Басқы бет / «Сақшы» газеті / Маңызды сұхбат / Астана мәртебесі айрықша жүк артады

Астана мәртебесі айрықша жүк артады

Полиция полковнигі Жанболат ОЛЖАБАЕВ:

 Астана елордалық мәртебесін алған алғашқы күннен бастап-ақ оның құқық қорғау органдарына айрықша көңіл бөлініп келеді. Астана полициясы ерекше бедерленіп, оның жеке құрамдары мен техникалық құрал-жабдықтары үздіксіз жетілдірілу үстінде. Озық үлгідегі арнайы автокөліктердің орны бөлек әңгіме.

Ал осының бәріне басшылық жасап, оны іске асыратын адам факторының үлес салмағы тіптен басқа. Мұнда таяуда ғана құрылғанына 25 жыл болған Қазақстан полициясымен бірге дүниеге келген Астананың ішкі істер органдарына республиканың ең озық деген кадрлары тартылды. Олар жаңа құрылған елорданың күрмеуі көп тіршілігін алаңсыз қамтамасыз етуге жұмылды, өз білім-біліктерін арнады. Соның бірі – «Құрмет» орденінің иегері, Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Олжабаев.

Міне, зымыран уақыт зырғып өтіп бара жатыр. Кеше ғана барша қазақстандықтар тағатсыздана күтіп, дүйім жұрт көз тіккен ЭКСПО-2017 көрмесінің де белгіленген межесі өрмек жүзінен ауды. Оны келіп қызықтаушылар қатары сейілер емес. Қайта арта түскендей. Біз осы бір тарихи сәттер тұсында Жанболат Олжабаевпен тілдескен едік.

 

Врезка: Жанболат Құспанұлы Олжабаев – 1961 жылы 24 қаңтарда бұрынғы Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Егізкөл ауылында туған. 1983 жылы Қарағанды жоғарғы милиция мектебін заңгер мамандығы бойынша бітірген. 1983-1985 жылдары Гурьев қалалық ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, 1985 жылы Гурьев қалалық ІІБ қылмысты іздестіру бөлімі бастығының орынбасары, 1987 жылы осы бөлімнің бастығы болып тағайындалды.

1990 жылы Атырау облыстық ІІБ кезекші бөлімі бастығының орынбасары, 1993 жылы Атырау облыстық ІІБ жанындағы бопсалау және рэкетпен күрес бойынша ауданаралық бөлімінің бастығы, Мақат аудандық ІІБ бастығы. 1997 жылы Атырау облыстық ІІД бастығының орынбасары, 2008 жылы Атырау облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары. 2010 жылы ІІМ Ұлттық «Интерпол» орталық бюросының бастығы.

2010 жылдан осы күнге дейін Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары. «Құрмет» орденінің иегері, 15 медаль және алғыс хаттармен марапатталған. ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.

 

Жанболат Құспанұлы, өмірбаяныңызға көз салсам, бір жылдың «төлі» екенбіз. Тәжірибеңізге назар қойсам, өзіміз таңдап алған мамандығымыз бойынша қызмет атқарғанымыз 35 жылға жуықтапты. Соған қарағанда, дүниеге түсінік қалпымыз да алыстап кетпеген болуы керек. Сонымен, әңгімені елорданың бүгінгі ахуалынан бастасақ…

Астананың криминогендік жағдайы жайында айтар болсам, тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда, айырмашылық – жер мен көктей. Бастапқы жылдар шын мәнінде ішкі істер саласы қызметкерлері үшін ауыр болды. Олардың әлеуметтік қамтылуын былай қойғанда, қызметтік жағдайларының өзі, жұмсартып айтқанда, мәз емес еді. Бірақ, Елбасының көрегендігі мен құқық қорғау органдары басшыларының шапшаң да батыл шешімдерінің арқасында күштік құрылымдар санаулы-ақ уақытта аяғынан тік тұрды. Қазір нық тұр. Ол кездерде Астанада болмасам да, жағдайға жақсы қанықпын. Өйткені, еліміздің барлық аймағында ахуал бірдей еді.

Қарағанды жоғарғы милиция мектебін 1983 жылы тәмамдаған соң, Гурьев облыстық ішкі істер басқармасынан еңбек жолымды бастаған маған алғашқы 5-6 жыл жаймашуақ болғанымен, сын сәттер алда тұрған еді. 90-жылдар да келіп жетті. Үлкен одақ ыдырап, бейберекетсіздік белең алған тұста жат элементтер бой көрсетіп, қоғам дамуына едәуір кедергі келтіріп бақты. Рэкет деген өршіді. Олармен толық мәнінде күресу жас тәуелсіз мемлекеттің тәртіп сақшылары үшін оңайға соққан жоқ. Соның арасында біз де болдық. 1993 жылы Атырау облыстық ІІБ жанындағы бопсалау және рэкетпен күрес бойынша ауданаралық қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы ретінде соның бел ортасында жүрдім. Сол кездегі еңбегімізді көз алдыма әкелсем, кейде қанағаттанғандық сезім пайда болады.

Ал Астана қашан да Елбасының өзінің тікелей бақылауында. Президент тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ елордалық тәртіп сақшыларының алдына үлкен міндеттер қойды. Қазір соның жемісін көріп келеміз. Ел, үлкен шаһар болғасын, ірілі-ұсақты қылмыстардың болып тұратыны рас. Біздің міндетіміз – оларды ауыздықтау және алдын алу.

– «Қылмыстың алдын алу» дедіңіз. Шынында да қылмысқа жол беріп, одан кейін қылмыскерді жазалағаннан гөрі соның жолын кескен жөн ғой?

Әрине! Елбасының алдымызға қойып отырған талабының өзі сол. Барлық білім-білік пен мүмкіндіктердің бәрін соған жұмылдыруымыз қажет. Оның жолдары жетерлік. Көшелер мен аулалардағы тәртіпсіздіктер мен бұзақылықтарды алайық, көп жағдайда бұл жерлер полиция қызметкерлерінің назарынан қалтарыста қалып қояды. Оның тиімді жолы – ертеректе жүзеге асырылған «ерікті халық жасағы» атты қоғамдық көмекшілер жүйесін қайта жандандыру. Олардың кезінде тәртіп сақшыларына зор қолғабыс тигізгенін екі ғасырды көру бақыты бұйырған ұрпақ жақсы біледі. Ал оларды ынталандыру бағытындағы кезекті демалысына күндер қосып беру сияқты шаралар өз жемісін бергенін жасыра алмаймыз. Мұндай ерікті көмекшілер үшін жеңілдіктердің міндетті заңмен бекітілгені жөн.

Жасақтар шығаруға келсек, еліміздің бас қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етуге қаладағы ірі компаниялар мен мекеме-ұйымдар қызметкерлері жеткілікті. Оған студенттер қауымын қосыңыз. Мұндай құқық бұзушылықтардың бетін қайтаруға халықтың белсенді араласуы полицейлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды, осынау қоғамдық міндеттер жүктеу арқылы азаматтардың санасын оятуға ықпал етер еді.

– Қылмысты ірі-ұсақ деп бөліп қарауға болмас бәлкім, үлкен қылмыстардың өзі ашылмай кеткен майда қылмыстардан тамыр алып жатады емес пе? Әлде, мен қателесемін бе? Мысалы, қалта ұрылары…

Оныңыз рас. Ұсақ қылмыс – болашақ ауыр қылмыстардың басы. Мәселен, ұрылар қоғамдық көлік ішінде немесе басқа да қоғамдық орындарда жасайтын ұрлығын ермек үшін емес, материалдық жағдайларын арттыру үшін мақсатты түрде істейді ғой. Олар ұсталмай, жазасыз кеткен сайын бірден баю үшін үлкен қылмыстар туралы ойлай бастайды. Оның арты адам өлтіру, банктер тонау, бопсалау, тағы басқа да адамға қасірет әкелетін қылмыстар жасауға апарады.

Әңгімеміздің ауаны Астананың криминогендік жағдайы, оның ішінде түрлі дәрежедегі ұрлықтарға ауған соң, мынадай деректерді айтпай кетуге болмас. Елордада жыл сайын халық санының өсуі және толассыз көші-қонға қарамастан, қылмыстарды ашу жақсаруда.

ІІМ бұйрығымен бекітілген бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету бойынша бағдарламаны орындау үшін 75 алдын алу шарасы белгіленді. Аталған қылмыстың үлес салмағының жоғары болуына байланысты, бұл мәселе ІІМ, ІІД, әкімдік пен қала прокуратурасында талқыға түсті. Сараптамаға сәйкес, жасалынатын қылмыстың 98,9 пайызы төменгі деңгейлі және орташа ауыр қылмыстар болып келеді. Ұрлықтың көп бөлігін автокөліктерден ұрлау (1243), қалта ұрлығы (1249), пәтер тонаушылық (1087) құрайды. Негізінде, автокөліктерден ұрлық кешкі және түнгі уақытта үйлер мен көшелерде, қалта ұрлықтары күндізгі уақытта халық көп жиналатын жерлерде: сауда орталықтарында, базарларда, қоғамдық көліктерде, пәтер тонаушылық көбінесе күндізгі уақытта пәтер иелері жұмыста болғанда жасалады.

Осы жағдайды жан-жақты қарастырып, автокөліктерде жасалатын қылмыстар санын төмендету мақсатында 12 «Барс» мобильдік тобы құрылды. Топтың құрамына жедел бөлініс қызметкері, жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен жол-патрульдік полициясы қызметкерлері кіреді. Олар жұма, сенбі және жексенбі күндері аталмыш қылмыстар жасалынатын барлық орындарда бақылау рейдтерін жүргізеді. Оған қоса, 25 экипаждан құралған қосымша топтар да алдын алу шараларын өткізеді.

Қалта ұрлықтарымен күресуде, әсіресе, халық көп жиналатын орындарда аталмыш мекемелердің қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, тұрақты түрде қалта ұрыларын қылмыс жасау үстінде ұстауға бағытталған шаралар өткіземіз. Әр күні кіші жедел уәкілдердің қатысуымен қылмыс жасалатын аудандарда азаматтардың арыздарына шұғыл әрекет ету мақсатында жергілікті алдын алу шаралары өтеді.

Осы жерде бір айта кетерлігі, қалта ұрлығы орташа жеңіл қылмысқа жатты да, ұрыларды айғақсыздықпен босатып жіберіп отырдық. Осы жылы Бас прокурордың «ұрының табанының астынан өрт шығуы керек» деген сөзінен кейін оларды қамай бастадық. Жазаны сезінгеннен кейін олар Астанадан қашып кетті. Бұрын автобустарда әмияндарынан айырылып, зар жылап қалатын адамдар қазір жоқтың қасы. 6 айда 38 қалта ұрысын темір торға тоғыттық. 320 автобусқа бейнебақылау камерасын орнаттық. Жыл соңына дейін барлық қоғамдық көлікке камера қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл – қылмыстың алдын алу шарасы. Бүгінде біздің үздік көмекшіміз болып саналып отырған осы бейнекамералар. Оларды үздіксіз бақылап отырған біздің қызметкерлер жедел түрде қылмыстың алдын алуға мүмкіндік алады. Сондықтан да қаладағы 90 ойын-сауық орталығы мен сауда үйлерінде, 18 базарда біздің бастамамен қосымша бейнекамералар орнатылды.

– Астанада ең криминогенді аумақ болып қай жерлер есептеледі?

Біз негізінен «оң жағалау» аталып жүрген бұрынғы ескі қала, Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабы, Астана вокзалы маңы, Лесозавод аумағына көп көңіл бөлеміз. Бұл жерлерде негізінен пәтер, автокөлік ұрлықтары болады. Осы орайда, биылғы жарты жылдықта 74 қылмыстық топ құрықталды. Бұл – тағы да соңғы техникалық құрылымдар арқылы алдын алу шарасының нәтижесі. 31 мың 725 пәтердің иесімен келісімшарт арқылы оларға дабылқаққыш қойдық. Оның үстіне, рұқсатты қаруды қоятын сейфтерге де дабылқаққыш қойдыртып жатырмыз.

Алдын алу шараларын күшейту мақсатында Астана қаласының әкімдігіне бірқатар ұсыныстар жасап отырмыз. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үй кешендерін тапсыру барысында кіреберістер мен аулаларда бейнекамералар қойылуын талап ету, сондай-ақ, қабылдап алу комиссиясы құрамына қауіпсіздік шаралары бойынша өз ұсыныстарын айтатын ішкі істер департаментінің жауапты қызметкерін қосу ұсынылып отыр.

– Қаладағы әрбір тұрғын үйде пәтер иелері кооперативі жұмыс істейтіні белгілі. Осының тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қосар үлесі мен тигізер әсері бар ма?

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ПИК бүгінгі талапқа жауап бермей отыр. Олар тұрғындардан ақша жинаумен ғана айналысып, олардың басқа мұң-мұқтажын ысырып қоюда. Мысалы, кіреберістерде қажетті тазалық пен тәртіп, бастысы, онда тұратын азаматтардың жоқ кездерінде мүліктерінің сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек қой. Біз оны көре алмай отырмыз. Кіреберістерден велосипедтер, бала арбалары, электр кабельдерінің ұрланғаны туралы шағымдар жиілеп тұр. Үй ішіндегі осындай мәселелермен кім айналысуы керек? Консьерждер ұстамай ма? Сондай қызметті ұйымдастырмай ма? Ол солардың шаруасы ғой?!

Сөз орайында айтайын, 1087 ұрлықтың 95 пайызы консерьждердің жоқтығынан орын алған. Керісінше, олар бар жерде тіптен ұрлық тіркелмеген. Бұл жерде тағы айтарлығы, учаскелік полиция тіректері осындай жағдайларда үлкен қауқар көрсетіп жүр. Осыған орай, полиция пункттерінің еңбегін ескере отырып, биылдан бастап «Үздік учаскелік полиция пункті» деген вымпел тағайындадық. Оның жеңімпаздарының әрқайсысы 3 жалақы көлемінде сыйақы алады. Бұл да елеулі ынталандыру шарасы деп ұйғардық.

– Бір сөзіңізде «қазіргі уақытта 100 қызметкеріміз ЭКСПО көрмесіне қызмет көрсетіп жатыр» деп айттыңыз. Олар көрме жұмысын аяқтаған соң не істейді? Уақытша алынған қызметкерлер емес пе?

Қазіргі кезде қылмыстық іздестірудің 443 қызметкері ЭКСПО-2017 көрмесінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Сұрағыңыз орынды, «қызметкерлер ЭКСПО кезінде уақытша алынған екен» деген әңгіме жүргенін де білеміз. Жалпы, биыл жол-патрульдік қызметке 400-ден аса қосымша штат берілді. Біз мұны ІІД-ге жасалған қамқорлық деп білеміз. ЭКСПО-дағы 100 қызметкеріміз қазан айынан бастап өзімізге келіп, аудандарға бөлініп, қызметін жалғастыра береді. Ал қалғаны одан әрі де ЭКСПО аумағына қызмет ете беретін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айткен Шәмші

Сондай-ақ, оқыңыз

Парламент Мәжілісінің депутаты Самиғолла ОРАЗОВ: Парасатты полицей – өркениетті қоғамның өкілі

Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жол құрылысына баса мән бергені белгілі. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған