Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Ұлттық ұланның тұңғыш түлектері шекара академиясында бас қосты

Ұлттық ұланның тұңғыш түлектері шекара академиясында бас қосты

Жуырда елдігіміздің тірегі, атамекен жеріміздің, ел шебінің сақшылары – шекарашылар өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құрылғанына – 25 жыл. Осы мерейлі мерекеге орай Алматы қаласындағы Шекара академиясында айтулы шара өтті. Оған Ұлттық ұланның бір топ жоғары лауазымды офицерлері де арнайы барды.
Халқымызға үлкен қуаныш сыйлаған тәуелсіздікті иеленген кезімізде өтпелі кезеңнің уақытша қиыншылықтарының құрсауында қалғанымыз әлі есте. Әскери білім беру саласы да үлкен қиындықтарға тап болды. Сол тұста бүгінгі Ұлттық ұлан, кешегі Ішкі әскер ведомствосы офицер кадрлармен жасақталуы да аса өзекті мәселе еді. Өйткені, күш-қуат органының өзіндік маман дайындайтын бүгінгі Петропавлдағы Әскери институты ашылмаған болатын.
Сол тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Алматының Жоғары командалық шекарашылар училищесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін жастарымызды қабылдады. Сол оқу орнының ішінде Ішкі әскерлер факультеті құрылып, жұмыс істей бастады.
Міне, биыл сол факультеттің ең алғашқы түлектерінің оқуларын тәмамдап, ел мерейі жолында қызметке араласқандарына да бақандай 20 жыл толды.
Шекара қызметінің 25 жылдық мерейтойына арналған жиынға арнайы келген ұландық қонақтарда осы оқу орнының Ішкі әскерлер факультетінен ширек ғасырға жуық бұрын қанат қаққан азаматтар еді.
Қысқаша ақпарат беріп өтсек, аталған факультетті тұңғыш түлектері 1997 жылы бітіріп шықса, оқу бөлімшесі 2005 жылға дейін толыққанды қызмет атқарып, 9 мәрте түлектерін ұшырып, бас-аяғы 700-ден астам азаматқа офицер мамандығымен өмірге жолдама берген. Олар бүгінгі таңда Ұлттық ұлан мен өзге де еліміздің күш-қуат құрылымдары сапында ел мерейі жолында абыройлы қызмет атқарып келеді. Мәселен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылық құрамының 40 пайызы аталған оқу ордасындағы Ішкі әскерлер факультетін тәмамдағандар.
Жиырма жыл бұрын осы оқуды бітіргендердің арасында қазір Елбасының қолынан «генерал» жоғары әскери шенін алғандар да, Ұлттық ұланда жоғары лауазымды қызметтер атқарып отырған азаматтар да баршылық. Оларды атап өтер болсақ, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов – ҰҚК Әскери институтының Ішкі әскерлер факультетінен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлек. Оқуда озат болып, институтты қызыл дипломға бітірген офицер бірегей білім ордасының қабырғасында-ақ өзінің ел таныған азамат боларын аңғартқан. Қайрат Михаилұлы алғашқы курстың старшинасы болып, соңғы курстың өзінде кіші лейтенант шенін иығына таққан ақиық офицер.
Сондай-ақ, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бас басқармасының бастығы, полковник Қ. Беляков, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы, полковник Д. Бочаров, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, полковник Е. Логин, бригада командирлері Б. Казкеев, А. Садықовтарды атап өтуге болады. Араларында тағдырларын әскери білім беру саласымен ұштастырған К. Цхай, Н. Корнилов, М. Карбозовтарды, әр жылдары әскери бөлім командирлерінің орынбасарлары болған подполковниктер Т. Әбікешов, А. Ташев, майор О. Батталов және өзге де азаматтар бар.
Шекара академиясында өткен салтанатты жиынға Ұлттық ұлан тарапынан келген қонақтардың арасында Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, генерал-майор Қалиақпар Тоқышев мырза да қадірменді қонақ ретінде қатысты. Өйткені, ол сонау 1993 жылы ҰҚК Әскери институтының құрамында Ішкі әскерлер факультетін жасақтауға етене атсалысып, сол істің ұйытқысы болып басы-қасында жүрген адам. Әрі факультеттің алғашқы бастығы болып, оны үш жылдан аса басқарған болатын.
Салтанатты шара барасында сөз алған генерал-майор Қалиақпар Жұбанышұлы: «Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабамыз арман еткен ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын күзетіп жүрген шекарашылар, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік шекарамызды қорғауда. Баршаларыңызды бүгінгі мерейтоймен құттықтаймын. Әр жылдары факультетке жемісті басшылық жасаған полковник А. Өтеғалиев, подполковник А. Тоқтасынов, полковник Ю. Вайгандт, оқу дивизиондарын басқарған полковниктер Қ. Құрманғалиев, А. Маркитян, Е. Исембаев, кафедра оқытушылары, полковниктер К. Серікбаев, Ю. Груденко, А. Быстров, А. Ахметшин, Е. Құлбаев, В. Мезин, Г. Шабанов, А. Крашенинников, М. Оразбеков, Л. Гусев, С. Салий, подполковник М. Гусева, майорлар Ю. Остапенко, А. Валиев, каптандар А. Анчуков, А. Малахов және тағы басқа да оқытушылар құрамының еңбектері айрықша. Біз осы өз ісіне адал азаматтардың арқасында қиын сәттерден сүрінбей өттік. Мен олардың баршасына өз алғысымды айтамын», – деп ізгі құттықтауын білдіріп, өткен күннен қалған естеліктерімен бөлісті.
Мұнан кейін салтанатты шараның төріне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов көтеріліп, ыстық құттықтауын білдірді. Ол өз сөзінде: «Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында қасиетті шекарамызды толықтай бүтіндеп алдық. Ел іргесі мығым. Заманымыз тыныш. Осынау берекелі де мәнді өміріміз ұзағынан болғай. Мерейлі сәт құтты болсын. Отанымыздың тыныштығы мен мемлекеттік шекарамыздың беріктігін қамтамасыз етуге қыруар еңбек сіңірген шекарашыларымызды өз атымнан айтулы мерейтойымен құттықтап, қастерлі қызметтеріне сәттіліктер тілеймін. Сонымен қатар, осы мерекеге орай Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың арнайы бұйрығымен Академияның бірқатар ардагер профессорлық-оқытушылар құрамы марапатталған болатын, сол марапаттарды тапсыруға рұқсат етіңіздер», – деп, құрмет иелерін сахна төріне шақырды. Өз кезегінде Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы, полковник Қанат Беляков мырза Бас қолбасшының бұйрығын жиналған қауымға жеткізіп, марапат иелері өңірлік қолбасшылық қолбасшысы қолынан сый-құрметтерін алды.
Шекара академиясының бастығы, полковник Павел Поливанов әріптестеріне тығыз ынтымақтастықтары мен жемісті жұмыстары үшін алғыс білдірді.
Атап өту керек, Шекара академиясында өткен салтанатты шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атынан «Генерал» музыкалық тобы да қатысып, көрермендерге ұмытылмас көңіл күй сыйлады. Қорыта келгенде, өткен күнге саяхат жасап, бүгінгі күнді електен өткізуге толықтай мүмкіндік берген бұл кездесу оған қатысқандардың есінде мәңгі қалары сөзсіз.

Арман ӘУБӘКІРОВ,
Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Асықпаған «алпыспен» қоян алады

Астана қаласында көліктер саны жыл санап емес, күн санап көбейіп жатыр. Соның салдарынан жол-көлік апаттары …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған