Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Әскери жолдың бастауында

Әскери жолдың бастауында

Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінде офицерлік жиналыс өтіп, оған Ақмола гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет капитаны Бердібек Сейдулла, әскери бөлім Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Юльсур Зарипов және әскери бөлім басшылығы мен офицерлік құрам қатысты.

Шара барысында жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, әскери бөлімге жаңа келген жас офицерлер таныстырылды.

«Бүгінгі таңда офицерлік құрам заманға сай, офицер білікті, білімді әрі өз ісінің шебері болуы тиіс. Ұлттық ұлан офицерлерінің бойында осындай қасиеттер бар. Десе де, жеке құрамды басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін жас офицер табанды еңбек етіп, кәсіби біліктілігін күннен-күнге арттыруы керек. «Үлкендік – адам ішінен өз-өзін бағалы есеп қылмақ» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, әр жас лейтенант өзінен есеп алып, жеке құрамға үлгі болуы тиіс», – деді өз сөзінде әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Тимур Рахимов.

Бұдан соң бөлімнің бас тәлімгері ортаға 2017 жылы әскери оқу орнын бітірген лейтенанттарды шақырды. Парадтық киім киген жас сардарлар нық қадаммен офицерлер құрамының алдына шықты. Олар өздерін қысқаша таныстырып, әскери қызметті мінсіз атқаруға және Отанды қорғау ісіне адал болуға, ел сенімін ақтауға серт берді.

Айта кету керек, әскери ұжымға жаңа қосылған офицерлер – еліміздің және Ресей Федерациясы жоғары әскери орындарының түлектері. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Юльсур Зарипов офицерлік жиналыстың мәнін түсіндіріп, әскери жолда алғашқы қадамдарын бастаған лейтенанттарға сәттілік тіледі.

«Офицерлік құрамға жас лейтенанттарды ресми таныстыру – әскеріміздің бұрыннан келе жатқан игі дәстүрі. Біздің замандастар 30 жылдан астам уақытты Отанға қызмет етуге арнаған. Сонау 90-жылдары қиыннан қиыстыра жол тауып, жеке құрамды қиыншылықтан алып шыққанбыз. Енді, міне, заманымыз түзелгенде Сіздердің кездеріңіз келді. Еңбектен қашпай, Отанға бар жандарыңызды салып қызмет атқарыңыздар. Сонда офицерлік өмірлеріңізде барлығы жақсы болатынын білемін», – деді көнекөз қария.

Шара соңында офицерлер құрамы әскери жолдың бастауында тұрған лейтенанттар Ж. Әріпов, С. Бердібаев, А. Кондратьев, А. Куленов, О. Жақсылықовтарға тәлімгер офицерлер бекітілді.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Үш тілге жетік полицей

10 тамызда Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Тіл шебері – 2017» облыстық байқауында Ақтөбе …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған