Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өмірге шырақ болған Ата заң

Өмірге шырақ болған Ата заң

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз!

(Қазақстан Республикасының Конституциясынан)

Ата заң мен Тәуелсіздік – егіз ұғымдар
Бұл Ата заңда тайға таңба басқандай көрініс тапқан
Аңсаған аймаңдай өмірді айшықтайтын екі түсінік болса, соның біреуі, ал жалғыз болса, соның нақ өзі – Тәуелсіздік. Қоғам дамуында ұшырасып жүретін отарлшылық, тәуелділік бұғауынан құтылған күн тек жеке адам үшін ғана емес, тұтас мемлекетке үлкен салтанат екенін ауыздыға айтып жеткізе қоюдың өзі оңай емес. Солай дегенмен, ақ қалпақты аспанға атқан күнді қалай ғана ұмыта аларсың?!
Ол – кешегі КСРО деген империяның шеңгелінен босаған 15 республика халқының басындағы қызықсыз кірбің құбылыс. Сондықтан оның ащысы мен тұщысын бір білсе, сол республикалардың өкілдері біледі. Тегі мен заты белгісіз «Кеңес халқы» деген атауға ие болған олар айналдарған 70 жылдың ішінде барынан айырылуға шақ қалып еді. Тілімдей тіліп айтар болсақ, алдымен тілден бастайық. Авар халқының ардақтысы Расул Ғамзатовтың:
«Балгер де емес, дәрігер де емес емдейтін,
Тек өзімнің тілім екен сөйлейтін.
Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,
Мен онымен айта алмаймын әнімді.
Егер тілім ертең болса құрымақ,
Мен дайынмын өтуге де бүгін-ақ!» немесе қазақ Жұбан Молдағалиевтің:
«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.
…Ақын тілі – махаббат, бұлбұл тілі,
Жыр ғып қазақ тілімен жүремін мен!», – деген жыр жолдары сол кездің «өнімі». Жыр жамбоздарының жомарт жүрегін ана сүті дарыған тәтті тілдің құрып кету қаупі тілгілеген ғой сонда…
Таяуда әлем халықтарының тарихы мен тұрмыс-тіршілігін таныстыруды мойнына міндет етіп алған «Дискавери» телеарнасының түсірушілер тобы миллиондаған көрерменді Ресейдің солтүстік шегінде өмір сүретін «нганасан» деген халықпен жүздестірді. 2010 жылғы санақ бойынша, небәрі 862 адам қалған бұл халықтың 125-і ғана өз тілінде сөйлей алады екен. Өз тілін білетін қарттарының қатары күннен-күнге сиреп бара жатыр. Игілікті істің бәріне мұрындық болып жүрген кейуана таяуда дүние салыпты. Кімге үміт артарын білмей дал болған нганасандардың ендігі бар сенімі 30 жастағы ана тілінің оқытушысы Ольга Айваседоға артылып отырған сияқты. Жан-тәнімен дәріс жүргізетін әлгі келіншектің алдында 30-ға тарта оқушы отыр. «Осылай жыл сайын 20-30 адамға ұлттық тілді сіңіріп отырсақ, соның өзі әжептеуір жетістік», – дейді ана тілі мұғалімі.
Міне, бұл – бір халықтың қасіреті. Осындайлар бір Ресейдің өзінде қаншама? Бір кездері қазақ ғалымдарының аузынан енді бір 50 жыл Кеңес құрамында болғанымызда, біз қазақ тілінен мақұрым болар едік деген болжам да шыққан. Ғылымның аты – ғылым. Ғылыми болжам да ден қоярлық категория. Ақ таң атып, Құдай сақтады бізді. Ендігіміз жаппай атеистіктен бірден діншілдікке ауып кеткенде, бас айналып, көз қарауытты. Елеп, жақсыны іріктей алмай қалдық. Осыны пайдаланған радикалды топтар буыны қатпаған жас мемлекетке теріс пиғылдарын тығып үлгерді. Бұл елімізде бүгінгі күні жазылуы оңай соға қоймайтын бас ауруға айналды.
Тағы бір бөлік – діл, әдет-ғұрып, салт-санадан көз жаздық. Шүкір, егемендіктің арқасында халықпен біте-қайнасып, ғасырдан-ғасырға ілесіп келген Наурыз, Ораза, Айт мерекелері, түрлі мәдени, рухани құндылықтарымыз санада қайта жаңғырды. Бұлар бұған дейін тілдік кедергілермен жіктеліп келген бір ұлттың ұландарын табыстыруға жәрдем етуде. Бірі бірінен балталап бөле алмайтындай осынау ұлағаттарды неге ауызға алып отырмыз? Өйткені, бұлар – Тәуелсіз Қазақстанға риясыз жұмыс істеуге тиіс құндылықтар. Ал оларды қорғау мен қолдау – мемлекеттің міндеті. Ол Тәуелсіздіктің төрт рәмізінің бірі болып табылатын Ата заңда тайға таңба басқандай көрініс тапқан.

Ата заң пайымдары
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталатын еліміздің бас құжатының тағы бір бабында: «Мемлекеттің бастауында халық тұрады», – делінген. Қазақстан халқының көксегені де сол. Халықтың өкілдік немесе тіке араласу арқылы мемлекетті басқаруға қол жеткізуі. Демократия дегеніңіз – осы!
Діннен бөлінгенбіз. Олар мемлекет саясатына араласпайды. Бірақ, жалпыға бірдей заң талаптарын орындауға міндетті. Бұл – зайырлымыз деген ұғым. Әр адам заңмен толық қорғалады. Теперіш көрем деп алаңдаудың реті жоқ. Кез келген мәселесін сот алдында шеше алады. Бұл – құқықтығыңыз. Әр қазақстандық жұмыссыз немесе білім алмай, болмаса басы ауырып, балтыры сыздаса, қараусыз қаламын деп қам жемеуге тиіс. Бұл – Елбасының сөзі. Ал Ата заңға телитін болсақ, әлеуметтік дегеніңіз осы.
Ата заң – барлық заңдардың басы. Төбе биі. Өмір ағымымен икемге келтіріліп отыратын заңдар мен кодекстер, сондай-ақ, заңдық күші бар жарлықтар – бәрі-бәрі Ата заңға арқасын сүйейді. Содан демеу, қуат алады. Халық 1995 жылы 30 тамызда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның айбарлы Ата заңына үлкен үмітпен көз тікті. Өзінің мұң-мұқтажын соның баптарынан көргісі келді. Ол орынды да. Ондағы «Қазақстан Республикасының Президентi – мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға» деген баптың мазмұны да, мәтіні де, несіне күлбелектейік, тоқыраудың талапайына түсіп, егемендік ернеуіне асылып жатып, соны серпіліс күткен халыққа, әсіресе, тағдыры көпталайлы қазақ жұртына майдай жаққаны жасырын емес. Оның жөні бар. Өйткені, өткен ғасыр соңындағы лаңды күндерден кейін төрге өз өрені шықты.
«Республиканың Президентi – халық пен мемлекеттік билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi» деген пайым халықты одан сайын ширықтыра түскенін көзіміз көрген. Бірін-бірі жолда қалдырған әсерлі сөздер қазақстандықтар жігерін жани түсті. Мәселен, «Республика Президентi мемлекеттік билiктiң барлық тармағының келісіп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi». Халықтың күткені де осы емес пе еді?!
Сонымен, Президент институты өмірге келген. Міне, 22 жыл бойы ел көксеген аңсарды еңсерген Елбасы Конституция бекіткен Президент құзырындағы өкілеттіктердің 35-ін Парламент пен Үкіметке бөліп бергені кеше ғана. Оны Президенттің өзі былай түсіндірген: «Уақыттың сұраныс талап-тілегімен заңдардың, тіптен Конституцияның да реформалануы, толықтырылуы, өзгертілуі заңды нәрсе. Ол да тірі ағза сияқты. Әу бәста, біз белгілеген экономикалық шаралар сәтті жүзеге асты. Оны алдымен экономика, содан кейін саясат деп атаған болатынбыз. Одан соң озық елу елдің қатарына қосылуды межеледік. Ол да мерзімінен бұрын алынды. Қазір экономикасы орта деңгейлі елдердің басында тұрмыз. Ендігі биігіміз – әлемнің ең озық 30 елінің ішіне ену. Осыны жүзеге асыруға Президент билігінің керек болғанын өмірдің өзі көрсетті. Негізгі биіктер алынғаннан кейін Парламент пен Үкіметтің және жоғарғы заңдылықтың үстемдік құруын қамтамассыз ету арқылы олардың рөлін арттыру қажет деп білемін».
Бұйыртса, конституциялық реформаның жылуын таяу 5-10 жылда сезінуіміз кәдік.

Заң шығарушы тұлғалар немесе әр бап үшін айқас
Жас мемлекеттің жүгін аударып алмауды ойлаған Президент жаңа тұрпатты Конституцияны жасау үшін еліміздің бар ақыл-ойына «сауын» айтты. Солардан нық команда құрды. Оның ішінде сөз бен ойдың ділмәрлары – заңгерлер Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов, Нағашыбай Шәйкенов, ғалымдар – заңгер Зинайда Федотова, филолог Жабайхан Әбілдин, саясаттанушы Серікболсын Әбділдин, өндірісші Ұзақбай Қараманов сияқты жамбоздарға үлкен сеніммен қоса алпауыт жүк артылды. «Сонда тартыссыз күніміз болған жоқ, бір сөз үшін кешке дейін таласатын кезіміз есімде», – деп сол сәттің аса жауапкершілігін Сұлтан Сартаев жадына оралтса, Серікболсын Әбділдин бүйректен сирақ шығарғандар да жетіп артылғанын тілге тиек етеді.
«Шүкір, заңгерлер көп болды, баптардың мәтіндері мен өндіріс саласын Жабайхан Әбілдин мен Ұзақбай Қарамановқа тапсырған едік», – деп еске алады кәнігі заңгер Ата заң аталарының бірі Салық Зиманов ақсақал.
«Осы орайда, көз алдымызға қазақтың қара қазанын әкеліп көрейікші. Қазанға салынған дәм мейманның алдына келгенше бұрқ-сарқ қайнап, ол талай рет қазаншының қалағымен бірнеше рет сапырылып, аударылып, «ашуы» басылған соң ғана бүлкілдеп пісіп дастарханға келеді ғой. Бұл да дәл солай. Алғашқы қайнау процесі кезінде сол саланың маманы болсын-болмасын әркім кез келген мәселеге байланысты сөз алуға бейім болды. Содан пікірталас басталады. Дәлелдеулер. Қызылшеке тартыстар. Қызбалыққа да орын беріліп қалған кездер аз болмады. Соңы бүлкіл пісіс, маманның аты маман ғойғ аяғы кәсіпқойлар уәжі үстем шығып оқылымға жіберіледі. Сол баптардың қайсысы болса да үлкен тартыспен дүниеге келгендер», – дейді Жабайхан Әділдин. «Президенттің «Еліміздің ең басты құжаты болғандықтан, мәтін тазалығын сақтауымыз керек» деген сөзі бізді жігерлендірді» деп 1995 жылға көз салған ғалым «светскийдің» қазақша баламасы «зайырлы» деген сөзді Нұрсұлтан Әбішұлының енгізгенін үлкен ризашылықпен еске алады. Оны кәдімгі өзіміздің сөз саптауымызға «жайлы», «зиялы» деген сөзбен таңбалайық деп төтеден тартқандар да табылған екен. Ештеңесі жоқ, орнықты сөз орнын тапты.
Одан кейінгі «исконныйдың» аудармасы «байырғы», «унитарныйдың» тәржімәсі «біртұтас» деген саптаулардың да сабы қисайып тұрған жоқ. Қайта әселдей тәтті әсер береді. Естуімізше, осының бәрінің басы-қасында бас көтертпес мемлекет ісінен саңылау тауып үлгеретін Елбасының өзі болған көрінеді. Оқта-текте бүгінде үкіметке жебірлей қарайтын жекелеген жандардың сын садағына ілініп қоятын Ата заң осылайша жарық көрген. Мұны халықтың өзі қабылдады десек, тіліміз жазықты бола қоймас. Сөзімізге толық негіз бар. Қазақстан халқының 90,51%-ы сайлаушы ретінде референдумға қатысса, оның 89,1%-ы жаңа Конституцияны жақтап дауыс берген. Мұны халықтың қолдауы емес деп айтып көріңізші, кәне!
Бүгін Ата заңға толықтырулар мен түзетулер енгізіліп жатса, бұл Президент айтқандай, өмірдің өз түзетулерін жасайтындығынан болса керек. Ол да бір ағза. Кәдімгі медицинадағы қызметін толық өтегені сылынып тасталып, өзгесіне кеселін тигізбес үшін жаңа органдар орнатылатыны сияқты…

Конституция мемлекет дамуының жаңа бетін ашты
Бұл жерде алдымен айтарымыз, мемлекеттік құрылым айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Конституция республикада мемлекеттік биліктің біртұтас екендігін, ол заң шығаушылық, атқарушылық сот билігі принциптеріне орай жүзеге асырылатыны туралы қағиданы бекітті. Ол биліктің әр тармағы қызметінің конституциялық шекарасын айсыз түнде адаспайтындай ғып көрсетті.
Ал, Президенттік институт билік тармақтары құрылымындағы төрешілік міндетті өзіне алып, жаңа тұғырға ие болды. Бұл ереже биліктің үш тармағына ықпал ететіндей қауқармен жүзеге асырылды. Мәселен, Парламентті тарату, Үкіметтің Президент алдындағы жауапкершілігі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, сот жүйесіне реформа жүргізіліп, Конституциялық Кеңес құрылды. Оның даулы мәселелерде соңғы сөзді айтып отыратынын жақсы білесіздер. Дәлел үшін алысқа бармай-ақ, жер реформасы кезіндегі кесімді сөзін келтірсек те жеткілікті.
Әлемдік тәжірибе бойынша қос палаталы Парламент жұмыс істей бастады. Осылардың бәрін ескере келген Елбасының кейінірек: «Бұл кезең өзіне бұрынғы жай кездердегі көп жылдардың оқиғаларын сығымдап сыйдырып жіберді», – деген лайықты теңеуі жайдақ сөз емес. Президенттің айтуынша, жаңа мемлекеттің негізі жасалды, нарықтық экономикаға шешуші ұмтылыс жасау сәті түсті, қазір толық ұғынықты емес сияқты болғанымен кейін құқықтық жүйеде ұзақ мерзімді нәтижелері болатын бетбұрыс жасалды, жас мемлекеттің қалыптасуының мейлінше күрделі кезеңі қантөгіссіз өтті, дүниежүзілік қоғамдастық Қазақстанды топтасқан, демократиялық пікірлестердің экономикалық қуатты қоғамы деп таныды.
Егемендіктің жаңа парағы беттелген Ата заңның астарлы да, астарсыз да бейнесі осындай. Бәзбіреулер оның түзілуінен кір іздеп жататын Конституцияның бір мақсаты бар. Ол халық билігін орнықтыру. Түптеп келгенде, бастысы – қандай құжаттың болмасын қадір-қасиеті халықтың игілігіне жұмыс істеуімен айқындалып жатады ғой. Міне, басты аңсар осы. Еліміздің Ата заң салған асыл мұраты менмұндалап, тәуелсіздіктің көк туы төбеде көлки желбірей бергей!

Айткен ШӘМШІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Көпке үлгі кемел тұлға

Әдетте, біз бұрынғы кездердің батырларын әрқашан есте сақтаймыз, бірақ бүгінгі күні араларымызда осындай атаққа ие …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған