Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Жас сақшылардың кадет сыныбы ашылды

Жас сақшылардың кадет сыныбы ашылды

Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы №7 жалпы білім беру мектебінің базасында құрылған кадет сыныбы Қазақстанның құқық қорғау жүйесіндегі алғашқы осындай сыныптардың бірі болып табылады.
Сынып 34 оқушыдан құралған, оның ішінде 22 ұл және 12 қыз. Олар үшін арнайы мектеп формасы дайындалған. Кадет сыныбының оқу жылы жаңа бағдарлама бойынша басталды, онда құқықтану бойынша қосымша пәндер енгізілді.
«Біздің кадеттер – арнайы топта оқуға ынтасын танытқан және сынақ тапсыру арқылы әртүрлі мектептен таңдалып алынған бесінші сынып оқушыларынан тұрады. Жалпы білім беру бағдарламасына ешқандай да жаңалықтар енгізілмеді, тек қосымша пән ретінде құқықтану, заңтану бойынша сабақтар енгізілді. Яғни, құқық қорғау тақырыбы аясындағы қосымша сабақтар түріндегі пәндер», – деді Алматы облыстық ІІД Штабының бастығы, полиция полковнигі Гүлбара Жирембаева.
Кадет сыныбын құру туралы жоба соңғы бірнеше жыл бойы облыстық полиция басшысы, полиция генерал-майоры М. Ұрұмхановтың бастамасымен жоспарланып, облыс әкімі Амандық Баталовтың, Білім және ғылым министрлігі және Ішкі істер министрлігінің қолдауымен іске асуда.
«Кадет сыныбын құру кезінде оқушылардың жүктемесі, балалардың жас мөлшері, оқыту ерекшелігі, пәндерді оқыту және жүргізу сияқты түрлі кедергілер ескерілді. Қосымша пәндерді заңгерлік білімі бар тәжірибелі мамандар жүргізетін болады. Оқу процесіне облыстық ІІД-нің аппараты мен Іле аудандық ІІБ бақылау жүргізетін болады», – деді өз сөзінде Алматы облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М. Күштібаев.
Аталған сынып жас полиция көмекшілерін дайындайтын болады. Олардың сабақ кестесінде саптық дайындық және құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты тереңірек позицияларды оқыту енгізілген. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережесін, алғашқы әскери дайындық, атрибутика, арнайы және әскери атақтарды және т.б. ережелерді білу де оқытылады.
«Жобаны іске асыру үшін арнайы кәсіби бейін бойынша оқытуда тәжірибесі бар Іле ауданының мектептері таңдалды. Ауданның жалпы білім беру жүйесінде «жас шекарашы» сыныбы да бар. Бір жағынан бұл жобаның өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуге, Отанға деген махаббатын оятуға, заңды сақтауға, болашақта кәсіпті таңдауға үлкен көмегі бар. Әрине, оқушылардың болашақта құқық қорғау органдарының қызметкері болулары міндетті емес. Бұл жағы балалардың өз таңдауында», – деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі бастығы.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Тіл дамуын не тежейді?

Жуырда ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен 1-курс …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған