде-бір рет ескерту де алып көрмеген адаммын. Құрылыс жұмысында да озат болдым. Сол менің еңбекке деген ерен құлшынысым ескеріліп, ішкі істер органына жіберді. 1980 жылғы 16 сәуірде Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Мемлекеттік нысандар мен мекемелерді күзету жөніндегі полкке қызметке қабылдандым. Осы күзет саласында 15 жыл абыройлы еңбек еттім, – дейді Батима Әбішқызы.
Иә, адам баласы абырой деген асуды оңай бағындырмайды. Өмір бойы сол шыққан биігінің аласарып қалмауы үшін тырбанатыны тағы бар. Батима да күзет қызметінде жүріп небір жауапты сындардан сүрінбей өткен жан. Қауіп пен қатерге де басын тіккен кездер болды. Әсіресе, 1987 жылғы мына бір оқиға Батиманың өміріндегі ең бір сынға толы сәт болған шығар. 10 қазан күнгі таңертеңгі сағат 9:30 кезінде Алматы қалалық Ішкі істер басқармасы Мемлекеттік нысандар мен мекемелерді күзету жөніндегі полктің кезекші бөліміне «милиция сержанты Б. Нұроваға шабуыл жасалып, оның жарақат алғаны жайлы» шұғыл хабар түседі. Ол кезде Батима «Қазақтелерадиосы» деп аталатын мекемені күзететін. Мәселенің мән-жайына үңілсек, осында жұмыс істеп, жуырда ғана бастығымен келіспей шығып кеткен бір қызметкер «Қазақтелерадиосының» басшысына қасақана шабуыл жасау ниетімен таңертең ерте келеді. Күзет сапында тұрған Батима қызметтік куәлігі жоқ қызметкерді күзет бекетінен өткізбейді. Көзді ашып-жұмғанша қойнынан балта суырып алған ол Батиманы тура мойнынан жаралап үлгереді. Ауыр жарақат алып, айналасына қан шашырап жатқанына қарамастан, ол қаскөйдің қолындағы қаруды алу үшін жанталасады. Адам өмірін әрбір минут тұрмақ, әрбір секундқа іліндірген арпалыс бірнеше минутқа созылған еді. Жарық дүниеден көретін қызығы таусылмады ма, әлде, жалғыз баласының періштесі қорғады ма, Батима ауыр жарақаттанса да аман қалады. Отан алдында қабылдаған антына адалдығы мен өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, жүректілік танытқан Батима Нұрова осы ерлігі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Грамотасымен марапатталады және старшина атағы беріледі. Кеңес кезінде бұл марапаттың мәртебесі биік болатын.
Кейде Батима Әбішқызының жылдар бойы жинаған марапаттарын бір сүзіп шығатын әдеті бар екен. Жиырмаға жуық медаль, бір бума грамоталардың ішінде өзі үшін осы Грамотаның орны ерекше. Өйткені, ол – сол бір өмір мен өлім таразыға тартылғандай болған сәттердің куәсі. Батиманың көп марапаттарының ішінде «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері», «Қазақстан полициясына – 20 жыл» «Ішкі істер органындағы үздік қызметі үшін» сияқты марапаттарының шоқтығы биік болса, өткен жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты мерекелік медалімен марапатталуы да үлкен мәртебе.
Әр әйел – өзінше бір сырлы әлем. Жандүниесіне тұнған сол сырлы әлемінің көркі де, темірқазығы да – отбасы. Батима Әбішқызы – барлық өмірін жалғыз баласына арнаған ардақты ана. Тағдырдың жазуынан ешкім де қашып құтылмайтынын ол жастай мойындады. Азаматын жер қойнына бергенде небәрі 25 жаста ғана болатын. Қолындағы құйтақандай сәбиімен қалған жас келіншек мына өмірдің ауыртпалығына мойымай, қалайда ұлын ештеңеден тарықтырмай, азамат етіп өсіру үшін бар жігерін жұмсады. Жастық шақтың қызықты шуағын баласының бақыты үшін құрбан еткен Батиманың еңбегі ақталып, бүгінде ұлы Эдуард – төрт тілді меңгерген білікті заңгер. Үлгілі отбасының тірегі. Анасының қас-қабағына қарайтын қасиетін жоғалтпай жүрген Эдуардтың азаматтығына адам қызығады.
Әр адамның бойында бір іске деген қызығушылығы болады. Батима Әбішқызының ең сүйікті ісі – саяхатқа шығып, жер көру. Қазақтың «жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген жақсы тілеуінің өз өмірінің дәлеліне айналғанын сезініп жүрген жандардың бірі – осы Батима Әбішқызы. Өзі алғаш қызметке қабылданған Алматы қалалық ІІБ Мемлекеттік нысандар мен мекемелерді күзету жөніндегі полк құрылымдық өзгеріске ұшыраған кезде Көліктегі ішкі істер басқармасына ауысып келіп, осы жерден құрметтік еңбек демалысына шықты. Бүгінде Алматы-1 станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасы Ардагерлер кеңесінің жұмысын ұршықша иіріп жүрген отставкадағы полиция старшинасының әр күні қым-қуыт шаруаларға толы. Жұмыстан демалыс алған кездерінде сүйікті әуестігі – саяхаттап кеткенді ұнатады.
– Ұлымның қолдауымен әлемнің талай елдерінде болдым. Бір рет қасиетті мекен – Меккеге де барып келдім. Алланың назары түскен жерге баруымның да себебі жоқ емес. Пенде болған соң артық айтасың, кем сөйлейсің, әйтеуір, періште бола алмайсың. Жандүниең рухани тазарып, жарық дүниенің қадір-қасиетін сезіне түсу үшін Меккеге барудың маңызы ерекше.
Өзі жайлы айтқанда сөзге сараң, керісінше, кезінде қандай жауапкершіліктің жүгін арқалап жүргенін айтқанда шабыттана сөйлейтін Батимадан суыртпақтаған сырымыздың өзегі – әншілігі болды. Майдақоңыр дауысымен кез келген отырыстың ажарын ашатын аймаңдайлылығын осындайда айта кетсек, артықтығы жоқ. Шәмшінің шымырлап барып бойға жайылатын шырайлы әндерін айтатынын да, көңілге тоқитынын да, толқын-толқын болып шырқалатын халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын талантын да қадір тұтар әріптестері баршылық.

Гүлнәр ЖАПАРҒАЛИҚЫЗЫ
Сурет автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*