Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Жаңа ауданда – жаңа полиция ғимараты

Жаңа ауданда – жаңа полиция ғимараты

Еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласының аумағы жыл санап кеңейіп келеді. Тоқырау кезеңінен кейінгі алғашқы дағдарыс жылдарында кәсіп іздеп қалаға ағылған ауыл тұрғындарының шама-шарқы келгенше жер алып, баспана салып шоғырланған жері – қазіргі «Шаңырақ» шағын ауданы болатын. Жол мен судың жоқтығына да қарамай, базар жағалап жүріп тапқан қаражаттарына баспана тұрғызған жұрт қазір «Шаңырақтың» қала типтес болып дамып келе жатқанына дән риза. Қазір самаладай жарқыраған шағын ауданда тұрғындар үшін барлық жағдай бар. Қажетіне қарай емхана мен мектеп те бой көтерген.
«Шаңырақ» шағын ауданы – Алматы қаласында 8-ші болып 2014 жылы 2 шілдеде құрылған Наурызбай ауданының орталығы. Қазақ батырының есімін иеленген ауданда 2015 жылдың 16 наурызында Үкіметтің қаулысына және Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес 214 штаттық бірлігі бар Наурызбай аудандық Ішкі істер басқармасы құрылған болатын.
Жайлау, Қарағайлы, Құрамыс, Рахат, Қарғалы, Таусамалы, Ақжар, Тастыбұлак, Таужолы, Шұғыла, Алты Алаш деп аталатын ауылдар мен Қалқаман-1, Қалқаман-2 және Қалқаман-3 атты шағын аудандар қарайтын аудан тұрғындарының саны жыл санап өсіп келеді.
Жуырда аталған ауданда полицияның жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Тәртіп сақшыларының жаңа қонысының ашылу салтанатына қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек полиция басқармасының өткен 7 айда атқарған жұмыс нәтижелерімен және материалдық-техникалық базасымен танысты.
«Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсарту мақсатында айтарлықтай іскерлік шараларды жүзеге асырып келеді. Өткен 7 айдың ішінде қылмыс саны 7,7 пайызға азайды. Мақсатты түрде жүргізілген алдын алу және жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 35,0 пайызға дейін кеміді. Адам өлтіру 8,1 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 18,0 пайызға, қарақшылық 34,5 пайызға, әйел зорлау 20,9 пайызға азайып отыр. Қала тұрғындарының жиі шағымданатын қылмыс түрі – пәтер тонау 26,1 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, тіркелген қылмыстарды ашу көрсеткіші де артып келеді. Әсіресе, аса ауыр және ауыр қылмыстарды ашуда ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Тәркіленген есірткі заттарының да көлемі артты», – деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.
«Дей тұрғанмен, қалада бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы барлық тіркелген қылмыстардың 71 пайызын құрап отыр. Осыған орай бүгінде тәртіп сақшылары қылмыстың алдын алу жұмысына IT-технологиясын қолдануда. Қазір Алматы қаласында 106 634 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 98 949-ы «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула» және «Қауіпсіз көше» бағдарламалары аясында орнатылды. Бейнебақылау камераларының көмегімен өткен 7 айда 641 қылмыс пен 295 370 жол қозғалысы ережесін бұзу ашылды.
Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының алдын алу үшін қолданылып жатқан алдын алу шараларының бірі – пәтерлер мен үйлерді күзет дабылына қосу. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін 120 456 тұрғын жай ғана күзет дабылына қосылған. Бұл қаладағы тұрғын жайлардың 15,3 пайызы ғана. Соның өзінде біз пәтерлер мен үйлерден қару ұрлау қылмысын 2,6 есеге азайттық», – деп тиянақтады Серік Күдебаев.
Алматы қаласының тыныштығын сақтап, қылмыстық ахуалды жақсартуға қала әкімдігі де айтарлықтай жағдай тудыруда. Атап айтқанда, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық жабдықталуына жергілікті бюджеттен 8 млрд. 589 млн. 610 мың теңге бөлініпті. Қала әкімінің қамқорлығының арқасында аталған департаменттің жабдықталуы 80 пайызды құрап отыр. Әрине, материалдық-техникалық жағдай жақсарған сайын қылмыстық алдын алу мен жедел қызметтің де көрсеткіші арта түсетіні аян.
2016 жылы Наурызбай аудандық Ішкі істер басқармасы үшін жаңа әкімшілік ғимарат салуға жергілікті бюджеттен 980 млн теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігі жаңа басқарманы аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Осындай игілікті істің нәтижесінде үстіміздегі жылдың 7 айында барлық көрсеткіш бойынша қылмыс саны 25,3 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, қылмысты ашу көрсеткіші 12,0 пайызға артып отыр.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Жедел қызметтердің дайындығы бекем

Қызылорда облысында өтіп жатқан «Қыс-2017» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы аясында Қызылорда қаласындағы автокөлік базары аумағында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған