Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / ҰБТ: кім ұтылды, кім ұтты?

ҰБТ: кім ұтылды, кім ұтты?

«Алтын белгi» иегерлерi грантсыз қалмайды. Оларды гранттармен жоғары оқу орындары, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Денсаулық сақтау министрлiгi қамтамасыз етедi. Бұл туралы ОКҚ брифингi барысында БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінiң директоры Гүлзат Көбенова айтты.

«Биылғы бiлiм гранттары талапкерлердiң таңдаған мамандықтарына сәйкес, ҰБТ-да жинаған балдары бойынша, сондай-ақ, заңнамада бекiтiлiп, жеңiлдiк беретiн ауыл квоталары мен басқа да категориялар бойынша бөлiндi. Грант иегерлерiнiң толықтырылған тiзiмi «Алтын белгi» иегерлерiне берiлетiн басымдықсыз жасалды», – дедi Г. Көбенова.

Департамент басшысының айтуынша, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, «Алтын белгi» иегерлерiне бiлiм гранттары тиесiлi. Сондықтан республикалық комиссия бұл санаттағы талапкерлердi гранттармен университеттердiң, сондай-ақ, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Денсаулық сақтау министрлiгi қаражаты есебiнен қамтамасыз ету туралы шешiмге келдi. Нәтижесiнде, гранттар тiзiмi 3,5 пайызға немесе 1487 грантқа артты.

Гүлзат Көбенова айтып кеткендей, Бiлiм және ғылым министрлiгi келесi аптадан бастап түлектерi «Алтын белгi» иеленiп, Ұлттық бiрыңғай тестiлеуде төмен нәтиже көрсеткен мектептердi тексермек. Тексерiс барысында құжаттарды бұрмалау фактiлерi анықталған жағдайда, мектеп басшылығына қатаң шара қолданылмақ.

«Бұл тексерiстердiң түлектерге еш әсерi болмайды. Алайда, белгiнi тағайындау барысында құжаттарды бұрмалау фактiлерi анықталған жағдайда мектеп басшылығына қатаң шаралар қолданылады», – дедi Көбенова. Оның айтуынша, биыл «Алтын белгi» иегерлерi арасында 120-140 балды 1200 бала жинады. Түлектердiң 75-80 пайызы, яғни 2 мыңға жуығы 100-120 балға қол жеткiздi. Ал қалғандары 100-ден төмен балл жинады. Ең төменгi балл болса, 52-58 аралығын құрады.

Естеріңізге сала кетсек, елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы балл жинап тұрып, оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге, оның ішінде «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты шу шыққан болатын. Жағдайды ушықтырмас үшін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сондай талапкерлердің ата-аналарымен де кездескен еді. Наразы топпен жүздескен министр: «Әрбір арыз-шағым жеке қаралады», – деп сөз берді.

Айта кетейік, биылғы оқу жылына 37 932 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Ал республика бойынша ҰБТ-ға қатысу үшін 86 999 мектеп бітіруші өтініш берген, ол жалпы мектеп бітірушілердің 71,85%-ын құрайды. Оның ішінде: қазақ тілінде – 63 025 (75,63%), орыс тілінде – 23 974 (63,49%). ҰБТ-ға қатысуға өтініш бергендердің ішінен 84 079 мектеп бітіруші тестілеуге қатысты. Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 38 мектеп бітірушінің тест нәтижесі жойылды.

Сондай-ақ, оқыңыз

Антқа адал, міндетке мінсіз ардагер

Бүгінгі күні ішкі істер органдары саласында қызметіне қалтқысыз берілгендердің қатары көп. Тәуелсіз елдің осындай тарландарын …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған