Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Абай САТЫБАЛДИН, Астана қаласы адвокаттар коллегиясының адвокаты: Өркениетке жол ашар заң жобасы

Абай САТЫБАЛДИН, Астана қаласы адвокаттар коллегиясының адвокаты: Өркениетке жол ашар заң жобасы

Кез келген сала – жаңа заман талабына сай жаңалық енгізілмейінше алға баспайды, реформасыз дамуы қиын. Бұл қылмыстық процесті және құқықтық аспектілерді жетілдіруге де қатысты. Бүгінде Ішкі істер министрлігінің ұйытқы болуымен қылмыстық процесті жетілдіруге байланысты халықаралық стандарттарға сәйкес оң өзгерістер енгізілуде. Мақсат – заң үстемдігін одан әрі жетілдіру. Бұл өзгерістердің құқық қорғау саласына нақты берері не, қандай артықшылықтары бар, сіздің осыған қатысты ой-пікіріңізді білгіміз келеді.
    Бұл заң жобасына көңілім толып отыр. Бұрынғы заңда адвокаттарға қатысты толықтыруды талап ететін тұстар болғаны рас. Адвокат прокурордан төменірек бағаланды. Сондықтан түптің түбінде соттың негізгі үкімі прокурорлардың түйінімен шығып кетіп жатқаны тағы жасырын емес.
Бұл ұсынылып отырған қылмыстық істер процесі мен құқық қорғау қызметіндегі құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп отырған саясаттың жаңа кезеңі болып табылады. Жалпы, Мемлекет басшысының Ұлт жоспары бастамасы бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатқанына куәміз. Алайда, қандай жоба-жоспар болмасын үнемі жетілдіруді қажет ететінін құқық қорғау органдары қызметкерлері жақсы түсінеді.
Бізге, адвокат ретінде бұл жобаның ұнап отырғаны – қылмыстық істерде, жалпы істер процестері кезінде айыптаушы, қорғаушы жақтардың дәлелдері мен дүниетанымдарының озық нақтылығына көбірек мән берген жөн. Осы мәселеде сот бақылауын кеңейту қажет. Сосын тергеу органдары, прокуратура және сот жүйесінің бірін-бірі қайталаушылығын жойып, олардың арасында нақты өкілеттіктерді бөлу туралы жобадағы ойлар мені қызықтырады. Біз адвокат болғандықтан міндетіміз – адамдардың құқығын қорғау. Жаза алушылар немесе күдіктілердің қамақ түріндегі жазаларының өзі бізді толғандыруы керек. Әсіресе, қазына қалтасына қол салғандар, жалпы айтқанда, экономикалық қылмысқа барғандарды, егер олар оны ұйымдасып топтасып жасамаса, қамау тәсілін қолдануды шектеген дұрыс сияқты. Оларды қазынаның тамағына ортақ қылғаннан (әр сотталушыға күніне мыңдаған теңге жұмсалады) алғандарын еселеп қайтартып, арам жолмен келген мүліктерін тәркілеп, қайтып мемлекеттік басшылық қызметтерге жақындай алмайтындай етіп аластатылса, соның өзі үлкен жаза емес пе? Ол – біріншіден барынан айырылады, абыройдан жұрдай болады, психологиялық соққы алады. Бұл оңай жаза емес деп айтып көріңізші?!
Осы жобаны ұсынушы прокуратура жағының айтуына қарасақ, ұсталғандарды 72 сағат, яғни 3 тәулік темір тор артында ұстаудың алдын ала тергеу жүргізіп, қажетті дәлел алу үшін қарастырылғаны жасырын емес. Сондықтан гуманизмді бетке алған елге ұстау мерзімін оңтайландыру мәселесі алдынан шығып отыр. Бұл өте дұрыс қадам деп есептеймін. Бұл жобадағы көптеген шарттар көз алдымызға адвокаттар үшін ашылған жаңа көкжиектей көрінеді. Рас, лаңкестік, экстремистік, көпшілік тәртіпсіздік ұйымдастырған ерекше жағдайлар талап етіп тұрса, 72 сағаттық мерзімді қолдануға болады. Оған қарсы емеспіз. Тағы бір айта кетерлігі, адвокаттарды дәлел жинауда бұрынғыдан да көбірек құқықпен қамтамасыз етпегі, әрине, бізді қуантады. Ол қорғаушылардың сотқа дейінгі кезеңде айыптаушы жақпен пікір таластыруына, қорғаушыларын ақтап шығуына едәуір ықпалын тигізер еді.
Заң қызметкерлері, оның ішінде адвокаттар да заң-құқықтық тұрғыдағы өзгерістерді мұқият қадағалап отырамыз. Заңдардың толықтырулары мен өзгерістеріне зор мән береміз. Өйткені, ол – біздің қаруымыз. Қылмыстық процестерді реформалау мәселесі бойынша заң жобасының негізгі бағыттарын Мемлекет басшысының қолдағанынан да хабардармыз. Олай болса, бұл Заңның өркениет төріне аяқ басатынына сеніміміз мол.

Әзірлеген Айткен ШӘМШІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Бостандық аудандық ІІБ тергеу бөлімінің өндірісінде қайтарымсыз несие алып беремін деп азаматтарды алдап келген ер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған