Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Өмірге ғашық болу немесе Логотерапия

Өмірге ғашық болу немесе Логотерапия

4 қыркүйекте ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (Астана қаласы) және гарнизон психологтарының ұйымдастыруымен Ұлттық мұражайда 4 күндік әңгіме-дәріс басталды. Оған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теологтары мен шығыстанушылары шақырылды.
Бұл іс-шараның алға қойған мақсаты үлкен. Мақсаты үлкен деуіміз тегін емес. Бүгінде зор қарқынмен қоғамды жайлап бара жатқан өз-өзіне қол салу, жалпы әлемдегі ұғынықты атауы суицид деген қасірет туралы мәселе көтереді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында мәселені ашық айтып отырған белгілі мамандар суицидті тез таралатын жұқпалы ауруға теңеді. Маманның айтуынша, Қазақстан өзіне қол салудан әлемде Ресей мен Қытайдан кейінгі орында екен. Неге бұлай? Не жетпейді? Жиырма миллионға жетер-жетпес халқы бар Қазақстанға бұл эпидемия қалай келді? Қай жерде саңылау болды?
Теологтар қолтығына қыстыра келген «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» кітабы осыған жауап іздейді. Психология ғылымының үш мектебінен таралатын тармақтардың бірі – психоаналитика болса, осы орайда ішінара бір-бірін теріске шығарып отыратын Зигмунд Фрейд, Альфред Адлер, Виктор Франкл сияқты психологияның «сүйегін шағып, майын ішкендер» адам дүниетанымы мен нәзік сезімдерінің қыл-шегін өздерінше түсіндіреді. Сезімнің жүйкемен ұштасатын тұсын өздерінің түсінігімен құрастырған «бесікте» тербейді.
Тақырып өз-өзіне қол салудың алдын алу болғандықтан, автор әрі лектор өзі қару етіп келген әлгі психология ғұламаларының тұжырымдарын байыппен түсіндіруді жөн көріпті. Онысы сәтті шықты да. Ой жүйесі жақсы қалыптасқан автордың айналаны игерер шешендігі қосылып тыңдаушысын ұйытты.
Ол әңгімені өзімізден бастамас бұрын назарды әлемдегі өз-өзіне қол салушылық деректеріне аударды. Өз-өзіне қол салдырту – әлемдік тәжірибеде бар сорақы тәсіл. Ол үшін кезіндегі фашистік концлагерьлердегі тұтқындар, әсіресе еврейлердің мысалын алға тартқан лектор көпшілікке бағзыдан танымал лагерь суреттерін сөйлету арқылы залға жиналған жас қызметкерлердің көкірек көзін аша түсті. Концлагерь тарихтан ажал апаны ретінде белгілі. Жай ғана емес, азапты апан. Күніне бір тілім нанды төрт бұрышты ғып елу бөлікке бөліп, тілінің астына салып сорып қана жүретін, сөйтіп соққы жей отырып 12 сағаттан ауыр жұмыстарға жегілетін тұтқындардың азаптан өз-өзіне қол салуы сырт адамға оғаш емес. Бірін-бірі арқалап келе жатқан қос тұтқынның суретін (ол тұтқындар соғыстан соң да ұзақ жыл өмір сүріпті) көрсете отырып, оның мәнін түсіндірген мамандар: «Бұлар ішкі рухтың мықтылығының арқасында аман қалғандар», – деді. Иланасың.
– Олардың алдында үлкен арман-мақсаты болды. Олар сүйген жарын, бауыр еті балаларын тауып, бақытты өмір сүргісі келді. Екі айналып келмейтін өмірдің мәніне көз жіберді. Ал, жоғарғы кернеулі тоқ желісін жұмырлай ұстап күйіп кеткен тұтқынның фотокескінін алға тартқан автор: «Бұл мынадай азаптан өлгенін артық көрген қуыс кеуде болатын», – дейді. Әрине, ол күнді, олар шеккен азапты көрген жоқпыз (Құдай көрсетпей-ақ қойсын), сондықтан бізге айтуға оңай болып тұр ғой. Алайда, психология деген ғылым өз заңдылығын айтатынын естен шығармағанымыз жөн. Қазіргі жастарымызға алабөтен келген өзіне қол салушылықты бос кеуделіктен келген қасірет деп айтуға әбден болады, – дейді лектор. – Олардың ішінде қалған вакуум иманмен, хикмет-біліммен толықпаған соң, осылайша сыр береді. Өйткені, олардың вакуумды бітейтіндей санасында қорек жоқ, – деп бір тұжырымдайды автор.
Жалпы, бейбіт заманда өзіне қол салушылық – теолог және шығыстанушы мамандар айтқандай, жұқпалы ауру. Сырқаттану себептері жетерлік. Оны емдеу керек. Анығы – алдын алу қажет. Олай болса, сол кеуденің бос жерін немен толтыруға болады? Бұған кездесуге келген психолог мамандардың айтары бар. Оны газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінен оқитын боласыздар.

Айткен ШӘМШІ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жаңа ауданда – жаңа полиция ғимараты

Еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласының аумағы жыл санап кеңейіп келеді. Тоқырау кезеңінен кейінгі алғашқы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған