Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Жас жауынгерлер курсы аяқталды

Жас жауынгерлер курсы аяқталды

Жуырда ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының оқу-дала лагерінде биылғы 1-курсқа түскен курсанттар 15 күн бойы жас жауынгерлер курсын ойдағыдай аяқтап шықты.
Жас курсанттар әскери өмірдің дәмін татып, осы уақытқа дейін қатал тәртіпке, спортқа, мәдениетке, күнде ерте тұруға, жалпылай айтқанда шыдамдылыққа үйреніп, дағдыланды.
Міне, олар үшін 15 күн қас-қағым сәтте өте шықты. Олар ел күзетуді үйреніп, шыдамдылық пен сабырлықтың дәмін сезінді.
Осы білім мен ілімді, әскери оқу-жаттығуды Академияның білікті қызметкерлері адал үйретіп, жарты айдың ішінде бір отбасының баласындай бауыр басып, өмір кешті.
Жауынгерлік курс аяқталған күні 35 шақырым жерде орналасқан Академияның оқу-дала лагерінен оқу орнының бас ғимаратына 250 курсант пен 30 шақты офицер жүгіріп келді. Жылда дәстүрге айналған бұл спорттық шараның жас курсанттарға берер пайдасы мол. Біріншіден, ол шыдамдылыққа, сабырлыққа, екіншіден бір-бірінің қадірін білуге үйретеді.
35 шақырымды артқа тастап, Академия табалдырығын аттаған курсанттарды саптық алаңда Академия бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ербол Қаппасов және Академияның тұрақты және ауыспалы құрамы, ата-аналар салтанатты түрде күтіп алды. Салтанатты кездесуде Ербол Төлегенұлы барша курсантты жаңа оқу жылымен және жас жауынгерлер курсын ойдағыдай аяқтауларымен құттықтады.
– Құрметті офицер мырзалар, курсанттар және ата-аналар! Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға мызғымас бірлік, ұйымшыл тірлік тілеймін.
35 шақырымды жедел жүгірістен сәтті бағындырған курсанттарға әрдайым күш-қуат тілеймін. Бұл сіздердің шыдамдылықтарыңызды, ұйымшылдықтарыңызды, сабырлы екендеріңізді білдіреді. Сабыр – адам бойындағы асыл қасиет. Адамның ұстанымдылығын, инабаттылығын, қаншалықты тәрбие көргендігін көрсетеді. Сабырлық ар, ұждан, ынсап негізінен құралған. Осы қасиеттер адам бойында болса, онда ол адам өзін-өзі және жанындағы адамдарды сыйлайтын азамат. Сабырлылық өз ісінің пәктігіне сенімді, ниеті түзу, тағдырдың бір Құдайдан екендігіне сенетін, әрбір қиындыққа сынақ ретінде қарайтын адамға тән қасиет. Ал немқұрайлық және еріншектік – сабырлыққа қарама-қарсы қасиеттер. Сондықтан сіздер бүгін осы қасиетті бойларыңыздан көрсете білгендеріңізге Академия басшылығының атынан ризашылығымды білдіремін, – деді Академия бастығының міндетін атқарушы Ербол Төлегенұлы Қаппасов.
Кездесу соңы бірінші курсқа түсуші курсанттарға арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты жиында Академияға еңбегі сіңген кейбір қызметкерлер марапатталды.

М. ОСПАНОВ,
Академияның баспасөз хатшысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Асықпаған «алпыспен» қоян алады

Астана қаласында көліктер саны жыл санап емес, күн санап көбейіп жатыр. Соның салдарынан жол-көлік апаттары …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған