Ойында ұтамын деп

 өмірде ұтылып жүрмеңіз!

Бізде осы кезге дейін ұтыс ойындарының қалай өтіп, қалай қойып жатқанын ешкім қадағаламай келді. Ойынға тігілген және халықтан жиналған қыруар қаражаттан бюджетке қаншалықты пайда түсіп жатқаны да назардан тыс болды. Енді осы салаға қатысты жаңа заңға сәйкес барлығы бақылауда болмақ. Яғни, жаңа қабылданған «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заң бойынша лотерея операторларының тоқсан сайынғы аударымдарына қатысты нормалар қарастырылған. Сонымен бірге, ендігі жерде лотерея ұйымдастырушылары жеке кірісінің 15 пайызын спортты дамытуға бөлетін болды. Осыдан кейін лотерея ойыны бизнесі гүлдене ме, тұралай ма, әзірге оны болжау қиын.

Белгілісі, лотереяға құмарлар саны азаяр емес. Кейде алаяқтарға кез болып, кейде шырғалаңға тап болып, шақшадай басы шарадай болса да, билет алуға кезекке тұратындардың қарасы көп. Жуырда ресейлік «Спортлото» сайтының онлайн арқылы лоторея ойнатып, ақыр аяғында біраз адамды тақырға отырғызып кеткені әшкереленді. Самара облысының Тольятти қаласында да біраз адам олжаға кезігем бе деп лотерея ойнап, өздері қыруар сомаға сатып алған билеттерінің кімнен, қайдан шыққанын білмей, сан соғып қалған. Қарағандылық Надежда есімді тұрғынның билетіне отандық телеарна арқылы 2 миллионнан астам ұтыс шыққанымен, жеңген ұтыстан оған небәрі 500 мың теңге төлепті.

 

Миллион туралы арман

Мұны «жалқаулар мен тоғышарлардың арманы» десеңіз өзіңіз біліңіз, бірақ, «мен сатып алған лотерея билетінен мол ұтыс шықса, шіркін» деп армандаушылар қатары аз емес екені анық. Әйтеуір, бір күні мол олжаға кенелеріне сенетін жұрт қашан көрсең де лотерея сататын дүңгіршектер алдында кезекте тұрғаны. Сұранысқа қарай лотереяның да түр-түрі толып тұр. Мұның қайсысы мемлекеттікі, қайсысы жеке фирмалардікі, қайсысының ықтималдығы жоғары, не мүлдем үмітсіз екенін айыру оңай емес. Электрлі лотерея, автоматты терминалдар арқылы ойнатылатын лотерея…

Әлемде лотерея десе ұйқысы ашылатын халық Жаңа Зеландия мен Грецияда, Америкада тұратын көрінеді. 10 миллион адамы бар Грецияда 10 күн ішінде 100 миллион лотерея сатылады деген деректі көзіміз шалды. Ал Жаңа Зеландияда бір жылда 927 миллион доллар тек лотереяға жұмсалады екен. Яғни, жан басына шаққанда 210 доллардан келеді. Ең қомақты ұтыстарды да сол мұхиттың арғы жағындағылар ғана ұтатындай. Ресейде де ойын бизнесіне тыйым салынғаннан кейін лотерея алдыңғы орынға шыққан. Солтүстік Америкада тек лотерея бизнесі 70 миллиард доллар табыс әкеледі. Жуырда Америкада бір адам 365 миллион доллар ұтты. Бас айналдырарлықтай мұндай ақшаны біздің отандастарымыз түсінде де көрмейтін шығар.

 

Жолы болғыштар бар екен

Біздің ТД лотерея ойындарын қарап отырып, бүкіл ұтысты Алматы алып жатқан сияқты көрінетіні бар. Расында ұтыстың 30 пайызы Алматы халқына тиесілі екенін арнайы мамандар да жоққа шығармайды. Қалған 70 пайызы – Астана мен 14 облысқа тиесілі. Еліміздің тарихындағы ең ірі ұтыс – 2012 жылдың маусымында Супер Лото ойынында 155 миллион теңге шықты. Одан беріде де 30 миллион теңге болған. 2012 жылы желтоқсанның дәл 31-інде астаналық азамат халық арасында «Артем» аталып кеткен сауда үйінде терминал арқылы ойын ойнап, 106 миллион теңге ұтып алды. Жаңа жылдық сыйлық деп осыны айт! Бірақ, бізде ешкім «мен осынша ақша ұтып едім» деп жария қылғысы келмейді. Бұл ұлттық мінез ерекшелігі ғана емес, алдымен жеке бас қауіпсіздігін ойлағаннан шығар. Шетелдің бағы жанған ойыншыларының бір ерекшелігі – олар өздерінің қанша ұтысқа ие болғанын жария қылып айтып, сұхбат беріп жатады, сонымен бірге, арасында қайырымдылық қорларын ашып немесе жан-жануарлар бағылатын питомниктерге демеушілік жасаудан қашпайды. Сана сондай шығар. Бірақ, жалпы қоғамға, елге пайдалы іс қылсам деген адамдар бізде де бар болып шықты. Өткен жылы үлкен ұтысқа ие болған алматылық азаматша өзі тұратын «Жұлдыз» шағын ауданына ұтыстан алған қаражатқа жол салдырған. Бұл – сөзсіз сауапты іс!

 

Лотерея емес, лохотрон

«Ол не қылған батпан құйрық?» деп, ақы беремін десең де лотереяға сенбейтіндер бар. Оған кеткен ақшаны желге ұшты деп есептейді олар. Соңғы кездері лотерея ойындарына қатысты неше түрлі алаяқтықтар орын алатыны туралы мәліметтер баршылық. Біз ана жерде мынадай оқиға болды деп оның бәрін тізіп отырғанды мақсат етпедік. Қалай десек те, пайда үшін бір-бірін алдап, кейде тіпті құрбан ететін жағдайлардың орын алуынан қоғамның моральдық жағынан азғынданғанын байқау қиын емес. Демек, алда-жалда жолыңыз болғыштығын сынап көргіңіз келсе, эмитеттерін, яғни ол ұйымдастырушы мемлекеттік орган бола ма, не ерікті ұйым ба, коммерциялық құрылым ба, осыны анықтап алуға, ұтысы аз болса да тек қана мемлекеттік билеттерді ойнауға ғана кеңес береміз.

 

Лотереяның отаны – Қытай

Лотерея билетін адамның есін алатын құмар ойындардың біріне жатқызатындар да бар. Дегенмен, мұның о бастағы миссиясы мемлекеттің қазынасын молайтуға бағытталған. Деректерге көз салсақ, б.э.д. 1-ғасырда ең алғаш Қытайда атақты Қытай қорғанын салу кезінде пайда болған дейді. Бұл араб елдерінде де кең тарай бастағанымен, құмар ойыны ретінде Құран бұған тыйым салған. Рим империясының тұсында дами бастаған. Петр 1 де аристократтар арасында лотерея ойнатуды енгізген; ол кезде түрлі костюмдер, әшекейлер мен ыдыстар ойнатылған. 1914 жылдары техникалар ойнатылған.

1970-1990 жылдары еңбек еткен әрбір кеңес азаматына лотерея билетін алуды мәжбүрлейтін жағдайлар да, әрине, ұтыстар да тиісінше мол болған. Сол заманда біздің шағын ауылдың өзінде «Москвич» көлігін ұтып алған адамдар болғанынан хабардармыз. Сол кездерде ойнатылатын «Спортлото», «Спортпрогноз», «Спринт» деген билеттер сатылып, одан түскен қаражат «Олимпиада-80» ойынын ұйымдастыруға, сонымен бірге, Харьков, Одесса, Запорожье, Севастополь қалаларында ірі-ірі спорт нысандарын салуға жұмсалыпты. Ал 90-жылдары олжаға кенелдік деп бөркін аспанға атып қуанғандар ұтысын сол күйі ала алмай қалыпты.

 

Лудоманиядан сақтаныңыз!

Лотереяны тұрақты түрде ойнаған адамда лудомания, яғни ойынға тәуелділік ауруы пайда болады. Ұтылған кезде адамның жүйке жүйесі бұзылып, ашу-ызаға жол береді. Көпшілік лотереядан ұту тек адамның өзіне ғана тән ерекшелігі дегенге күмән келтірмейді. Мысалы, біреу өмір бойы ойнайды, бірақ, өмірі ұтып көрмеген, ал кейбіреу өмірінде бірнеше рет ұтысқа ие болған. Әлемде бірнеше рет үлкен ұтыс алған адамдар бар. Ал джек пот ұтқан адамдардың сәтті жұлдыз астында дүниеге келгеніне сенбеу мүмкін еместей.

Жалпы, ұтысқа қатысты ырымдар да жетерлік. Дегенмен, білгіштер сандар комбинациясын тізген кезде әжеңнің не өзіңнің туған күніңді немесе әлдебір геометриялық фигура бойынша белгілеу ақымақтық деп түсінеді. Ұтысқа қол жеткізу үшін ықтималдық теориясы мен математикалық статистиканы меңгерсе жетіп жатыр деп есептейтіндер де баршылық. Осы күні интернетте мол ұтысқа ие болудың тәсілдерін үйретем дейтін сайттар да көп. Тіпті, табыс шақыратын «дұғалар» да бар екен. Кейбір парапсихологтар ақша, табыс деген ерекше магияға ие болғандықтан, өзге әлемнің, тылсым күштердің көмегіне жүгіну керек деген пікірде. Бірақ, ескертеміз, бұл өте қауіпті, ұтыс алам деп жүріп сайтандармен, жындармен «келісім-шартқа отырып», өмір бойы азап шегіп жүрмесіңізге кім кепіл бола алады?.. Өйткені, алда не болатынын біле алатын жындар қай билеттің ұтысты екенін білуі де мүмкін ғой.

 

Сорға шыққан «олжалар»

Дегенмен, аяқ астынан билетіңіз мол ақша ұтты делік. Не істер едіңіз? Осы сауалды бірнеше адамға қойып көрдік. «О, шіркін!» десті бірауыздан олар. Астанада екі бөлмелі пәтерді 160 мың теңгеге жалдап тұрып жатқан бірі бірден баспана алатынын айтты, жеке фирмада жұмыс істеймін деп зорығып демалысты ұмытқан бірі шетелге саяхатқа шығатынын, бірі несиесін өтеп, қалған ақшасына қымбат көлік сатып алатынын…

Қысқасы, егер лотереядан мол ақша ұтып алса, одан артық бақыт жоқ секілді. Өмірдің бар мәні ақша сияқты ма… Ал, расында солай ма? Интернетті шарладық. 16 жасында 3 миллион доллар ұтып алған Кэлли Роджерс бар ақшасын шоппингке, пластикалық операцияға жұмсап, ең соңында қайыр сұрап кеткен. 1986 жылы 5,4 миллион доллар ұтқан Эвелин Адамс құмар ойындардың артына түскені сондай, бүгінде қаңғыбастар тұратын уақытша мекенде өмір сүріп жатқан көрінеді. Билли Боб Харелл де бақытты болмаған. 315 миллион доллар ұтқан Эндрю Джексон – бұған дейін тасы өрге домалаған бизнесмен, ұтыстан соң есірткіге салынып, ақыры өмірі азаппен аяқталған. Бұлар ақшаның буына шыдай алмаған, өздері байлықты емес, байлыққа өздерін билеткен әлсіз адамдар ма, әлде ғайыптан пайда болған ақшаның ақыры осылай бола ма, ойландырады…

Жадыра Шамұратова

Сондай-ақ, оқыңыз

Әділет полковнигі Ғанибек ОТАРБАЕВ: Тәрбиенің тәлімді жолы – еңбекпен қамту

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз еткенде мұндағы ғимараттардың құрылыс-жөндеу …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған